Осыдан 5 жыл бұрын белгілі кәсіпкер, косметика индустриясы маманы Гүлшаш Әубәкірқызы Алматыда тұңғыш рет отандық «AG cosmetics» өнімдерін таныстырды. Бұл өнімдердің басты ерекшелігі – тек табиғи қоспалардан тұрады. Бастапқыда 12 түрлі косметикалық өнім шығарса, қазір оның саны 15-тен асты.
Ұлттық статистика бюросы дерегінше, 2023 жылы елге 6,1 тонна косметика өнімі жеткізілген. Нарықтың бұл сегментінде Қытай, Испания, Франциядан келген өнімдердің бәсі басым. Гүлшаштың айтуынша, нарықтың осы сегментіндегі өнімнің сапасы жоғары, сақтау мерзімі шектеулі, құрамы бақылауға алынған. Құрамы тұтынушылардың жас ерекшелігі мен талғамына қарай жетілдіріліп отырады.
Алғашқы жылдары Шымкенттегі кәсіпорындардың бірінің кішкентай бұрышын жалға алып, бизнесін бастаған. Шикізат импорттайды. Кейін дайын өнімдерді құтыға құятын қосымша жүйе ашты. 2020-2021 жылдары сәл саябырсып қалған бизнеске 2022 жылдан бастап қайта қан жүгірді. Енді Алматыдағы индустриялық аймақтан кеңсе алып, өндірістің екінші желісін іске қосуды жоспарлап жүр. Мұнда «AG cosmetics» кремдерінің құтысы дайындалады.
Кейіпкеріміздің сөзінше, нарықтың талғамы бренд өнімдерге басымдық беріп тұр. Әйгілі компаниялар жыл сайын миллиардтаған долларды тек жарнамаға жұмсайды. 1909 жылы жартығасырлық тарихы бар «L’Oréal» сұлулық саласында зерттеулер жүргізіп, жаңалықтар ашты. 1909 жылы Эжен Шуэллер негізін қалған шағын компания 125 жыл әлемдегі ең ірі косметика өнімдерін шығаратын топқа айналды.
«Косметика нарығында отандық өнім өндірушілердің үлесі аз. Себебі бір өнімді айналымға шығару үшін косметика медицинасынан бастап технологтеріне дейін тұтас команда жұмыс істейді. Олардың бірі өнімнің теріге әсерін зерттесе, екіншісі нарық көзін іздейді. Ғасырлық тарихы бар косметикалық өнімдердің бастапқы құрамы 100 пайыз өзгерсе де әу бастағы атауын сақтап қалады. Себебі әлем тауардың сапасына емес, бренд атауына назар аударады», дейді Гүлшаш.
Айтуынша, жасөспірімдер ғана емес, орта, аға буын арасында онкологиялық тері дертінің асқынып кетуіне медициналық сараптамадан өтпеген дүниелер әсер етіп жатыр.
«Бізге косметикалық сауаттылық деңгейін көтеретін кез келді. Әр ата-ана балаларына сапалы өнімдер қолдануды жас күнінен қалыптастыру керек. Құны арзан кремдердің құрамына ешкім кепілдік бере алмайды», дейді.
«Косметика индустриясын дамыту – адамгершілік құндылықтардың қалай өзгергенінің көрінісі. Қытай ғаламдары гармондардың орнын алмастыруға бағытталған санғасырлық терапиясын медицина ғылымы енді қолдана бастады. Қазіргі заманғы ғылыми тәсілді қалыптастырғаннан кейін де, ғалымдар көне Мысыр мен басқа да ежелгі өркениеттерден келген косметика жасау рецептілеріне жиі жүгінеді. Айта кету керек, қазіргі бренд өнімдердің түпнұсқасы орта ғасырлардағы тәжірибелерден нәр алып жатыр. Біздің аналарымыз денесін бие сүтімен әрлендірген. Қазір бет күтіміне арналған кремдердің құрамында бие сүті элементтері бар», дейді кейіпкеріміз.
Ел ішінде ботокс, пластикалық отаның құрбанына айналған замандастарымыз жайлы да аз айтылып жүрген жоқ.
«Сән әлемі индустриясы өкілі ретінде табиғи сұлулықты қалаймын. Адамның жаратылысы табиғат тәрізді көктем, жаз, күз, қыстан тұрады. Әр жастың өз сұлулығы бар. Тіпті бесіктегі сәбиге де күтім керек. Бет күтімі – ағзадағы өзгерістердің барометрі. Әр әжім – адам ағзасының барометрі. Дені саудың жаны сау деп бекер айтпаған. Қазір косметикалық медицина ботокс пен пластикалық операцияға емес, әдемі қартаюға мүмкіндік беретін дәрумендердің көзін іздеп жатыр», дейді.
Оның ендігі арманы – замандастарымызға қажетті опа-далаптарды барынша оңтайландыру. Адамдар күндізгі уақытта барынша жеңіл, сұйық крем, ал түнгі уақытта майлы, ауыр жағылатын кремге басымдық береді. Гүлшаштың айтуынша, кремнің құрамы оның жеңіл-ауырлығына емес, шикізатына байланысты. Егер шикізат құрамына күндіз немесе түнгі емес, жылдың төрт мезгілінде де бірдей әсер ететін қоспа қосылса, бұл мәселе шешіледі.
«Косметика нарығының наны – шикізат. Қазір Жапония немесе Оңтүстік Кореяның косметикалық медицинасы осы мәселені зерттеп, өндіріске қосты. Айналымға шықса, индустрияға серпіліс әкелетіні сөзсіз. Бірақ әзірге олар шикізат құрамын ашуға дайын емес. Жапонияда тағылымдамадан өтіп, жаңалығын елге алып келгім келеді. Сұлулық әлемін пластикалық ота немесе ботокске деген тәуелділіктен құтқарып, әдемі қартаюға мүмкіндік беретін кремдермен толықтырғым келеді», дейді Гүлшаш.
«AG cosmetics» өнімдері сырттан келген арзан тауарлармен баға жағынан бәсекеге түсе алмайды. Бірақ сұраныс бар.
«Қара базарларда сатылмаса да еліміздегі, Қырғызстандағы сән салондарынан тапсырыс аламын. Сұлулығының құнын білетіндер тапсырыспен алдырады. Нарықтағы орнымды сақтап қалу үшін кей кезде баға жағынан шегініс жасауға тура келеді. Тәуелсіздік тарихында «AG cosmetics» өнімдері арқылы өз атыммен қалғым келеді, әулетіміздің бизнес тарихында бұл бағыт үзіліп қалмаса екен деймін», дейді Гүлшаш Әубәкір.
АЛМАТЫ