• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Оқиға 18 Қазан, 2024

Оралда мұғалімдерге 42 млн теңге жалақы артық төленген

79 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласындағы Серебряков орта мектебінің әкімшілігі мектептің 75 педагогынан бюджеттен артық төленген 42 млн теңге көлеміндегі жалақыны өндіріп алу туралы сотқа талап арыз жолдаған, деп хабарлайды Egemen.kz Жоғарғы Соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айта кетейік, талап қою кезінде мемлекеттік аудиттің қорытындысы негізге алынған. Тергеу органымен мектептің бас бухгалтеріне қатысты қылмыстық іс қозғалып, Орал қалалық сотының шешімімен ол кінәлі деп танылып, жаза тағайындалған.

«Қылмыстық іс аясында мектепке жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесінде 2021-2022 жылдары 75 педагогқа жалақы бойынша 42 млн теңге көлемінде артық төлемдер негізсіз аударылған, сөйтіп, қаржылық құқық бұзушылық анықталып, дебиторлық қарыз есептелген», делінген сот хабарламасында.

Алайда, сотта мектеп әкімшілігінің өкілдері педагогтардың қандай да бір құқыққа қарсы әрекеттер жасағанын, соның салдарынан оларға артық қаражат аударылғанын дәлелдейтін дәлелдемелерді ұсына алмаған. Осыған байланысты №2 Орал қалалық соты мектептің талап қоюын қанағаттандырусыз қалдырған. Сонымен қатар сот жұмысқа немқұрайлы қарау немесе бухгалтерлік қателік болмаған жағдайда еңбек және азаматтық заңнамада көрсетілгендей, артық төленген соманы қайтаруға негіз жоқ екенін атап көрсетті.

Апелляция мектеп өкілінің шағымын қанағаттандырмай, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған.