Қалаға қарасты Қарғалы ауылдық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Геолог» Мәдениет үйінің «Асыл әжелер» халықтық ән ансамблі – облысқа кеңінен танымал өнер ұжымы. Ансамбль 2008 жылы құрылып, араға бір жыл салып халықтық атаққа ие болды. Өнер ұжымының өмірге келуіне сол кездегі Қарғалы ауылының әкімі Мұхамбетқали Қазкеев, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Лескен Ізбанов және еңбек ардагері Қалфия Әмірова ұйытқы болды. Біраз ұйымдастыру жұмыстары жүргізілген соң ән салуға икемді 13 әженің басы қосылып, ансамбльдің негізі қаланды. Оған сол кезде осы ауылдағы №3 музыка мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қарагөз Сағынова қоғамдық негізде көркемдік жетекшілік етті. Ансамбль алғашқы концерттерін ауылдастарының назарына ұсынды. Қауымның көңілінен шықты. Сөйтіп, ансамбль облыстық, қалалық мәдени шараларға қатыса бастады. «Асыл әжелер» халықтық ән ансамблі облыстық, республикалық, халықаралық өнер байқаулары мен фестивальдарына қатысып, жүлдеден құр қалған кезі жоқ.
– Қазір ансамбль құрамында 60-77 жас аралығындағы 20 әже бар. Өздеріміз аудандарға шығып, концерттер беріп жүрміз. Өнердің күші сонда болар, әжелер мұндай сапарларда қанша шаршап-шалдықса да ешқашан бас тартқан емес. Биылдың өзінде облыста бірнеше концерт бердік. Екі рет Ресейдің көршілес аудандарына барып, өнер көрсетіп қайттық. Онда да жылы қабылдады. Қазақы ұлттық киімдеріміз жетерлік. Осы «Геолог» мәдениет үйінен бөлме бөлді, көркемдік жетекшімізге штат қарастырылды. Жаңа әндерді айтуға осында дайындаламыз. Қазір репертуарымызда 100-ге жуық әндер бар. Қазақтың халық әндерін, орыс, украин, татар және басқа ұлттардың әндерін де шырқаймыз. Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін үш тілде орындау үшін ағылшынша да тіл сындыруға тура келді, – дейді ансамбльдің көркемдік жетекшісі Қарагөз Сағынова бізбен әңгімесінде.
Сөйткенше болмай, кезекті дайындыққа келген асыл әжелердің алды да көріне бастады. Біз оларды да сөзге тартық.
– Кезінде Шалқар ауданының Бозой елді мекенінде газ мекемесінде лаборант болып еңбек еттім. Он бала өсіріп, тәрбиелеп, 15 немере, 4 шөбере сүйіп отырмын. Шалым өмірден озды. Мен ансамбль құрылғаннан бері қатысып келемін. Аптасына екі рет дайындыққа келеміз. Қол қусырып бос отырғаннан гөрі осылай араласып, бойымыздағы өнер арқылы кейінгі балаларға үлгі болар іс тындырудан артық бақыт бар ма? Ансамбльге ұдайы демеушілік жасап, мейрам сайын ақшалай сыйлығын ұсынып, дастарқан жаятын «Арыстанғали» шаруа қожалығының басшысы Қайырғали Арыстанғалиев баламызға алғысымыз шексіз, – дейді 71 жастағы Гүлара Шалабаева.
Ал Алмагүл Тасқожинаның ансамбль құрамына қабылданғанына екі ай ғана болыпты. Ансамбльдің дайындығына көршілес Мұғалжар орман шаруашылығынан келіп қатысады екен.
– Мені Шолпан деген апай: «Осындай ансамбль бар, барып қатыссайшы, өнерің бар ғой», деп қоярда-қоймай көндірді. Шалқарда көп жыл ұстаз болдым. Көркемөнерпаздар үйірмелеріне қатысатынмын, 1988 жылы Алматыда өткен байқауда өнер көрсеткенім бар. Ансамбль ұжымы ұйымшыл, өнерді қадірлейтін аналар мен әжелер. Осындай ұжымға тап болғаныма қуаныштымын. Зейнеткермін деп қарап отырғанша, өнеріңмен өзгелерге қызмет еткенге не жетсін, – дейді ол.
Ансамбль мүшелері айлық алмайды, араласып жүргендеріне, өнерлері халық кәдесіне жарағанына, өзара кездескендеріне дән риза.
Облыс көлемінде әнсүйер қауымға көзайым болып келе жатқан «Асыл әжелер» халықтық ән ансамблін енді еліміз ғана емес, алыс шетелдер де танитын болады десек, артық айтқандық бола қоймас. Оған Астанада Қазақстан мен Испания бірлесіп өткізген «Фиесталония Қазақстан» халықаралық конкурсында «Асыл әжелер» ансамблінің вокал номинациясы бойынша бірінші орын иеленіп, дипломмен және ескерткіш сыйлықпен марапатталуы дер едік. Бұл конкурсқа Қазақстан мен Испаниядан басқа, Ресейден, Италиядан, сондай-ақ, Франциядан барлығы 800 өнер ұжымы қатысқан. Вокал номинациясы бойынша жас ерекшеліктеріне қарай 87 өнер ұжымы сынға түскен.
– Біздің ансамбль бұл конкурсқа жан-жақты дайындалды. Арнайы киім тіктірдік. Астанаға бару үшін қаржы жағынан қиындық та кездесті. Алайда, тағы да «Арыстанғали» шаруа қожалығының басшысы Қайырғали Арыстанғалиев қолдау көрсетті. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме қазақ, сол кісінің меценаттығын көптен бері көріп келе жатқанымызды айрықша айтқым келеді. Ал конкурсқа келсек, біз вокал номинациясы бойынша Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған Нұрғиса Тілендиевтің «Жағадағы ару қыз» әнін төрт дауыста орындадық, Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әнін екі дауыста шырқадық. Нәтижесінде ересектер арасындағы вокал номинациясы бойынша бірінші орынды иелендік. Қазылар киген ұлттық киімімізді, әжелердің ән айту шеберлігін, өздерін сахнада ұстау мәдениетін өте жоғары бағалады, – дейді Қарагөз Сағынова.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.