Қызылордадан Қызылжарға «Сыр өңіріндегі ислам руханияты» атты облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрмесі келіп, ол қаланың «Ислам мәдениеті» музейіне қойылып, облыс халқы мен қонақтарының рухани азығына айналды. Көрме бір ай бойы тұрады.
Қызылордалықтардың Қызылжар өңіріне назар аударуы тегін емес. ХVІІІ-ХІХ ғасырда өмір сүріп, орыс патшасының Арқадағы отарлау саясатына және отаршылардың жаппай шоқындыруды бетке ұстап, христиан дінін радикалды әдіспен таратуды қолға алған істеріне ашық қарсы шыққан ислам қайраткері, терең білімді ұстаз, халық әулие атандырған Марал ишанның Солтүстік Қазақстан жерінде туып, артынан Қызылорда өңіріне қоныс аударып, мешіт, медреселер тұрғызып, білім мен дін таратып, осы өңірдегі Қармақшы ауданының жерінде 73 жасында өмірден өткен. Марал ишан есімі кезінде исі Қазақ даласына кеңінен тараған. Әсіресе аңызға бергісіз емшілік қасиеттерін халық жақсы білген.
Марал ишан ислам дінінің ғылым орталығы Бұхарада Жалаңаяқ ишанның медресесінде 10 жыл оқып, терең діни білім және дәрігерлік ілім алған. Содан кейін туған жеріне оралып, халықты дінге, мәдениетке, білімге, тәртіпке үндеп, көзін ашқан, өлшеусіз қызмет еткен, бірнеше медресе, мешіт салдырған. Сонымен бірге Құранның құдіретімен тәуіптік жасап, мыңдаған адамды науқасынан жазып, аты шыққан. Халық әулие таныған.
Осы күні христиандық Петр мен Павел сияқты апостолдардың, «Николай угодник», «архангел Михаил» сияқты дін қайраткерлерінің атына, сондай-ақ христиандық діни мерекелер мен құлшылық: «Покров», «Спасс», «Святодухов», «Никольск», «Боголюбов», «Богоявленка», т.б. атаулар орыс патшалығының құрығы ұзарған сайын еліміздің солтүстігі, батысы мен шығысында неге көбейіп кеткенін халық біле бермейді. Бұлардың бәрі – христиан дінін халық санасына күштеп қондырудың жолдары. Кеңес өкіметі орнағанда большевиктер оны халыққа басқаша түсіндіріп, «Михайловка», «Николаевка», «Петровка», т.б. орыстардың тектері, осы аттас шаруалар бұл селоларды тұрғызған деп соқты. Мұның күштеп шоқындырудың әдісі екені ауызға алынбады.
Ал Марал ишан осы әдістің сырын бірден ұғып, алдымен оны тоқтатуды, қазақтың жетім балаларын жинап шоқындырмауды өтініп, жергілікті орыс билігіне хаттар жазған. Алайда патшалық оның өтініштеріне құлақ аспады, сондықтан ол қарулы қарсылық білдіруге мәжбүр болған. Күш тең болмаған соң амалсыз, жоғарыда айтқанымыздай, оңтүстікке қоныс аударды. Өмірінің соңына дейін ол қазіргі Қызылорда облысында халықты діни тұрғыдан сауаттандырып, мешіт, медреселер ашып, сабақ берген. Кенесарының азаттық күресін қолдаған. Халықты өзін қолдауға шақырған. Былтыр Марал ишанның Кенесарыға сыйлаған Құраны табылып, оны Мемлекет басшысы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қоюды ұсынды. Сондағы сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Кезінде Тайқазанның елге оралуын жұрт жақсы ырымға балаған еді. Көп ұзамай Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болды. Ұлт азаттығы үшін күрескен Кенесарының қолында болған Құран кітабының елге келуі де жақсы ырым деп ойлаймын. Бұл оқиға Қазақстанның жаңа дәуірінің берекелі бастауы болсын деп тілейік», деген еді.
Марал ишан Қоқан мен Хиуа хандықтарының басқыншылық әрекеттеріне де қарсы шыққан. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында Марал ишан туралы: «Патша өкіметінің отаршыл саясатына, Қоқан мен Хиуа хандықтарының жаулаушыларына қарсы қазақ рубасылары мен бас көтерер азаматтарын күресуге шақырған үнпарақтар таратты. Марал ишан туралы Т.Вамберридің «Түркі халықтарының этнографиясы мен этнологиясы» атты еңбегінде, И.Бларамбергтің «Естеліктерінде», С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат», «Аққан жұлдыз» романдарында мәліметтер келтірілген», деп жазады.
Қызылордалықтардың ислам руханиятына арналған көрмесі Солтүстік Қазақстан университетінің кең дәрісханасындағы «Марал ишан (1780-1853): өмірі мен қоғамдық, діни және саяси қызметі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға ұласты. Онда облыс әкімі Ғ.Нұрмұхамбетовтің құттықтау сөзі оқылып, «Қаһармандар» РҚҚ төрағасы Сабыр Қасымовтың, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры Зиябек Қабылдиновтің сөздері тыңдалды. Сабыр Қасымов Марал ишандай аса көрнекті дін қайраткері болғанын солтүстікқазақстандықтар мақтан тұтып, еңбегі мен өмірін терең зерттеулері керек деген ұсыныс айтты. Зиябек Қабылдинов Қазақ даласын жаппай шоқындыру әрекеті 1822 жылы хандықты жою саясатымен тікелей байланысты екенін тарихи фактілер дәлелдейтінін жеткізді.
Баяндама жасағандар арасында тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзенбайұлының сөздері барынша өтімді болды. Ол Қазақстандағы көптеген ұлт-азаттық көтерілістердің басында ислам діні қайраткерлері болғанын дәлелдеп берді. Сонымен бірге ол: «Сібір халықтары құсап «Иванов», «Петров» болып кетпегеніміз де исламның арқасы. Жаппай шоқындыру саясатына қарсы ислам қайраткерлері табанды күрес жүргізді. Соның ішіндегі атақтыларының бірі – осы Марал ишан. Оның өмірі мен қызметі туралы жазылған Сырлыбай Бүркітбаевтың 186 беттік кітабы бар. Автор Марал ишанның 1930 жылдары әлі тірі болған ұрпағы Сандыбайдан білгендерін, көзбен көргендерін жазып алған», деді.
ҚМДБ Стратегиялық даму және талдау бөлімінің меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Смайыл Сейітпеков «Сопылық жол және Марал ишан» атты баяндамасында сопылықтың қазақ даласында таралуы, оның прогрессивтік әсері, білім мен ғылымға үндеуі туралы өте жақсы әңгімеледі. Сонымен бірге ол көп халық айыра алмайтын қазірет, ишан, пір, ахун, ата, қари сияқты дін атауларының нені білдіретінін таратып берді. Қазақ даласы әуелде ишанды «ата» деп атаған көрінеді. «Шопан ата», «Бекет ата», т.б. аталар сол кезден қалған. Одан кейін көп оқыған дін қайраткерін парсы сөзі ишанмен атауға ауысқан. Ал «қари» деген құранды жатқа айта алатын адам.
Конференцияда Өзбекстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар ғылыми-зерттеу институты Қарақалпақ бөлімшесі тарих бөлімінің меңгерушісі Асқар Жұмашев, тарих ғылымдарының докторы, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ профессоры Тұрсын Хазретәлі, тағы да басқалар кеңес одағы жылдарындағы ишандардың қудалануы туралы айтты. Мазмұнды баяндама жасағандардың бірі – Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Мақсат Алпысбес болды. Ол кеңес одағы жылдарында Қазақстанға ислам дінін ХІХ ғасырда татар молдалары мен миссионерлері әкелді деген түсінік қалыптастырылғанын айта келіп, оның мүлде теріс екенін дәлелдеп берді. «Ислам діні қазаққа Алтын Орда тұсында, ХІV ғасырда берік орнаған. Ал Өзбек ханның тұсында ол мемлекеттік дін болды. Ислам еліміздің барлық өңірлерінде, соның ішінде терістікте кеңінен жайылған. Марал ишанның ұстазы Жалаңаяқ ишан Павлодар жерінде тұрған. Кейін ол туралы Сұлтанмахмұт Торайғыров жазған. Ал атақты Мәшһүр Жүсіп Қызылжардың медресесінде оқыған», деген сияқты қызықты деректер келтірді. Ал Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері Гүлнәр Мұқанова Ресей архивтері деректерінен Марал ишан туралы жазылған көптеген материалдарды жария етті.
Марал ишанның Қызылордадан, Алматыдан, Астанадан жеткен ұрпақтары мен терістіктегі ағайындары да сөйледі. Ғұламаға арналып, құран оқылып, ас берілді.
Сөйтіп, Марал ишанның жарқын бейнесі туған жеріне 171 жылдан кейін қайта оралды. Конференцияда Марал ишан есіміне облыс орталығынан бір мешіт пен көше атын беру ұсынылды.