• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Айбын 23 Қазан, 2024

Ұлттық ұланның көпбалалы анасы

109 рет
көрсетілді

Бүгінде Ұлттық ұлан қатарында қызмет етуге ниетті арулардың саны көбейіп келеді. Мәселен, Тараз қаласында орналасқан 5513 әскери бөлімінің бөлініс бастығы, кіші сержант Меруерт Чораева былтыр әкімдіктегі қызметін тас­тап, құқықтық тәртіп қатарына қосылған. Осы аз ғана уақыт ішінде әскери саланың қыр-сырын меңгеріп, егіз балаларын өмірге әкелді. Алайда бір қолымен бесік тербеткен көпбалалы ана ата-баба дәстүрін берік ұстанып, саптағы қызметіне де салғырттық танытқан емес.

Ел тәуелсіздігі жарияланатын жылы өмір есігін ашқан Меруерт Асханбекқызы Жамбыл облысының Қордай ауданына қарасты Бетқайнар ауылында мектеп табалдырығын аттайды. Шағын ғана ауылда туып-өскен оның бойында туған жерге деген сүйіспеншілік, Отанға деген махаббат адал қызмет етуден басталатыны бала күннен бас­тап санасына құйылады. Себебі әкесі адал еңбек етіп, ауыл ша­руашылығымен айналысқан. Анасы ауылдың әкімшілігінде зейнет жасына жеткенде табан аудармай қызмет етті. От­басында еңбектің наны тәтті болатынын түсініп өскен ол да бастауыш сы­нып педагогикасы мен психо­логиясы мамандығына оқуға түседі.

«Бала күнімде ауырған адам­дарға көмектесетін дәрі­гер болуды армандаушы едім. Бі­рақ үлкендердің бағыт-бағдар беруімен өмір жолымды ұс­таздыққа бұрдым. Сөйтіп мұ­ғалім мамандығын таңдап, бі­лімді ұрпақ тәрбиелеу жолын­да тәлім алдым. Бірақ менің өмірлік мақсатым сол, бір орында тұрып қалғым келмейді. Же­тістіктерге жету жолында үнемі ілгерілеуді, алға жылжу­ды қалаймын. Қоғамдағы әділ­діктің орнауы мен құқық бұзу­шылардың жауапкершілік арқа­лап, тәртіп орнатуға там­шы­дай үлесімді тигізгім келе­тінін түсіндім. Сондықтан осы салаға келдім. Әскерге дейін аудан­дық әкімшілікте де қызмет еттім», дейді ол.

Азаматтық өмірге қарағанда қызығы мен шыжығы көп, темірдей тәртіпке бағытталған бұл сала бұрымдының бойын­дағы адамгершілік қасиеттерді молайтып, жауапкершіліктің жүгі ауыр екенін түсіндірген.

«Кез келген салада қызмет етсем де, өмірлік ұстазым – ата-анам. Олардың бала күні айт­қан әрбір сөзі қиялыма қанат бітірсе, күні бүгінге дейін сол әкемнің айтқан әрбір ақылы өмірлік азығыма айналып жа­тыр. Тағдырдың әр салған сы­нағына кезіккен сайын әке сөзіне сүйеніп, әрекет етемін. Ал менің бойымдағы нәзіктік анамның үлгі-өнегесі дер едім. Сол секілді адам өміріндегі әр кезеңде әртүрлі адамды, әр­­түрлі ұстазды кездестіре ала­ды. Әскери ортаға келген­де менің бойымды тіктеп, кәсіби қабілетімді көрсетуіме демеу біл­­дірген офицерлер де жоқ емес. Оларды да өмірдің бір ке­­зеңінде ұстаздық еткен адам ретінде таныстыра аламын. Мысалы, біздің әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұ­мыс­тар жөніндегі орынбасары, подполковник Бауыржан Қансейітов – темірдей тәртіп орныққан ортада қалай қызмет атқару керектігін үйретуден жалықпаған жан. Оның мол тәжірибесі мен қол астындағы әр қаруласына деген жанашырлығы әскери қызметшінің кәсіби білік­тілігін көрсетуге дем береді», деп ағынан жарылды ол.

Қазір Ұлттық ұланның әс­кери бөліміне кітапханашы болып тағайындалған ол «жаныма жақын кәсіби ортамды тапқандай болдым» дейді. Оның күнделікті жұмысына сарбаздармен еркін сұхбат жүргізу, өнерлерін шыңдап, өздерінің шығармашылық қабілеттерін дамытуға атсалысу кіреді. Біле білген адамға адам бойында­ғы қабілетті оятып, шығар­ма­шы­лығын шыңдау – жауапты міндет.

«Олардың қызығушылық­тарын өшіріп алмай, керісін­ше дұрыс бағыт-бағдар көрсету­ді өзімнің парызым сияқты сезінемін. Сарбаздармен өте көп және қызықты іс-шаралар өткізуге тырысамыз. Біздің сарбаздар облыстық және қалалық кітапханаларда өте­тін викториналарға, мерекелік іс-шараларға жиі қатысады. Демалыс және мереке күндері бізде үнемі өнерлі сарбаздар жарысы болады. Концерт және көңілді тапқырлар сайыс­тарын ұйымдастырамыз. Қазіргі жас­тардың бойындағы жалынды өшіріп алмай, дұрыс жолды көрсетіп, дұрыс бағыт бере алсақ, олардың әрқайсысы өмір­лік жолын тауып кетеріне кү­мәнім жоқ», дейді М.Чораева.

Жұмыста сарбаздардың қабі­летін шыңдайтын ол өз отбасындағы мейірімді ана рөлін де ешқашан ұмыт қалдыр­майды. Себебі біздің кейіпкер Отанға адал қызмет етудің үлгісі отбасындағы татулықтан басталатынын айтады.

«Бес балам бар. Балаларым – байлығым. Үш ұлым және екі қызым бар. Тұңғыш ұлым 8-сыныпта оқиды. Анасының жолын қуып спорт әлемінде де бақ сынап келеді. Бокстан түрлі жарыстың жүлдегері, музыка саласында да аз-маз жетістіктері бар. Ұлымнан кейін егіз қызым дүниеге келді. Қос аруым, нәзік гүлдерім 4-сыныпта оқиды. Қол тигенде бірге кітап оқимыз, отбасы болып музыкамен шұғылданамыз. Одан кейінгі балаларым да – егіз. Кенжемнің екеуі де – ұл. Кішкентай қорғаушыларым биыл 1-сыныпқа қадам басты. Оларды да спортқа жақын ұс­тай­мын. Екеуі де каратэмен шұ­ғыл­данады. Көрсеткіштері жақ­сы, қатарластары арасында жүл­делі орын алып жүр. Ана бақы­ты деген осы екен. Өзімді ерек­ше бақытты сезінемін», дейді ол.

Жалғызілікті көпбалалы ана­ның қауырт қызметі отба­сын­дағы бала тәрбиесіне ешқандай сылтау бола алмайтыны осыны көрсетсе керек. Тіпті бес баласының өзіне тән мінез-құ­­лық­тарына дейін жақсы біле­ді екен. Сөз арасында өзін бес мемлекетпен жұмыс атқа­рып жүр­ген дипломат секілді сезінетінін айтып әзілдеп те алды.

«Балаларымнан аналық махаббатымды аямаймын. Көңілін табуға тырысып, тәрбие беру барысында дос секілді араласа­мын. Бірге ойын ойнаған кезде олардың қызық көретін кейіп­керіне де айнала салу маған түк қиын емес. Олар аналарының әскери қызмет атқаратынын біледі. Мұндай кезде олар да ересек адам секілді жауапкершілік жоғары екенін жақсы түсінеді. Күтпеген тапсырмалар мен шұ­ғыл жауынгерлік дайындық уақыт­тарында балаларым маған тү­сіністікпен қарай алады. Олар­­ды сол үшін де құрмет­тей­мін, мақтан етемін. Мен үшін әрбір минутым бағалы. Қолым қалт еткен уақытта олармен бір­­ге кітап оқып, пайдалы іспен шұ­ғыл­­­дануға уақыт табамын», дейді ол.

Қызмет пен отбасын қатар алып жүрген көпбалалы ана тұрақты спортпен айналысады екен. Қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері атанған оның аузынан бұл спорт түрінен жетістіктері де аз емес екенін байқадық. Қолы қалт ете қалса, әуелетіп ән айтқанды ұнататыны тағы бар. Салиқалы әйелдің сипатын көрсеткен кейіпкеріміздің бойындағы сенімділік пен табандылық әскери салада адал қызмет етуге көмектессе, отбасындағы тәрбиенің тізгінін берік ұстауға да септігін тигізсе керек.