• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 23 Қазан, 2024

Ұлттық құрылтай – елдік мінбері

154 рет
көрсетілді

Республика күні өткенімізге саяси баға беріп, болашағымызға нақты бағдар жасайтын мерекеге айналуға тиіс. Тәуелсіз ел болуымыздың алғашқы қадамы жасалған қасиетті күннің қадірін арттырудың төте жолы – осы. Бұл орайда саяси идеологиямызды қалыптастыратын Ұлттық құрылтайлардың міндетіне де кеңірек тоқталу қажеттігі байқалады.

Тең диалогке жол ашады

Ұлттық құрылтай мемлеке­тіміздегі шетін идеологиялық мәсе­ле­лер­ді талқылайтын бірден-бір мінберге айналды. Баяғы түркі бабаларымыздан басталып, Қазақ хандығы дәуірінде салтанат құрып, алашордашылар заманында да жалғасқан елдік мәселелерді шешетін ұлттық танымдағы ресми жиынның жаңғыруы ежелгі қазақ мемлекеттілігінің эволюциялық жолда дамып келе жатқанын көрсетеді.

Билік транзи­­тінен кейін елімізде сая­си реформалар жүргізіліп, санамызға «Әділетті Қазақстан» атты ұғым ене бастады. Ұлттық танымымыздағы құрылтай ұғымының өшпей, сақталып қалуы – бұқара мен билік арасындағы тең диалогтің баяғыдан болғанының нақты айғағы. Қазіргі саясатың басты бағыты да қоғамдағы түрлі қарым-қатынастарды қалпына келтіруді көздейді. Осы орайда «Түрлі әлеуметтік топтар мен билік арасындағы тең диалог құруға жол ашатын «Ұлттық құрылтай» атты алтын кө­пірдің мән-маңызын қоғамға жете түсін­діре алып отырмыз ба?» деген сауал өздігінен туындайды.

Бұл сауалдың жауабын Атырауда өткен ІІІ құрылтайға арнайы қонақ ретінде қатысқанымда таптым. Ке­йінгі отыз жылдықта ұлттық идео­логиямызға қатысты түрлі сын­дардың болғанын жоққа шығара алмаймыз. Ескі Қазақстан «экономикалық дамуды басты назарда ұстамақ болып», идеологиялық мәселелерді көлең­ке­де қалдырды. Мұның салдары эко­номикалық һәм рухани тұр­ғыда да тұралауымызға әкеп соқты. Уақыттың өзі екі саланың тізгінін тең ұс­тамай, алға қадам басудың мүмкін емес екенін айқындап берді.

Идеология деген – заңмен, Консти­туциямен бекітілетін құндылық емес. Мысалы, кеңестік дәуірдің идеология­сы бір партиялық жүйеге негізделді. Осылайша, кеңестік тәжірибе де тота­литарлық жүйенің іргетасын қалап, әртүрлі саяси көзқарастың дамуына, алуан түрлі пікірлердің өсіп-жетілуіне кедергі келтірді. Кеңестің аяққа тұсау салған идеологиясының соңы алып империяны ыдыратып тынды.

Бұл екі мысал, біріншіден, біздегі идеологияның жүлгесі бұқара мен билік арасындағы тең диалогке негіз салуы керегін көрсетті. Екіншіден, қоғамдағы алуан пікірлерді бір арнаға тоғыстыру мәселесі күн тәртібінде тұрғанын аң­ғартты. Үшіншіден, азаматтық қо­ғамды дамыту үшін олардың үнін жалпы жұртшылыққа естіртуге тең мүмкіндік беретін ортақ мінбердің қажет­тігі байқалды. Ол мінбердің мін­детін Ұлттық құрылтайдың атқаруы тарихи тұрғыда әділетті болары анық аңғарылды.

 

Азаматтық қоғам институттарына берілген мүмкіндік

Біреулер айтып жүргендей бізге тәуелсіздікті ешкім қолдан бере салған жоқ. Қазақ халқы саяси ұлт ретіндегі азаттығын алу жолында талай күресті бас­тан кешті. Тәуелсіздік өз аяғымен келді деу арқылы алғаш отарлықтың қамыты мойнымызға ілінген күннен бас­тап 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне дейін­гі бостандық алу жолындағы қан­шама күресті ұмыт қалдырарымыз анық.

Мемлекеттің түтіні түзу ұшуы үшін де еліміздегі азаматтық қоғамның салтанат құруына мүдделіміз. Мәселен, дамыған елдерде мемлекеттік һәм ұлт­тық идеологияны азаматтық қоғам инс­титуттары жасап береді. Яғни идео­ло­гия­лық өнімді өндірумен, таратумен, мемлекеттің сая­си бағытын айқындаумен қоғамдық ұйымдар айналысады. Бізде мұның институционалдық және құқық­тық негізі әлі күнге дейін жүйелене қоймағандықтан, ұлттық идеологияны жоқтаушылардың сын-пікірлерін де негізсіз дей алмаймыз.

Осы олқылықтың орнын толтырып, қоғамдағы түрлі пікірлерді бір ар­на­ға тоғыстырып, ұсыныстарды жи­най­­тын, талқылайтын платформа қа­жет еді. Қазір Ұлттық құрылтай сол плат­форманың бас­ты мінберіне айналып отыр. Мәселен, Атырауда өткен құрыл­тайдың отырысында Президентке жүз­ден аса ұсыным келіп түсті. Мемлекет басшысы сол ұсыныстарды қарап, тиісті органдарға тікелей тапсырма беріп отырды. Тіпті Президенттің биылғы Жолдауында да сол ұсыныстардың кей­бірі мемлекеттік саясаттың басым ба­ғыттары ретінде көрсетілуі қоғам үнінің билікке жету механизмінің іске қосылғанын көрсетті. Демек, Ұлттық құрылтайды еліміздегі азаматтық қоғам институттарына берілген мүмкіндік ретінде де қарастыруға болады деген сөз.

 

Әлеуметтік кесел һәм құқықтық мәдениет

Ұлттық құрылтай мемлекеттік идео­логия­ның іргетасын қалай бас­тағанын айттық. Ол идеологияның сар желіп кетуіне қоғамдағы әлеуметтік кеселдер кедергі келтіретіні – айдан анық дүние. Бұл орайда цифрлық қоғаммен ере келген кеселдерге де кеңірек тоқталу қажет сияқты. Себебі қазақ «елемеген бұтақ көз шығарады» дейді. Бізде идеологиялық тұрғыда қаупі жоғары ірі қылмыстармен күресуді маңызды деп санайтын қате түсінік бар. Сол себепті де көзге көріне қоймайтын ұсақ құқық бұзушыларға тіпті назар аудармаймыз.

Ұлттық құрылтайдың идеялық тұр­ғыда осы қателікті түзеуі қоғамдық санаға үлкен серпіліс әкелді. Бұл еліміздегі құқықтық мәдениеттің өркен жаюына жасалған алғашқы қадам болды. Мәселен, Мемлекет басшысы әлеуметтік кеселге айналған тоғыз түрлі құқық бұзушылыққа (тұрмыстық зорлық-зомбылық, синтетикалық есірткі, лудомания, қыз алып қашу, вейп, насыбай, вандализм, ысырапшылдық т.б.) арнайы тоқталды.

Егер осы тоғыз әлеуметтік кеселді ауыздықтай алсақ, төрт түрлі құқық­тық мә­дениетті орнықтырар едік. Олар – зорлыққа қарсы мәдениет, қоғамдық орында өзін ұстау мәде­ниеті, экологиялық мәдениет, адал еңбек мәдениеті. Бұл төрт мәде­ниеттің мемлекеттік идеологияны қа­лыптастырудағы мән-маңызын тар­қатып айта беруге болады. Мәселен, бір ғана деректі алға тартайық. Елімізде құмар ойынға шырмалып, лудомания дертінен айыға алмай жүрген 470 мыңдай азамат бар екен.

Президент бұл кеселдің жаппай таралуына елдегі адал еңбек мәдениетінің дұрыс дәріптелмеуі басты себеп бол­ғанын айтты. Бір күнде, бір мезетте байып шыға келуге деген құмарлықтың салдарымен күресу үшін оның орнын қоғамдағы еңбек адамына деген құрмет басуға тиіс. Бай болудың басты жолы табанды еңбек пен маңдай тер арқылы келетінін санаға сіңірмей құмар ойынға деген құлшынысты жоя алмаймыз. Демек, әлеуметтік кеселдің орнын жаңа құндылық басуы керек. Егер біздің идео­логия сол жарты миллионға жуық аза­мат­тың проблемасын айналып өтсе, ол идеяның болашағына да күмән­мен қарауға тура келер еді.

 

Сенімді нығайта түспек 

Ұлттық идеология бұқара мен биліктің бір-біріне деген сенімін нығайтуды бас­ты назарда ұстауға тиіс. Сондықтан да Президент Ұлттық құрылтайды халық­тың билікке, биліктің халыққа деген сенімін күшейтетін мінберге айналдыруды мақсат етіп отыр.

Қазіргі таңда жұрттың билікке деген, мемлекеттік органдарға деген сенім мәселесі ең өзекті тақырып сана­лады. Батыс ғалымдары біз айтып отыр­ған сенім жайын екі топқа бөліп қарас­тырады. Біріншісі – вертикальды сенім. Бұл жалпы халық пен билік арасындағы сенім мәселесін тікелей сипаттайтын сала. Екіншісі – горизонтальды сенім. Бұл бөлім бұқара мен әлеуметтік топ­тарының өзара бір-біріне деген сенімін нығайтуды көздеуге тиіс. Яғни сенімнің бұл түрі елімізде тұ­рып жатқан қазақ ұлты мен басқа этнос­ ­өкілдерін бір идеяға жұмылдырып, ұлтаралық қақтығыстардың болмауын қадағалайтын сипатқа ие болуы керек. Өкініштісі сол, бізде өзге этностарды былай қойып, жергілікті халық пен қандас ағайын арасындағы сенім мәселесінде де қайшылық бар екенін көріп отырмыз. Яғни Құрылтай осындай мәселелерді шешудің өркениетті жолдарын ұсынуға тиіс.

Ұлттық құрылтайдың алдында бірін­ші кезекте вертикальды сенімді ғана емес, горизонтальды сенімді де қалыптастыру міндеті тұр. Бір сөзбен айтқанда, бізде өткен құрылтайлар қоғам ішіндегі түрлі топтар мен тұлғааралық қарым-қаты­нас­тарды реттемей, жалпыға ортақ құндылықтарды басшылыққа алмай, мем­лекетте құқықтық тәртіптің салтанат құрып тұруы қиынға соғатынын дәлелдеп берді. Құрылтай бола­шақта да өз жұмысын әрі қарай сәтті жалғас­тыра беретінін байқаймыз.

Республика күні мерекесі қарса­ңында Ұлттық құрылтай идеологиямызды түзуден бөлек, біртұтас мемлекет ретіндегі рухымызды тіктеп, аумақ­тық тұтастығымызды сақтауға, елі­міз­де­гі барлық этностың мәдениеті, тілі, дәс­түр­лерін дамытып, ұлттық біре­гей­лігі­мізді нығайтуға жол ашатын жиын­ға айнал­ға­нын да сүйіншілеуге болатын секілді.

 

Қазыбек ДӘУІТӘЛІ,

заңгер