Бұл туралы Мәулен Әшімбаев бүгін Сенат отырысында қаралған Қазақстан мен Өзбекстанның экология саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді талқылау барысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырыс кезінде аталған құжаттың қазақ тіліндегі мәтінінде қателіктер кеткені белгілі болды. Сенат Төрағасы мұндай олқылыққа жол беруге болмайтынын баса айтты.
«Қазақ тіліндегі құжаттарда қателердің кездесуі бүгін пайда болған мәселе емес. Бұл проблеманы депутаттарымыз да үнемі көтеріп жүреді. Сол себепті, қазіргі таңда қазақ тіліндегі мәтіннен қате жіберіп, оны қайта түзету орынсыз», деді Палата Спикері.
Сондай-ақ ол қазіргі таңда елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесі нығайып, осы салада кәсіби мамандардың қатары артқанына назар аударды. Сондықтан Сенат Төрағасы бұл салада тиісті мамандармен жұмысты күшейту керек екенін айтты.
«Бүгінде шет тілдердегі іргелі ғылыми еңбектерді қазақ тіліне аударып жүрген білікті мамандарымыз бар. Соңғы жылдарда олар белсенді жұмыс істеп келеді. Оны бәріміз көріп отырмыз. Сондықтан бізде түрлі терминдермен жұмыс істейтін, қалыптасқан мамандар жеткілікті деп айтуға әбден болады. Сол себепті, құжаттарда қазақ тіліндегі мәтінде қателік болмауға тиіс. Ал, халықаралық келісімдерде бұған мүлдем жол беруге болмайды. Сондықтан тиісті ведомство осы мәселеден қорытынды шығарып, кәсіби мамандармен жұмыс істегені жөн. Алдағы уақытта мұндай олқылық қайталанбайды деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетейік, бүгін Палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.