• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Республика күні 24 Қазан, 2024

Республика күні - халық бірлігінің белгісі

1061 рет
көрсетілді

Республика күні әлемнің көптеген елінде ұлттық мереке ретінде тойланады. Сәйкесінше, бұл ерекше күннің тарихы әр елде әртүрлі. Ал Қазақстанда 1990 жылы 25 қазанда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бірақ бұл күн ұлттық мереке мәртебесіне  2022 жылдың 29 қыркүйегінде ие болды. Содан бері 25 қазан күні еліміздің басты ұлттық мерекесіне айналды. Республика күні тек елімізде ғана емес, сондай-ақ шет мемлекеттерде де  атап өтіледі. 

Әрине, дипломатиялық ортада әртүрлі елдердің егемендік алуына орай ұлттық мерекеге аса құрметпен  қарағандықтан осындай жағдайда құттықтау жолдау дәстүрі қалыптасқан.  Ұлттық мереке қарсаңында  ел Президенті мен халқының атына көптеген құттықтау жеделхаттары келіп түседі.

Бұдан бөлек, Республика күніне орай шет мемлекеттерде қабылдаулар өткізіліп, елдік көрмелер ашылып, концерттер мен басқа да маңызды іс-шаралар өтеді. Бұл іс-шараларға сыртқы саяси ведомстволарының, басқа мемлекеттік органдарының басшылары, аккредиттелген шетелдік дипломаттар, іскер қауым өкілдері, инвесторлар, сондай-ақ екіжақты қатынастарды дамытуға елеулі үлес қосқан шетел азаматтары, қазақ ұлттық мәдени орталықтарының өкілдері, ғылым және мәдениет қайраткерлері қатысады. Ұйымдастырылған  іс-шараларды тек ресми протоколдық немесе формалдық шаралар деп атауға болмайды. Олар екіжақты қатынастарды нығайтуға, Қазақстан мен шетелдік әріптес елдер халықтарының ортақ мақсаттарын көрсетіп, еліміздің ішкі және сыртқы саяси басымдықтары туралы ақпарат беруге, сондай-ақ мәдени мұрамызды, жетістіктеріміз бен ұлттық дәстүрлерімізді таныстыруға мүмкіндік береді.

Ең алғаш рет Республика күні Қазақстанның БҰҰ-ға мүшелік еткеніне 30 жылдығында осы ұйымның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде атап өтілді. Жалпы, шетелде еліміздің Республика күнін мерекелеу елінен жырақта жүрген отандастарымызды қолдаудың маңызды аспектісі десек те артық етпес. Сонымен қатар мұндай мерекелік іс-шараларды ұйымдастыруға жиі қатысатын қазақ студенттері арасында отаншылдық сезімін тәрбиелеудің маңызды бөлігі.

Осылайша, Республика күні тек тәуелсіздік символы ғана емес, сонымен қатар мәдени көрініс пен қоғам бірлігінің тұғырына айналды.  Бұл айтулы күн бүгінгі таңда Қазақстан халқын біріктіріп, әріптес мемлекеттер мен түрлі халықаралық ұйымдармен екіжақты қатынастарды нығайтуға, елде жоспарланған реформаларды жүзеге асыруға зор ықпал етеді.