Соңғы жылдары Әулиеата өңірінде әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бірнеше жылдың бедерінде бірқатар медициналық мекемелер, басқа да маңызды ғимараттар өңір халқының игілігіне пайдалануға берілді. Бұл үрдіс мерейлі мереке Республика күні қарсаңында да жалғасты. Әсіресе аудан орталықтарынан шалғайда орналасқан елді мекен тұрғындары мерекенің шарапатын айрықша сезініп отыр.
Қордайдағы қуаныш
Тәуелсіздік алғалы бері Жамбыл өңірінің жампоздары сапынан боксшылар Ермахан Ыбырайымов, Бақтияр Артаев, дзюдошы Елдос Сметовтің Олимпиада ойындарында атой салғаны баршаға белгілі. Үш саңлақ та алтын бесік ауылда туған сайыпқырандар екенін мұқым ел жақсы біледі. Ауылда туып әлемді мойындатқан оғландардың ізбасарларын дайындауда бірінші кезекте бұқаралық спортқа басымдық беру керек. Өйткені бәрі де ауыл, аула спортынан басталады. Мұны Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ел. Берекелі қоғам» атты Жолдауында да атап өтті.
«Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтауда бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін береді. Сондай-ақ болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады», деген Мемлекет басшысының сөзі бұқаралық спортты дамытудың маңызы зор екенін айғақтап тұр.
Президент тапсырмасы Жамбыл облысында да сәтімен іске асырылып жатыр. Өңірдегі халық ең тығыз орналасқан Қордай ауданында мереке қарсаңында төрт спорт нысаны пайдалануға берілді. Осылайша, тұрғындардың жергілікті атқарушы билікке жылдар бойы айтып келген өтініші қанағаттандырылды.
Шалғайда орналасқан Ноғайбай ауылының балалары алғашқылардың бірі болып мерекенің шарапатын сезініп отыр. Ноғайбайлық балалар енді заманауи стандартқа сай салынған шағын футбол алаңында жаттығады. Сондай-ақ елді мекен тұрғындарының игілігіне «Street workout» алаңы да пайдалануға берілді.
Қордайлықтардың қуанышы мұнымен толастаған жоқ. Аудан орталығы Қордай ауылының шағын аудандарында екі жаңа шағын футбол алаңы ашылды. Бұл күні жергілікті атқарушы биліктің ұйытқы болуымен жас спортшыларға арнайы спорттық құрал-жабдықтар табыс етіліп, шағын футболдан жолдастық кездесу ұйымдастырылды.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі келтірген дерекке жүгінсек, шағын футбол алаңдарының құрылысы жергілікті бюджет есебінен іске асқан. Жыл соңына дейін тағы 5 шағын футбол алаңының құрылысы толықтай аяқталып, пайдалануға беріледі.
Өңірде жыл соңына дейін 12 спорт кешенінің құрылысын аяқтау жоспарланған болса, қазіргі кезге дейін 4 нысан ел игілігіне пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, облыста бүгінгі күнге дейін 45 спорт алаңы ашылғанын айта кеткен жөн.
Жалпы алғанда өңірде өткен жылы бұқаралық спортпен қамтылған азаматтардың саны 40,2 пайыздан асқан болса, осы жылы салаға жауапты азаматтар бұл көрсеткішті 41 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. Көрсеткішті арттыруға жаңадан ашылған спорт нысандары өз септігін тигізетіні анық.
Қайыңдыда ФАП ашылды
Президент Жолдауында билік тарапынан медицина саласын дамытуға айрықша басымдық берілетінін атап өтті. Мемлекет басшысы өз сөзінде елді мекендерде медициналық, фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салудың кезек күттірмес іс екенін де шегелеп тапсырды.
«Бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық, фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды», деген Президент тапсырмасын жергілікті атқарушы билік дер кезінде орындап жатыр.
Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Қайыңды ауылы – аудан орталығынан шалғайда орналасқан. Аудан орталығынан жырақта жатқан ауыл тұрғындары елді мекенге фельдшерлік-акушерлік пункт керектігін жылдар бойы айтып жүретін. Жергілікті тұрғындардың өтініші назардан тыс қалмағаны көңіл қуантады.
Сондай-ақ Қайыңды ауылында жаңа медициналық мекеме пайдалануға берілді. Осылайша тұрғындар өтініші қағанаттандырылды. Жалпы құны 249,2 млн теңгеге салынған жаңа мекеме 15 келушіге арналған.
Жергілікті атқарушы билік келтірген дерекке жүгінсек, ауданда бұған дейін екі фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП) салынған екен. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта Қорағаты стансасы мен Ақбұлақ елді мекендерінде де дәл осындай ғимараттың құрылыс жұмысы жүргізіліп жатыр. Ауданның даму жоспарына сәйкес, алдағы үш жылдың бедерінде тағы 5 медициналық мекеме салу жоспарланған.
Жалпы алғанда, облыстағы тозығы жеткен денсаулық сақтау ұйымдарының санын 40,3 пайыздан 39 пайызға төмендету жөнінде жергілікті атқарушы билік қолдан келгенше қамданып жатыр. Жоспарлы жұмысты уақтылы жүзеге асыру мақсатында 26 денсаулық сақтау нысанын салу көзделген. Оның ішінде 20 нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында бой көтереді. Ал бүгінгі күнге дейін үш нысан ел игілігіне пайдалануға берілген.
Көкталдықтар көп күткен клуб
Өңірдің мәдениет саласын дамытуға облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің өзі айрықша назар аударып отыр. Соңғы уақытта өңір басшысының бастамасымен облыс аумағында бірқатар жаңа жобалар қолға алынып жатыр. Әсіресе өңір руханиятын өркендетуге қатысты көптеген ілкімді істер атқарылып келеді. Жаңа бастамалардың бірқатары ауылдық жерлерде ұйымдастырылып жатқанын ескерсек, елді мекендерге жасалатын қамқорлық толастамайтыны анық екенін түсіне түсеміз.
Талай таланттың кіндік қаны тамған Талас ауданына қарасты Көктал елді мекенінің тұрғындары да мемлекеттік мерекенің шарапатын сезініп отыр. Иә, көкталдықтардың бас ауруына айналған ауылдық клуб мәселесі Республика күні мерекесі аясында шешімін тапты.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына арнайы барған облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов көкталдық тұрғындарды көптен күткен айтулы қуанышымен құттықтап, ауыл халқының рухани сұранысын толық қанағаттандыру мақсатында ауылдық клубта бірқатар жұмыс атқарылатынын тілге тиек етті.
«Ауылда мәдениет ошағының ашылуы – руханиятты өркендетуге жасалған нақты қадам. Өсетін ел ең алдымен мәдениеті мен руханиятына айрықша мән беретіні баршамызға мәлім. Мәдениеті жоғары ұлт қана әлемдегі өркениетті елдердің қатарына қосылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет пен өнерді дамыту мемлекетіміздің негізгі басымдықтарының бірі екенін ұдайы айтып жүр. Елді мекендерде мәдениет үйлері мен ауылдық клубтардың ашылуы – Президент тапсырмасын іске асырудың нақты көрінісі. Өңір мәдениетін жұмылған жұдырықтай өркендете берейік», деді С.Сәлемов.
Соңғы бірнеше жылдың бедерінде өңір мәдениетін өркендетуге қатысты ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын айта кеткен жөн. Мәселен, 2021 жылдан бері облыста 18 мәдени нысанның құрылыс жұмысы жүргізіліп, дер кезінде пайдалануға берілген. Ал осы жылы 16 нысанның құрылысы басталған. Жыл соңына дейін 8 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Жамбыл облысы