• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Қазан, 2024

«Ассамблея жастары» қоғамдық шараларға белсенді қатысады

351 рет
көрсетілді

Бүгінде ​«Ассамблея жастары» ұйымы ел жастарының өзіндік тұлғасын қалыптастыратын, олардың жарқын бастамаларын жүзеге асыруға жол ашатын таптырмас алаңға айналды, деп жазады Egemen.kz.

Жас буынды мемлекет бірлігін күзетуге, қоғамдық келісімді сақтаудағы құндылықтарды игеруге үндей отырып, жаңа мүмкіндіктер сатысына жетелеп келеміз. Білім алуға және еңбек етуге құрметпен қарау қағидаттарын олардың бойынан көруге әркез талпынамыз. 

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Жастар бастамаларын дамыту мәселелеріне ҚХА-ның XXXIII сессиясы аясында баса назар аударып, жастар мен волонтерлік жобаларды қолдаудың маңыздылығын атап өткен еді. Сессия нәтижесі бойынша Ассамблеяның жастар әлеуетін дамытуға бағытталған «Жаңа толқын» жобасы құрылды. Аталған жоба негізінде Қазақстан халқы Ассамблеясының заманауи келбетін қалыптастыруға, этномәдени бірлестіктер көшбасшыларының кадрлық резервін кеңейтуге жол ашатын бастамалар іске асырылып жатыр. 

​Біздің ұйым «Қазақстан халқы Ассамблеясы Көшбасшылар мектебі» бастамасы аясында көптеген іс-шаралар өткізеді. Қазіргі уақытта бұл жобаның аймақтық кезеңі көрініс табуда. Белсенді жастарымыз елдің әр өңірлерінде, соның ішінде ауыл-аймақ жастары үшін тренингтер және мотивациялық кездесулер ұйымдастырады. Әсіресе Алматы, Жамбыл, Жетісу және Түркістан облыстарында этностар жиі шоғырланған жерлерде жұмыс істеуге көп көңіл бөлінді. Жалпы, бүгінде медиация, этносаралық коммуникация бойынша дағдыларды 25 мыңнан астам адамға үйретіп үлгердік. Жастардың заманауи білімге қол жеткізуі жолында бәсекеге қабілетті білік-дағды меңгерте алдық.

Сонымен қоса, волонтерлер бағыты қарқынды дамып келеді. Мәселен, «Ассамблея жастары» командасы Батыс Қазақстан облысында «Мектепке жол» атты ауқымды акция өткізді. Су тасқыны кезінде зардап шеккен отбасылардан шыққан 350 балаға жаңа оқу жылы қарсаңында Freedom Holding Corp қызметкерлерінің демеушілігімен ноутбуктер мен мектеп жиынтықтары тарту етілді. Сондай-ақ, өзге де өзектілігі жоғары бастамалар «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүзеге асырылып жатыр. Ассамблея еріктілері ағаш отырғызуға, жағалау аймақтары мен тарихи нысандарды тазартуға белсенді қатысады.

​Этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру маңызды бағыт саналатыны баршаға белгілі. «Үйде сөйле» аула клубтары, қазақ тілін үйренуге арналған басқа да алаңдар өз жұмысын жемісті жалғастырып келеді. Әртүрлі ұлт өкілдерінен құрылған «Біріккен Ассамблея құрамасы» командасы «Жайдарман» ұлттық лигасының финалына шығып қуантты.

«Ассамблея жастары» ұйымының қызметі халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, оның ішінде ЮНЕСКО ұйымының желісі бойынша қызмет атқаруға бағытталған. Біз Орталық Азия елдерінің жастарымен байланыс жасауға ұдайы ұмтыламыз. Бұл маңызы зор бағыт, өйткені аймақтағы қоғамдық дипломатияның бағыты мен дамуы елдер арасындағы татулық пен интеграцияның негізгі шарты саналады.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәжікстанға мемлекеттік сапары кезінде «Ассамблея жастары» РҚБ мен Тәжікстан Жастар Одағы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл маңызды әрі тарихи оқиға ретінде есте қалды. Себебі жастар ұйымдары құжатқа алғаш рет қос мемлекет басшысының қатысуымен өзара мәміле жасады. Біз, осылайша, Орталық Азия елдерінің жастар ұйымдары арасындағы өзара іс-қимыл форматын өркендете бастадық. Осы  орайда, биыл Алматы қаласында  «Jastar Generation – 2024» халықаралық жастар лагерін өткіздік. Бұнда жастарымыз Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан жастарының көшбасшыларымен жүздесіп, дүниетанымын кеңейте алды.

Жалпы, «Ассамблея жастары» ұйымы еліміздегі жалынды жастардың басын бір арнаға тоғыстырып, дамуға жетелейді. Менің ойымша, әрбір жобаның жүзеге асуы на, оның пайдалы болуына ерекше мән берілуі керек. Сол себепті біз «Ассамблея жастары» белсенділерінің өзекті қызмет бағыттарын анықтаудағы ой-пікірін әрқашан ескереміз. Біз бастамаларымыздың барлық жастар қауымы үшін қызықты болуы жолында күш-жігер аямаймыз.

Тимур ЖҰМЫРБАЕВ,

«Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы