Бүгін Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі Республика күніне арналған классикалық музыка кешін өткізді. Жиылған қауымға Қазақстанның халық әртісі, «Қазақстанның Еңбек Ері», профессор, әлемге әйгілі скрипкашы Айман Мұсахаджаева өнер көрсетіп, маэстро Гудни Эмильсон дирижерлік етті, деп жазады Egemen.kz.
Бағдарламада Людвиг ван Бетховен, Пьетро Масканьи, Вольфганг Амадей Моцарт, Тілес Қажығалиев, Антонин Дворжак және Феликс Мендельсон секілді композиторлардың үздік туындылары орындалды.
Виртуоз шеберлер мен классикалық музыканың үздік әлемдік дәстүрлерін дамытып жүрген кәсіби музыканттар қатысқан кеш елордалық тұрғындарға ұмытылмас әсер сыйлады. Көпшілік құрметі көрермендердің өнерпаздарға деген бірнеше минутқа созылған үздіксіз қошеметінен көрінді.
Кеште дирижерлік еткен Маэстро Гудни Эмильсон Троссинген мемлекеттік музыка университетінің магистрі. Ол Серджиу Челибидаке мен Джон Элиот Гардинер сынды әлемдік деңгейдегі дирижерлермен бірге сәтті жобалар жүзеге асырған. Гудни Эмильсон Герберт фон Караян, Рихард Вагнер атындағы және Масарик өнер академиясының бірқатар беделді марапаттарына ие.
Ал көрнекті скрипкашы Айман Мұсахаджаева ҚР Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек ері. Өнер иесінің есімі «XX ғасырдың 2000 көрнекті музыканты» атты IBC-тің әлемдік құрметті адамдар тізіміне және Кембридж университетінің «XX ғасырдың көрнекті музыканттары» энциклопедиялық сөздігіне (2002) енген. Айман Қожабекқызы Миша Майский, Бруно Канино, Виктор Третьяков, Эдуард Грах, Павел Гилилов, Владимир Спиваков, Сергей Ралдугин, Кристиан Шульц, Гудни Эмильсон сияқты танымал музыканттармен бірге өнер көрсеткен.
1991 жылы Айман Мұсаходжаеваның бастамасымен құрылған Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі – Қазақстан Республикасының жетекші музыкалық ұжымдардың бірегейі. Оркестр құрамы виртуоз шеберлер мен камералық музыкалаудың үздік әлемдік дәстүрлерін дамытып жүрген халықаралық байқаулардың лауреаттары, жоғары кәсіби музыканттардан құралған.