• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Жансарай 29 Қазан, 2024

Боямасыз өмір

60 рет
көрсетілді

Қасым аға! Өмірінде пендешіліктен ада, шешенсіп көзге түсуден аулақ, қашан көрсең де қариялылықты қадір тұтып, ақсақалдыққа адал болып жүрген жан ол. Бұл кісінің осы қасиеттерін көргенде: «Сөз еткелі отырған кейіпкеріміздің бойындағы мұндай тұрақтылық пен бірқалыптылықтың сыры неде?» деген сұрақ келеді көкейімізге. Кезінде осыған жауап іздеп, «Дегдар» атты портреттік очерк пен «Бір өмірдің үш беті» деген мақала жазғанымыз бар. Бірақ сол туындыларымыздың өзінде ағамыздың болмыс-бітімін толық ашып бере алдық дей алмаймыз. Сондықтан жоғарыдағы жазбаларымыздың «кем-кетігін» толықтыру ретінде осы ғазиз жан жөнінде қолымызға қайта қалам алып отырмыз. Мақсат: өмір деген ұзақ жолда көргені көп, қым-қуыт мына тіршілікте жиған тәжірибесі мол, ХХ және ХХІ деп аталатын қос ғасырдағы күрделі оқиғаларға куәгер оның әр кездері біздерге айтқан сирек жайттарға толы сөздерін бүгінгі ұрпаққа еш қоспасыз жазып, жеткізу.

... 2015 жылдың 9 мамыры. Жеңіс күні ғой бұл. Міне, осы мерекеге орай Қасым аға екеуміз Тайтөбе ауылына келдік. Аудан әкімі орынбасары­ның сөзіне қарағанда, біздің мұнда шақырылуымыздың себебі 1937–1939 жылдары осындағы Рахаң, Рахымжан Қошқарбаев оқыған мектеп-интернат үйі қабырғасына ілінетін ескерткіш тақтаны ашуға қатысу екен. Аталған іс-шара салтанатты түрде басталып, ойдағыдай аяқталған соң, қайтуға жиналдық. Көлікті оталдырып, ауыл шетіндегі тасжолға іліге бергенімізде, мәшинедегі радиоқабылдағыштан 1969 жылы өмірге келіп, содан бері Жеңіс күндерінде айтылуы дәстүрге айналып кеткен «Тырналар» әнінің басталғаны... Тыңдап келеміз. Сөзін ақын Расул Ғамзатов жазып, әнін композитор Ян Френкель шығарған оның сазы мұңды, зарлы, мазмұны терең ойға құрылған ­туынды екені көпшілікке белгілі. Өйт­кені оны кешегі кеңестік кеңістік елдері мен бүгінгі ТМД жұртшылығы жарты ғасырға жуық уақыттан бері тыңдап келе жатқанын жоғарыда айтып өттік. Ал туындының тақырыбы ... Мазмұны... Шығармаға өзек болған оқиға... Оны бұл жерде қайталап айта кетпеске болмайды. Себебі көлік ішінде ойда жоқта туып кеткен алдағы әңгімеміз осыған байланысты болғалы тұр.

Оқиға 1941–1945 жылдары Кавказдың таулы Осетия аймағында болыпты. Ондағы Дзуарикау қыстағындағы Асахмет Газданов деген қарттың жеті ер баласы бар екен. Бәрі шетінен еңбекқор, өнерпаз, ержүрек жігіттер еді дейді бүгінге жеткен деректер. Оған дәлел: біреуі тракторшы, екіншісі скрипкашы, үшіншісі шабандоз, төртіншісі мұғалім, бесіншісі агроном, алтыншысы курсант, жетіншісі орта мектепті озат оқып бітірген бозбала екен. Соғыс басталғанда, міне, солардың бәрі әскерге шақырылып, майданға аттанады да... Оның арты қаралы хабарларға ұласады. Бірінші болып оққа ұшқан 1941 жылы Мәскеу қорғанысында жүрген Махарбек еді. Содан соң, Дзуарикау қыстағына 1942 жылы Севастополь үшін болған ұрыста Магомед пен Ходжисмал қаза тапты деген қара қағаз келеді. Ал 1943 жылы Новоресейді азат етуде жеті ағайындылардың ортаншысы Дзарахметтің опат болғанын естігенде, төрт бірдей ұлының қайғысына шыдай алмаған Тассо ана бәрінен баз кешіп, бақилыққа аттанады. Осыдан кейін 1944 жылы Созырко, одан көп кешікпей Хасанбек Украина мен Белоруссияда көз жұмып, Газдановтар отбасы тағы қайғыдан қан жұтады. Жеңіс күні жақындаған 1945 жылы... Иә, сол жылы... Ауыр жараланып, Рига госпиталінде демі үзілген Шәмілге байланысты қара қағаз келгенде, бетін баса өксіп жылаған хат тасушы қыз оны апарудан бас тартады. Сонда ұжымшар бастығының өтініші бойынша азалы хабарды естіртуді қыстақтағы қариялар өз мойнына алады. Міне, сол кезде үйіне қарай беттеп келе жатқан жасы үлкендерді көрген Асахмет ақсақал терең бір күрсінеді де, аһ ұрған өкінішпен келместің кемесіне мініп кете барады.

... 1960 жылы Жеңіс мерекесі кезінде Дзуарикау қыстағының тұрғындары адамгершілік тұрғысындағы иманды бас­тама көтереді. Ол он екіде бір гүлі ашылмай, өмірден қыршын кеткен жерлестері, ағайынды жеті жігітке арнап ескерткіш тұрғызу жөніндегі ой еді. Бұл ұсыныс 1963 жылы жүзеге асады. Мемориалдың төменгі бөлігінде ауыр қайғыдан еңсесін көтере алмай, басын қабырғаға сүйеген Тассо ана мен қан майданда қаза тапқан оның жеті ұлының көк жүзінде тырналар болып іркес-тіркес ұшып бара жатқаны бейнеленген.

Ескерткіштің ашылуына қатысып, бір отбасының басындағы трагедиялық оқиға тарихын естіген ақын Расул Ғамзатов үлкен толғанысқа берілген күйі «Тырналар» атты өлең жазады. Наум Гребневтің аудармасындағы ол туындыны өзі қатты ауырып жүрсе де, өмірінде соғыс өрті өшпестей із қалдырған әнші Марк Бернес оқып, композитор Ян Френкельге ән шығаруды өтінеді. Көп ұзамай ол тапсырма орындалып, сөз етпек болып отырған музыкалық шығарманың вокализдік нұсқасы дайын болады. Сол уақытта онымен танысқан әншінің көңілі босап, көзіне жас алады. Демек Ян Френкельдің бұл туындысы сентиментальдықтан ада, эмоциялық сезімдерге де онша көп бой алдыра қоймайтын Марк Бернестің көңілінен шыққаны ғой. Содан көптен бері ауру меңдеп жүрген майдангер әнші студияға баласының сүйемелдеуімен келіп, аталған шығарманы көңіл толқытарлық керемет үнмен орындайды да көп ұзамай қайтыс болады.

– Иә, бұл ән 70–80-жылдары эфирді жиі тербеп, тарихы да газеттерге көп жазылды ғой, – деді көлік ішіндегі радиоқабылдағыштан төгілген «Тырналар» сазы аяқтала бергенде рульдегі Қасым аға. – Кавказдағы елеусіздеу бір шағын қыстақтан соғысқа кеткен жеті жігіттің үйіне тірі оралмауы... Бұл енді сұмдық оқиға. Есіңде жүрсін, қалқам... Дәл жоғарыдағыдай жетеу болмағанымен, бір әке-шешеден туып, ержетіп, Батыстағы қан қасапқа аттанған бес боздақтың елге қайтпаған жағдайын өз басым өте жақсы білемін. Бұл – осы жерден 20 шақырым жердегі Шалқар ауылында болған оқиға. Барып көремін десең апарайын.

Мына сөзге елең еткен мен басымды изедім. Көлігін оңтүстік батысқа бұрған ағамыздың сөзіне қарағанда, бұл дерекке ол кісі 1969 жылы кезігіпті. Сол уақытта Жеңістің 25 жылдығы жақындап келе жатады. Осыған байланысты Шалқар кеңшарының директоры болып жүрген Қасекеңе ауданнан пәрмен келеді. Ол «Еш нәрсе ұмытылмайды, ешкім де ұмыт қалмайды» деген облыстағы бастамаға сәйкес 1941–1945 жылдары осы ауылдан майданға аттанып қаза тапқан Екінші дүниежүзілік соғыс жауынгерлеріне арнап 1970 жылдың 9 мамырына дейін ескерткіш-мемориал тұрғызу жұмысы екен. Тапсырманы орындауға қызу кіріскен кеңшар қызметкерлерінің жедел іс-қимылы арқасында алдымен облыстық әскери комиссариат архивінен алынған жерлес майдангерлер тізімі дайын болады. Қасым аға, міне, соларға зер салып қарап отырса, Шахманов Т., Шахманов Қ., Шахманов Х., Шахманов Б., Шахманов А. деген фамилияларды көреді. Анкеталарына үңілсе, бәрі бір үйдің перзенттері. Бәрі де соғысқа дейін осында түрлі жұмыс істеген. Батыстағы зұлмат басталғанда олар алғаш­қы кезекте әскерге шақырылып, майданға аттанған. Өкініштісі, біреуі де сол от кешуден қайтпай, опат болған. «Әке-шешелері тірі ме? Туған-туыстарынан кім бар?» деп ауылдық кеңес хатшысы арқылы іздеттірсе, ата-аналары 1933 жылғы аштықта көз жұмыпты. Ол түтіннен тек Күләш атты жалғыз қыз қалған екен. Барып жолықса, сол кездері 50-ге келіп қалған әлгі апай майданнан қайтпаған бес боздақтың туған қарындасы болып шығады. Осының бәріне толық көз жеткізіп, анықтаған кеңшар директоры Қасым ағаға кенет бір ой келеді. Ол болашақта бой көтеру­ге тиіс ескерткішті туған ағаларының үлкенін соғысқа шығарып салып тұрған Күләштің 17 жастағы бойжеткен қыз бейнесіндегі силуэтімен астас­тыра отырып жасау идеясы еді. Облыс орталығы Целиноградтан шақыртыл­ған мүсінші-архитекторлардан тұра­тын шығармашылық топ мұны кұп көріп, келіседі. Сөйтіп, 1969 жылдың желтоқсанында қолға алынған мемориал­ды кешен 1970 жылғы 9 мамырда бітіп, Жеңіс күні салтанатты түрде ашылады.

Әңгіме иесі жоғарыдағы сөзін аяқтағанда, Шалқар ауылы да көрінген еді. Көп ұзамай біз ондағы орталық көшеге бұрылып, жасыл желекті паркке де келіп жеттік. Қарап тұрмыз, мұндағы ескерткіш, оның құрамдас бөлігі болып табылатын стела, панно – бәрі-бәрі Қасекеңнің жолда келе жатып айтқанындай көріністі сақтап тұр. Осылардың ішінде мәрмәр тасқа қашап жазылған майдангерлер тізімі анадайдан көрінеді. Оларды оқып, танысқанда мынаған көз жеткіздік. Соғысқа әр үйден аттанып, қайта оралмағандардың дені бір-бір, ара-тұра екі және үш жауынгер болып келеді де, тек бір жерде ғана бір түтіннен бес боздақтың шейіт болғаны көрсетілген. Ол жоғарыда сөз еткен ағайынды Шахмановтар болып шықты. «Көктей солып, қыршынынан қиылған қайран қандастар-ай... – дедім ішімнен. – Жандарың жәннатта болсын!..»

– Бұрын осындай жағдайды көріп пе едің, қарағым? – деді ойланып тұрған маған қараған Қасым аға.

– 1980 жылы, – дедім мен ол кісіге, – редакция жоспарында тұрған «Ауылға қайт­­пай қалған алпыс боздақ» деген мақа­лама деректер іздестіріп, Жамбыл, Талды­қорған, Қарағанды, Семей облыс­тарын ара­лағанмын. Сонда олардағы ауылдарда бой көтерген обелиск, стела­­лардан май­даннан тылдағы өз үйле­ріне қайтпай қал­­ған екі, кейде үш жауын­гердің аты-жө­нін кездестіргенім бар. Ал бір үйден опат болған бес адамды алғаш рет көріп тұрмын.

– Ендеше, – деді әңгіме иесі. – Әріптестеріңе айт. Алда Жеңістің 75,80 жылдығы келе жатыр ғой. ­Со­ның қарсаңында ауыл-ауылдағы 60–70–80-жылдарда орнатылған обе­лис­кілерге назар аударып жүрсін. Өйткені олар­дың қабырғаларындағы тізімдерде көп тағдыр бар. Солардан Р.Ғамзатов пен Я.Френкельдің «Тыр­на­лар» туындысына ұқсас тақырып табылуы ғажап емес. Бұл – менің өтінішім әрі аманатым. 

* * *

... 2021 жылдың күзі еді. Атбасардағы өлкетану мұражайын көріп болып, қаланы айналып өтіп келе жатқанбыз. Кенет шыға берістегі мұсылман зиратын көзі шалып қалған Қасекең автокөлігі­нің жылдамдығын бәсеңдете бастады. Сөйтті де, іштей күбірлеп, мәшине рулінен босаған оң қолымен бетін сипа­ды. «Мұнда жақындарыңыздың бірі жатыр-ау шамасы. Дұғаңыз қабыл болсын, аға», дедім былай шыға бере үн қатқан мен ол кісіге бұрылып. «Жоқ, – деді қария. – Басқа бейтаныс адамдар, тағдырлы жандар бұлар. Өтіп бара жатып кенет сол аруақтардың есіме түскені... Астанаға жеткенше әлі көп уақыт бар ғой. Қажет десең, осы жол үстінде саған мұны әңгіме ретінде айтып беруіме де болады».

Мен басымды изедім. Қасекеңнің сөзіне қарағанда, бұл оқиға 1932 жылғы ашаршылық кезінде болыпты. Сол жаздағы аптап күндердің бірінде Айман атты қазақтың бойжеткен қызы өлместің қамы үшін ауылдан қалаға беттейді. Бірақ жүре келе әлсіздіктен әл-дәрмені құрып, жол үстінде есінен танып құлап қалады. Сол жерден оны даладан кен іздеп жүрген геологтер тауып алып, қостарына әкеледі. Бағып-қағып аяғына тұрғызған соң, Виктор есімді топ жетекшісі қызға аспаздық міндет жүктейді. Сұлулығына тәнті болып, көңіл қосуға ниет білдіреді. Бірақ бойжеткен онымен отаса алмайтынын, оған себеп дінінің бөлек екенін ашық айтады. Орыс жігіттің апамызға ғашық болғаны сондай, ойланып-толғанып жүріп, бір шешімге тоқтайды. Ол өз дінінен шығып, сүндетке отыру еді. Және атын өзгертіп, есімін Мұсылманбек деп қойғызу болатын. Уақыт өте келе осылай істейді де. Осыдан соң Айман апамыз ислам дінін қабылдаған Виктормен тұрмыс құрып, 30–40-жылдары аққудың көгілдіріндей сүйкімді үш қыз баланың анасы атанады. Ғажабы сол, шетінен сұлу сол арулардың бәрі де кейін қазақ азаматтарына тұрмысқа шығып, өз қандастарымыздың шаңырақтарының түтінін түтетеді. Ал ата-аналары ше? Перзенттерінің жоғарыдағыдай бақытты өмірін көрген олар жаңа біз жанынан өткен Атбасардың ескі мұсылман зиратында мәңгілік ұйқыда дамылдап жатыр екен.

– Иә, мана осы жайт есіме түсті емес пе?.. – деді әңгімесін аяқтаған Қасым аға. – Айтайын дегенім, уақыт желі алағай да бұлағай соққан өткен замандарда талай қиын жағдайлар болды ғой. Міне, сондай күрмеуі көп күрделі кездегі ер-азаматтарымыздың шүберекке жанын түйген әрекеттерін былай қойғанда, төтеннен келген зауалдар әйел затына да оңайға соқпаған. Ондай сәттерге ару апаларымыз иманын сатпай, арын сақтай білген. Зұлмат атаулының небір түріне шыдап, намысын әрдайым жоғары ұстаған. Оған мәселен басына күн туып, жаны қысылғанда «жазмыштан озмыш жоқ» деп тағдыр тәлкегіне бойұсына салмай, өз ойын ашық айтып қарсылық білдірген жоғарыдағы Айман апамыздың ұстанымы анық дәлел. Сол арқылы бұл ғазиз жанның бөгде ұлттың өкілін өз дініне кіргізіп шаңырақ көтеруі, өздерінен өрбіген ұрпақтарын да қазақ жұртының жұрағаты етуі – кім-кімге де үлгі-өнеге.

– Ал қазір ше? – деді осы араға келгенде ширыға үн қатқан ағамыз. – Бәрін жоққа шығарудан аулақпын. Бірақ кейбір қыздарымыз православ, католик болып кеткелі қашан. Өкініштісі, өздерінің осылай істеп шатасқандарымен қоймай, ата-аналарының да жадын жаман ғадеттермен жойып жатқан­дары шошындырады. Олай дейтінім, Павло­дар­дың Мойылды маңындағы мәңгүрттік. Осындағы шипажайда ем алып жатқан күндерімнің бірінде жанымдағылардан жайсыз хабар естіп: «Қой, не де болса барып, анық-қанығына көз жеткі­зейін», деп санаторийден едәуір қашықтықтағы қазақ зиратына бет алдым. Сонда не көрдім дейсің ғой. Бейіттегі мұсылмандық белгісі бар жарты ай бейнесіндегі қоршаулармен қабаттасып, христиандықты айқындай­тын крест айшықты қадалардың көзге шалын­ғаны... Жүрегім тас төбеме шықты. «Құдай-ау, – дедім ішімнен күбірлеп. – Мынау не? Қазақ зираты атаулыдағы бұрын-соңды кездеспеген сұмдық көрініс қой бұл». Шыдай алмай: «Әй, бауырым, – дедім қақпа түбінде отырған күзетшіден. – Мынау не масқара?» «Таңданбаңыз, – деді ол. – Қабірінің басына крест қойылған ана православ марқұм оның іргесіндегі мұсылманша жерленген қазақтың құдасы. Ал бақилыққа аттанған мына католик жігіті біздің ұлтымыздың қызына үйленген күйеу бала». «Сонда мұны ойлап тапқан кім? Бұларды қазаққа жегжатсың деп христиан зираты қабылдамай қойған ба? «Жоқ, бұған қыздарымыз, жаңағыдай жандармен отасқан бойжеткендеріміз кінәлі, – деп шорт қайырды сөзін күзетші. – Солар ғой діні, ділі бөтендермен көңіл қосып, жегжат-жұрат тауып жүрген. Оған құда-құдағиым мен күйеу балама жақсы көрінемін деп жалпақтаған ойы шолақ, ақылы аз ата-аналарды қосыңыз. Енді міне... Соның салдарынан ислам дінін қабылдамаған олар мұнда аралас-құралас жерленіп жатыр».

Бар жағдайды күзетшінің сөзінен естіп, көңілсіз көріністі өз көзіммен көрген мен сүлей-сопа күйімде сос­тиып тұрып қалдым. Жүрегім қан жылап: «Құдай-ау, – дедім. – Әбу Ханифа мазхабындағы атам заманнан бергі пәтуа қағидаты қайда қалды? Уағыз айтқыш имам, молда, мүриттерден аяқ алып жүргісіз мешіт не қарап отыр?»

Қасым аға осылай деді де, терең күрсінді. Содан соң педальды қаттырақ басып, көлік жылдамдығын арттыруға кірісті. Ол кісінің жоғарыдағы айтқан сөзінен тітіркенген мен терең ойға кеттім. Ойланғаным: жаман әдеттің жаны сірі ғой. Және қара күйе секілді жұққыш-ақ. Төңірегіне тез тарап, жайыла бастайды. Олай дейтінім, жоғарыдағы жағдайдың уақыт өте келе «жанданып», белең ала бастауы. Оған дәлел – Астана іргесіндегі мұсылман зиратындағы көрініс. Онда православ белгісін білдіретін қиғаш кресті бейіт тұр. «Бұрын жоқ еді. Таяуда, осы үш-төрт жылдың мұғдарында пайда болды», дейді зиратта жатқан аруақтар­ға Құран оқуға келіп-кетіп жүрген мар­құмдардың жақындары. Апырмай десеңізші... «Кәпірстан қоғамы» деп күстәналап жүрген кешегі кеңестік кезде де мұндайды көрмеп едік. Атеизм дәуірлеп тұрған ол уақытта Мұхамедтің дәм-тұзы таусылған үмбеттері мен Исаның күні біткен мәсіхтері мәңгілік мекендеріне барарда, оған бөлек-бөлек жол тартатын. Ал еркіндікке ие болып, тәуелсіздікке қолымыз жеткен мына ­заманда... Адам түсінбейтін нәрсе. 

* * *

2023 жылдың жазы. Қасым ағаның кешке жақын қаланың Есіл жағасында серуендейтіні бар. Соны білетін мен ол кісіні жалғызсыратпайын деген оймен іздеп барып әңгімелесуді әдетке айналдырғанмын. Сондай бір кезекті жүздесуде: «Келгенің жақсы болды. Жүр, мен саған бір нәрсені көрсетейін»,  деп орталық саябаққа қарай алып жүрді. Ондағы « Серуен» көпіріне жеткені­мізде: «Мынаны қарашы, – деді ондағы жүргіншілер жолын көрсетіп. – Қазақ шаңырақты ерекше құрметтейтінін өзің жақсы білесің. Ал енді сол киелі мүлік – ұлттық құндылығымыздың сұлбасы мұнда аяққа басылып, тапталып жатыр. Мұны не деп түсінеміз?

Алғашында еш нәрсе түсінбедім. Содан-соң жан-жағыма байыптап қарай бастадым. Сөйтсем, көпір үсті шаңырақтың әртүрлі көрінісімен әшекейленіп, жолдың мөлдір әйнек қабаты сонымен өрнектеліпті. Ал олардың ұзына бойғы жақтауының үш жеріне аталған фрескалардың «ұлттар достығы үшін жасалғаны» жөнінде анықтама жазылыпты. Бұған қарағанда мына «тірлік» Қазақ­стан халқы Ассамблеясы қалалық филиалының науқандық идеясына ұқсай ма, қалай? Жоқ әлде бұл елордадағы сәулет басқармасының сауатсыз ісі ме? Шаңырақ сұлбасын таптап, үстінен ит жетектеп, ішетін бөтелкелерін өбектеп өтіп жатқан неше түрлі адамдар нөпіріне толы көпірді «достық жолына» айналдырсақ, жетіскен екенбіз.

– Шаңырақта, – деді саябақтан шығып келе жатып Қасым аға. – Дүние­жүзін­дегі діндерге негіз болған Тәңірі­міздің алғашқы нышаны бар. Дөңгелек, шеңбер формалы оны әлем деп түсінгеніміз абзал. Киіз үйіміздің пайда болуы бес мың жылдан асады. Осыны білмейтіндіктен, шаңырақты аяқасты етіп жүргеніміз мынау.

Иә, ақсақалдың уәжі дұрыс. Айтарға сөз жоқ. Себебі біле білгенге шаңыра – туған жер, Отан, ел деген ұғым. «Шаңырақ көтерді» деп жатамыз. Бұл – ер жігіттің ауылға келін алып келіп, үй болып, отау құруы деген сөз. Ал ақсақалдар: «Шаңыраққа қара», деп неге айтқан? Ол – ауыл үлкендерінің астамсыған, артық сөйлеп, жұртты кемсіткен дөрекі жандарды басындырмай, тәртіпке шақыру тәрбиесі. Сондай-ақ «Қара шаңырақ – қара орманымыз» дейміз. Ол – ата-баба өмірге келген үлкен үй, ұрпақтар өсіп-өнген қасиетті кіндік ошақ» деген мағынаны білдіреді. «Сонда, – дейміз-ау. – Қазақ шаңырағының сұлбасын көпірдегі жолға төсеп, таптасақ, кім болғанымыз?.. 

* * *

Жоғарыда көпті көрген, өмірден түйгені мол, парасатты жан Қасым аға Тәукеновтің әр кездегі бізге айтқан әңгімелерінің ішіндегі үшеуін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Бір ғасырға он жылы кем ғұмыр кешіп отырса да, ағамыз әлі тың. Сергек. Ақылы айқын. Ойы орнықты. Қимылы ширақ. Өмірге деген белсенді бағдары өте жоғары. Мұны ол кісінің жоғарыдағы сөздерінде айтылған ірі мәселе, кесек пікір, толымды тұжырымдар анық дәлелдейді. Олардан біз ақсақалдың еліміз бен жерімізге сүйіспеншілігін көреміз. Ұлттық құндылықтарымызға қатысты асыл қасиеттерімізді бүгінгі ұрпақ білсе, есінде ұстаса деген тілегін ұққандаймыз. Сондай-ақ мазасыз жүрек иесі оның еліміздің ертеңі қалай болады деген алаң көңілін аңғарамыз. Сол үшін де осы мақаланы жазып, абыздың ой-пікірін жұртқа жеткізуді жөн көрдік.

 

Жанболат АУПБАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

АСТАНА