• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 29 Қазан, 2024

Ғылым дамымай, медицина ілгерілемейді

82 рет
көрсетілді

Ұлттық ғылым академиясы Президиумының Қарағандыда өткен көшпелі отырысында «Медицина ғылымын дамыту. Болашақтың медицинасы» тақырыбы кеңінен талқыланды. Денсаулық сақтау саласындағы күрмеулі мәселелерді шешу жолдары қарастырылды. Жиынға Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Парламент Сенатының депутаттары, Ұлттық ғылым академиясының академиктері, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының, медици­на­лық және қоғамдық ұйымдардың басшылары қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ден­саулық сақтау жүйесін дамыту, оны жаңғырту мəселелеріне үнемі назар аударып, қоғамның үйлесімді дамуы ұлт денсаулығын қамтамасыз еткен жағдайда ғана мүмкін болатынын үнемі айтып жүр. Медицина саласын дамыту – еліміздің əлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі. Медициналық қызмет көрсету деңгейі арқылы ұлттың даму көрсеткіші айқындалады.

– Ең алдымен, біздің ғылыми қауым­дастық халықтың барлық топтары мен əлеу­меттік санаттарына медициналық қыз­меттердің тең қолжетімділігін қам­тамасыз ету мəселесін шешудің жолдарын табуы қажет. Бұл мəселенің шешіл­меуі – қазіргі уақытта урбанизация үде­рі­сінің жеделдеуінің, ауыл халқының үдере көшуінің негізгі себептерінің бірі. Меди­циналық мамандардың тап­шылығын шешу, олардың да­йын­дығы мен біліктілігін арттыру жолдарын табуы­мыз керек, – деді академия президенті Ақылбек Күрішбаев.

Академия басшысы қазіргі уақытта, климаттың өзгеруі мен экологиялық жағдай шиеленісіп тұрған жағдайда, медицина мен денсаулық сақтау жүйесін дамыту мəселелері ерекше өзекті. Әсі­ресе медицина саласындағы ғылыми зерт­теулерді қолдауға қатысты мәселе көп. Ұлт­тық ғылым академиясының міндеті – Денсаулық сақтау министрлігіне саланы ғылыми қамтамасыз етудің тиімді жүйесін құруға жəр­демдесіп, өңірлік Ғылым жəне технологиялар жөніндегі кеңестері арқылы жергілікті атқарушы органдарға өңірлердегі халыққа медициналық қыз­мет көрсетудің өзекті мəселелері мен мін­деттерін ғылыми тұрғыдан шешуге көмектесу екенін айтты.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердің бәсекеге қабілеттілігінің көр­сеткіш­терінің бірі Scopus және Web of Science дерекқорларында индекс­те­летін халықаралық рецензияланатын басылымдардағы зерттеушілердің жария­ла­ным­­дарының көлемі екенін атап өтті.

– Соңғы 3 жылда зерттеу­ші­леріміздің мақалалар саны 2 еседен астам өсті, мәселен, 2020 жылы 469-дан 2023 жылы 955 мақалаға дейін ұлғайды. Соңғы 3 жылда Хирш индексі бар ғалымдар үлесінің артуы – 7,7 пайыздан 15 пайызға дейін өсіп, оң үрдіс байқалып отыр, – деді министр.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елімізде нақты өндірістік міндеттерді шешуде ғылым мен бизнес арасындағы ынтымақтастықты нығайту, қолданбалы ғылымды дамыту қажеттілігін атап өтті. Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев медицина саласында аса маңызды болып отырған кадр мəселесін шешуде қолға алынған жұмысқа тоқталды.

– Əсіресе ауылдық елді мекендерде маман тапшылығы қатты сезіледі. Əлеуметтік қолдау аясын арттыру арқы­лы мамандарды ауылдық елді мекендерге тарту жалғасын та­уып жатыр. Биыл медициналық, фарма­цев­тикалық 100 маманды ауылға жіберуге 407 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар дəрігер­лер­дің резидентурада оқып, шетелде тағылымдамадан өтуіне мəн беріп отырмыз, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Көшпелі отырыста баяндама жаса­ған­дар медицина саласында еңбек етіп жүрген ғалымдарды қолдау, балалар ме­­ди­­цинасындағы проблемалар мен инновациялар, онкология, микробиологияны дамыту, МƏМС реформасына қатысты ойларын ортаға салды.

Ұлттық ғылым академия­сының пре­зиденті Ақылбек Күрішбаев қаржы­лан­дыру­дың жетіспеушілігі, маман тап­шылығы, медицинаның қол­же­тімділік деңгейі туралы сөз қозғады. Осы мәсе­ле­лердің алдын алу, диагностиканы жақ­сарту мен емдеуге технологияны тиімді пайдалану керектігіне баса назар аударылды. Мұнымен қоса дəрілік заттар мен цифрлық медицинаның отандық өндірісін дамыту қажеттігі айтылды. Өңір басшысы Е.Бөлекпаев осындай маңызды отырысқа мұрындық болған Ұлттық ғылым академиясына алғысын білдірді.

– Қарағанды өңірінің осы отырысты өткізу алаңы ретінде таңдалғаны қуантады. Кеншілер шаһарында отандық медицина саласының дамуына үлес қосқан көптеген медицина майталмандары білім алған Қарағанды медициналық университеті ор­наласқан. Біз Қарағандының меди­ци­налық кадрлар даярланатын отандық денсаулық сақтау сала­сында өзіндік орны бар орта­лыққа айналғанын мақтан тұтамыз. Денсаулық сақтау жү­йесін жаңғыртуға ықпал ете­тін заманауи инновацияларды ен­гізу арқылы медициналық білім, ғылым жəне практиканың интеграциясына үлкен мəн береміз. Бұл бағыттағы маңызды қадамның бірі – медициналық қызметтерді цифрландыру кон­тексінде телемедицинаның бел­сенді дамуы. Аталған оң өзгеріс шалғайдағы елді мекендерде де білікті медициналық көмекке қолжетімділікті жақ­сар­ту­ға мүм­кіндік берді, – деді әкім.

Алдағы уақытта көшпелі оты­рыс­та көтерілген мәселелер мен оларды шешу жолдарына арналған Жол картасы әзір­ле­неді. Көшпелі отырыс соңында мей­мандар қарағандылық ғалым­дардың ғы­лыми жаңа­лық­тары мен өнімдерін ұсын­ған ғылыми-инновациялық көрмені тамашалады.

 

Қарағанды облысы