25-қазанда А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Шығыс Қазақстанның аңыз-әпсаналары» жинағының тұсаукесері өтті.
«Шығыс Қазақстанның аңыз-әпсаналары» жинағына Шығыс Қазақстанның өзен-көл, тау атауларының шығу тарихы туралы топонимикалық аңыздар, киелі орындар мен тарихи тұлғалар жайлы аңыздар, ертеде өлкемізде өмір сүрген ғажайып та сиқырлы кейіпкерлер жөніндегі әпсаналар енген.
Әсіресе, Катонқарағай өңіріндегі жайлаудың Алтықыз атануы, Ертіс пен Үлбінің айнымас махаббаты, таудың «Алтай» аталу себебі, Қандысу өзенінің тарихы сынды өлкемізге қатысты көптеген аңыздар кез келген оқырман үшін қызықты болары сөзсіз.
Жинақтың құрастырушысы - өлкетанушы, «Мәдениет саласының үздігі», «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгілерінің иегері Слямова Зиза Мұхтарханқызы Шығыс Қазақстанның тарихи мұрасын ұзақ жылдар бойы зерттеп, сақтаумен айналысып келеді.
Аңыздардың үш тілде шығарылуы ішкі-сыртқы туризмнің дамуына оң әсерін тигізіп, ақпаратқа деген қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Зиза Мұхтарханқызы өз сөзінде мәдени мұраны сақтау мен жастарды туған ел аңыздарын зерттеуге тартудың маңызына тоқталды. Шараға қатысушылар өлкенің тарихы мен болмысын тану үшін топонимикалық зерттеулердің маңызын талқылады.
Тұсаукесерде көптеген оң пікірлер мен ізгі тілектер айтылып, қонақтар мұндай шаралардың алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім білдірді.
«Шығыс Қазақстанның аңыз-әпсаналары» жинағы кітапхана қорын байытып қана қоймай, облысымыздың мәдени мұрасын сақтау мен насихаттауға қосылған маңызды үлеске айналады.