Өңірге шетелдік инвесторларды тарту арқылы жаңа өндіріс орындарын құру жұмысы сәтімен жүзеге асып жатыр. Осы жылы Әулиеата жерінде шетелдік бірнеше компанияның келуімен жаңа зауыттардың құрылысы басталды. Ал біршама уақыт бұрын басталған кейбір өндіріс ошақтары осы жылы пайдалануға беріледі.
Өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің басшылығымен өзге де инвестициялық жобалар қолға алынып жатыр.
Екі жыл бұрын Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында әкімдердің жыл сайын әр 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құруы керектігін шегелеп тапсырғаны белгілі. Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында өңірде ауқымды жобалар жүзеге асырыла бастады. Жамбыл облысында «Super Pharm» фармацевтикалық зауыты қасынан «Эрсад – 2021» зауыты ашылғаны мәлім. Өндіріс ошағы тоқыма емес, материал өндіруге баса ден қойған еді. Аталған зауыт өндіріске қажетті шикізатты өздері өндіруге қауқарлы.
Өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, алғашқы 8 айдың бедерінде өңірге 247,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 702 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар облыстың инвестициялық қоржынында жалпы сомасы 2,5 трлн теңгені құрайтын 70 жоба бар. Бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда 6,3 мың жаңа жұмыс орны құрылмақ. Бүгін Қордай ауданында жылына 1,3 млн тонна цемент өңдеуге қауқарлы зауыттың құрылыс жұмысы аяқталып, ресми түрде ашылды. Сингапур компаниясы қолға алған өндіріс ошағы отандық нарықты қамтып қана қоймай, өндірген өнімді экспортқа шығаруды, сол арқылы табысын еселеуді жоспарлап отыр.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметі келтірген дерекке жүгінсек, сингапурлық «Alacem» компаниясы құрылысын жүргізген жаңа зауыт Орталық Азиядағы ең ірі өндіріс ошақтарының бірі әрі бірегейі болмақ. Заманауи үлгіде салынып жатқан цемент зауыты қалдықсыз кәсіпорын санатына жатады. Жалпы, Қордай ауданы аумағынан су жаңа цемент зауытын салу туралы екіжақты келісім негізінде Сингапур компаниясы өкілдері қызығушылық танытқан. Орталық Азиядағы ірі өндіріс ошағына айналатын жаңа зауытқа 50 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған.
Жергілікті атқарушы билік келтірген дерекке жүгінсек, бүгін ғана ашылған цемент зауыты толық қуатында жұмыс істеген кезде 400-ге жуық азаматты жұмыспен қамтиды. Кәсіпорын басшылары негізінен жергілікті азаматтарды жұмыспен қамтуға басымдық береміз дегенді алға тартып отыр.
Қазір зауыттың цехтарын кезең-кезеңімен іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кәсіпорын басшылары 2025 жылы аталған цемент зауытын толық қуатында жұмыс істетуді қолға алуға бекініп отыр. Атқарылған нақты жұмыстың нәтижесінде кәсіпорын ішкі нарықты отандық өніммен қамтиды. Сонымен қатар аталған кәсіпорын басшылары цемент өндірісіндегі бәсекеге қабілеттілікті арттырып, өнімді жуық арада экспортқа шығаруды да мақсат тұтады.
Осы жылдың 8 айының қорытындысына сәйкес, жалпы сомасы 139 млрд теңгені құрайтын 12 жоба іске қосылған. Нәтижесінде, 405 жаңа жұмыс орны құрылған. Сондай-ақ биыл жалпы құны 228,5 млрд теңгені құрайтын 19 жобаны іске асыру көзделсе, жоғарыда жазғанымыздай оның едәуір бөлігі ретімен іске асып жатыр. 19 жоба іске қосылған жағдайда 1432 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Жыл соңына дейін бірқатар ірі өндіріс орны ашылады деп жоспарланған. Олардың қатарында «Korkem» цемент өндіру зауыты, «Karatau Chemicals» пиросульфит өндіру кәсіпорны секілді өндіріс орындары бар.
Жамбыл облысы