Сын сағатта уақытпен санаспай, бар күш-қуат, қажыр-қайратын жұмылдырып еңбек еткен диқан, механизаторлар 4,7 млн гектар алқапқа сіңірілген дәнді және дәнді-бұршақ дақылдарын тап-тұйнақтай жинап алып, құт қамбасына құйып, астық үшін арпалыста өрістетілген жорықты табысты аяқтады.
Ерте көктемнен басталған нөсер жауын біршама қолбайлау болып, бейнет шеккенімен, дала ерлері табиғат сынына мойыған жоқ. Күзгі егін орағы кезінде де ылғал мол түсті. Әйтсе де, ел ырысын еселеуге ден қойған диқандар күннің әрбір ашық сәтін ұтымды пайдаланып, қажырлы еңбек етті. Сол еңбектің арқасында облыс бойынша гектар берекесі 14 центнерден айналды. Нәтижесінде, 6,6 млн тонна алтын астық бастырылды. Биылғыдай мол табысқа диқандар тәуелсіздік алған жылдардан бастап есептесек, екінші рет қол жеткізіп отыр. Егіншілік мәдениетін жетілдірудің арқасында дәл осындай көл-көсір өнім 2011 жылы болған екен.
Шешуші шақта даладағы еңбек тынысы жоғары өнімді техникаға тікелей байланысты екені белгілі. Мемлекет қолдауының арқасында ауыл шаруашылығы техникалары паркін жыл сайын мүмкіндігінше жаңартып келе жатқан өңір диқандары күзгі дала жұмыстарына 9 мыңға жуық техника пайдаланды. Оның ішінде өнімділігі жоғары астық комбайндары, ауқымы кең жаткалар мен жүк көліктері бар. Жаңа егіннің өнімін қабылдап, сақтауға 66 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны атсалысты. Ауыл шаруашылығы құрылымдарында 1,5 мыңнан астам астық қоймасы бар.
«Диқандардың еңбегі ересен. Олар бар жан-тәнімен еңбек етті, – деп атап өтті облыс әкімі Марат Ахметжанов Шортандыдағы А.Бараев атындағы Ауыл шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында өңірдің жетекші ұжымдарының қатысуымен өткен кеңесте. – Жерде өскен дән сол жерге төгілген қарапайым еңбеккерлердің маңдай тері».
Ақмола облысы