Келер жылы ел экономикасы 5,6%-ға өседі. Яғни 2025 жылы бюджет кірісі 15,6 трлн теңгені құрайды деп болжанып отыр. Бұл туралы кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында айтылды. Жиынға Премьер-министр Олжас Бектенов пен Үкімет мүшелері арнайы шақырылды. Депутаттар қоғамда дау тудырған өткір мәселелерді көтеріп, күн тәртібіндегі бірқатар заң жобасын қарады.
Отырысқа қатысушылар алдымен Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасы жөнінде баяндамасын тыңдады. Оның айтуынша, құжат бюджет кодексінің ережелері негізінде әзірленген.
– Заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы 2025 жылы барреліне 42,3 АҚШ доллары, 2026-2027 жылдары барреліне 41-39,4 АҚШ доллары деңгейінде белгіленген. Осыны ескере отырып, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2025-2027 жылдарға жыл сайын 2 трлн теңге көлемінде айқындалды. Жоспарлы кезеңде Ұлттық қордың таза валюталық активтері болжам бойынша 2025 жылы 62,2 млрд АҚШ долларын, 2026-2027 жылдары 69,9-78,7 млрд АҚШ долларын құрайды, – дей келе Н.Байбазаров заң жобасын қабылдау республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін жеткізді.
Кейін депутаттар талқылауына «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы ұсынылды. Құжатқа сәйкес, Н.Байбазаров еліміздің алдағы үш жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды. Баяндамашы болжамды қалыптастыруда мұнай бағасы барреліне 75 доллар және доллар бағамы 470 теңге болатын базалық сценарий алынғанын атап өтті.
– Болжам бойынша 2025 жылы ішкі жалпы өнімнің нақты өсуі 5,6 пайызды, 5 жыл ішінде жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсуі 5,4 пайызды құрайды. Номиналды ішкі жалпы өнім 2025 жылғы 150,8 трлн теңгеден 2029 жылы 234,2 трлн теңгеге дейін өседі. Экономиканың барлық саласында өсім болады деп күтіледі. Мәселен, өнеркәсіптегі орташа жылдық өсу қарқыны – 4,1 пайызды, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде – 5,8 пайызды, тау-кен өндіру өнеркәсібінде 2,9 пайызды құрайды. Ауыл шаруашылығындағы орташа жылдық өсім – 5,3 пайыз, құрылыста – 9,3 пайыз, көлік қызметтерінде – 8,2 пайыз және саудада 7,1 пайыз болады. Ал мұнай өндіру көлемі 2025 жылы 97,2 млн тоннадан 2029 жылы 104,8 млн тоннаға дейін ұлғаяды, – деді министр.
Заң жобасын бұған дейінгі талқылау барысында 250-ден аса түзету енгізілген. Депутаттар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және коммуникациялар, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт, тағы да басқа негізгі бағыттар бойынша шығыстарды арттыруды ұсынған. Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің сөзіне қарағанда, талқылау нәтижесінде халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, өңірлерді дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныс енгізілген. Оның ішінде халықты таза сумен қамтамасыз етуге, жылу әрі электр энергетикасын, көлік, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымына, сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруға қосымша шығыстар көзделген. Сонымен қатар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында медициналық қызметтер көрсетуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізуге арналған шығыстар қарастырылған.
– 2025 жылы туризм мен спортты дамытуға республикалық бюджет шығыстары 141 млрд теңге, мәдениет және ақпарат саласына 165 млрд теңге көлемінде жоспарланған. Өңірлерді дамытуға 7,5 трлн теңге бөлінеді. Экономиканың нақты секторын дамытуды қолдауға 2,1 трлн теңге қарастырылған. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының 2025 жылға арналған шығыстары 2,7 трлн теңге көлемінде жоспарланған. Жалпы 2025 жылы республикалық бюджет кірістері 15,6 трлн теңгені немесе ІЖӨ-нің 10,4% деңгейінде болжанып отыр, – деді ол.
Қосымша баяндамашы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, қыркүйектің қорытындысы бойынша елдегі инфляция деңгейі 8,3% болды. Бұл 2023 жылғы ең жоғары көрсеткішпен салыстырғанда 2,5 есе төмен.
– Ұлттық банк осы жылдың басынан бері базалық мөлшерлемені төрт рет төмендетті. Яғни базалық мөлшерлеме 15,75%-дан 150 базистік тармаққа – 14,25%-ға дейін төмендеді. Біздің болжамымыз бойынша, 2025 жылы инфляция 5,5-7,5% дәлізінде, 2026 жылы таргетке жақындап, 5%-дан 7%-ға дейінгі аралықта қалыптасады, – деген Т.Сүлейменов Ұлттық қордан қаражатты алу оның түсімінен асып отырғанын мәлімдеді. Мұндай жағдайда Ұлттық қор қаражатын көбейтетін жалғыз фактор инвестициялық кіріс екені аталды.
Ізінше отырыста Заң жобасына қатысты сауалдар жолданды. Депутат Асхат Рахымжанов Премьер-министрден Президенттің 2029 жылға қарай Қазақстан экономикасының өсімін 450 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын Үкіметтің қалай орындап жатқаны туралы сұрады. Өз кезегінде О.Бектенов әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, Мемлекет басшысының тапсырмасы қалай орындалатынын ашып түсіндірді.
– Елдің 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, ІЖӨ-нің жыл сайынғы өсімі орта есеппен 5,4% деңгейінде жоспарланған. Мұндай көрсеткішке қол жеткізген кезде елдің ішкі жалпы өнімі 2025 жылы 321 млрд доллардан 2019 жылы 498 млрд долларға дейін ұлғаяды. Осылайша, 2029 жылға қарай ІЖӨ көлемін 450 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасы орындалады. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша ІЖӨ өсімі 4%-ды құрады. Бұл өсімге мұнай өндіру көлемінің төмендеуі аясында қол жеткізілді. Яғни өсім басқа да мұнайдан тыс салалар есебінен өсіп жатыр. Экономика ауыл шаруашылығы есебінен дамып келеді, ол 11,4%-ға өсті. Көлік, сауда есебінен өсім 6%-дан жоғары көрсеткіш көрсетті. Құрылыс 10%-дан аса өсті. Осылайша, бұл салалардағы өсім жалпы экономиканың, ІЖӨ-нің өсімін қолдауға мүмкіндік береді. Әрине, бұл жеткіліксіз, біз мұны түсінеміз, сондықтан да түйінді мәселе бойынша қазірдің өзінде жұмыс істеп жатырмыз. Бұл – еліміздегі ірі индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін экономикаға елеулі инвестиция көлемін тарту. Өсу мүмкіндіктерінің бірі инфрақұрылымға өте маңызды инвестицияларды көздейтін Ұлттық инфрақұрылымды дамыту жоспарын іске асыру болмақ. Сондай-ақ Президент Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес, ТКШ жүйесін жаңғыртудың жаңа ұлттық жобасын әзірлеу соңғы сатыда тұр, – деді Премьер-министр.
Мәжілістегі саяси партиялардың фракция жетекшілері де заң жобаларына өз бағасын берді. «Amanat», «Ауыл», «Respublica» және Қазақстан Халық партиясы фракциялары қолдап, «Ақ жол» фракциясы қарсылық білдірді, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясы қалыс қалды.
Талқылау қорытындысы бойынша екі заң да қабылданып, Сенатқа жолданды. Қорытындылай келе палата спикері Ерлан Қошанов республикалық бюджет жобасы күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемесін орындауға мүмкіндік беретінін баса айтты.
– Біз үш жылдық кезеңге арналған ел бюджетін талқылауды аяқтап, қабылдадық. Бюджетте Мемлекет басшысының сайлауалды бағдар-ламасы мен жыл сайынғы Жолдауларында белгіленген бастамаларын іске асыруға баса зер салынды. Бюджеттің жалпы шығыстарының шамамен 40 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған. Мәселен, келесі жылы әлеуметтік төлемдер өсіп, төлем алушылар саны артады, – деді Мәжіліс төрағасы.
Депутаттар «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Оларды депутаттарға Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы Сұлтан Қамалетдинов таныстырды. Оның айтуынша, заң жобасы аумақтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік саясаттың құқықтық негіздерін белгілейді.
– Әзірленген нормалар тиісті қаржы бөлінген аумақтық қорғаныс жүйесіне салалық сипат беруге, орталық және жергілікті атқарушы органның ұйымдағы функциясы мен өкілеттігін айқындауға, жеке және заңды тұлғаның осы саладағы құқығы мен міндетін бекітуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қорғаныс министрлігіне орталық, жергілікті атқарушы орган, меншік нысанына қарамастан, ұйым қызметін мемлекеттік бақылау функциясын жүктеуге ықпал етеді, – деді С.Қамалетдинов.
Жұмыс тобының жетекшісі Максим Рожин өзінің қосымша баяндамасында Қазақстанның қорғаныс жүйесіне «ерікті адам» және «өзін-өзі қорғау құралымдары» деген жаңа ұғымдар енгізілетінін атап өтті. Азаматтардың соғыс жағдайы кезінде өзін-өзі қорғау құрамаларында ерікті қызмет атқару мүмкіндігі қарастырылған.
Бұған қоса депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне биржа саудасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қабылдап, Сенатқа жолдады. Түзетулерді әзірлеуші Екатерина Смышляева екінші оқылымға дайындық барысында депутаттардан тауар биржаларының лицензияларының қолданылуын тоқтата тұру және одан айыру тәртібін айқындау, клиринг орталықтарының бағдарламалық қамтамасыз етілуіне талаптарды енгізу, әлеуметтік маңызы бар биржалық тауарлардың саудасын ұйымдастыру тәртібін нақтылау, сондай-ақ тауар биржалары жарғылық капиталының тұрақты мәндерін айқындау жөнінде ұсыныстар түскенін айтты.
Бұған қоса Мәжіліс Сенаттың «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына енгізген түзетулерімен келісті.