Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Қазақстандағы IT мамандарының орташа жалақы мөлшерін мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
2023 жылы Қазақстанның IT-индустриясы өзінің қарқынды өсуін жалғастырып, жұмыспен қамту үшін ең тартымды салалардың біріне айналды. IT-компаниялардың саны 17 922-ге жетті, бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 11 пайызға көп.
Министрдің айтуынша, бұл салаға қызығушылықтың артуы оның белсенді дамып келе жатырғанын көрсетеді.
«2023 жылы IT мамандарының орташа айлық жалақысы 588 мың теңгені құрады, бұл бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 35 пайызға көп. Бұл білікті кадрларға және бәсекеге қабілетті еңбек жағдайларына деген жоғары сұраныстың көрінісі», деді Жаслан Мәдиев.
Сонымен қатар ақпараттық технологиялар саласындағы жұмыспен қамту 12 пайызға өсіп, 187 мың адамға жеткен. Министр қызметкерлер санының артуы саланың кеңейіп, жаңа жұмыс орындарының ашылғанын дәлелдейді деп атап өтті.