• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 01 Қараша, 2024

Тарих тереңіне бойлаған

143 рет
көрсетілді

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Еуразия тарихы және мәдениетін зерттеу» орталығының директоры, ҰҒА құрметті академигі Сатай Сыздықов – көне тарих тағылымын бүгінгі идеологиялық негіздермен байланыстырып жүрген аз ғалымның бірі. Оның еңбек­те­рінде «қазылық» ұғымы ерекше орын алады. Өзінің айтуынша, қазылық сөзін­дегі «қаз» түбірінің «қазақ» атауымен, түркі дәуіріндегі қазақ ру-тай­па­ларының ата-бабасы ­болып табылатын қарлық түркілерімен тікелей бай­ланысы бар. «Қазылық ету» – кезінде қазақ мемлекеттілігінің басқару инс­ти­туты болғаны ­тарихтан белгілі. Оның бер жағында өзі туып-өскен жері – Қарқаралы өңірі де өткен замандарда «қазылық» деп аталған. ХVІІІ ғасыр­да суырып салма ақын Күдеріқожа Көшекұлы «Қарқаралы – Қазылық», жататұғын жазылып» деп осы өңірмен қоштасқан.

Ерте орта ғасырларда араб географтары карталарында Ұлы даланы «Хазлажия» немесе «Хар­лухия» деп аталғанын біреу білсе, біреу білмейді. Бұл атаулардағы «қаз», «қар» түбірлері ерте заманнан «тау» ма­ғынасын бергенін айта келіп (РҒА академигі А.В.Дыбо), тіл ғалымдары бұл түбір сөздердің қайсысы бірінші ай­тылғаны жөнінде осы күнге дейін дау туды­рып келеді. Жалпы, Асан қайғы, Бұхар жыраулардың Арқадағы Шыңғыстау, Ұлытау, Қарқаралы өңіріндегі таулар жүйесін «он екі Қазылық, ой Түңдік» деп тұтастай атауы кездейсоқ емес. Сонымен бірге ғалымның басты ғылыми еңбегі «қар», яғни «тау» мағынасын білдіретін (Тау елі) қарлық түркілерінің мемлекетіне арналса, ал туған жері Қарқаралы туралы еңбегін «Қарқаралы – Қазылық» деп атаса, мақала мәні мен сыры түсінікті. Кезінде жерлесі, дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың мерейтойында жазған мақаласын «Қазылық-Қасым» деп атаған еді. Ендеше, бүгінде Сатай Мақсұтұлы «Қазылық ғалым» аталуға әбден қақылы деп есептейміз!

Ұлттық тарих халықтың рухы мен зердесін, ата тіліңді, байтақ дәстүріңді, отаншылдық сезімді дүр сілкіндіріп оятары ақиқат. Осы орайда Сатай Сыздықов «Орхон жырлары – тарихи дерек», «Қар­лық-Қарахан мемлекетінің тарихы», «Мәңгілік ел» идеясы: қалыптасуы, үш негізі және тарихи сабақтастығы», «Қарқаралы – Қазылық», «Абай және Ұлы дала тұлғаларының мұралары: өрке­ниеттік сабақтастық», төрт томдық «Қазылық» атты сүбелі монографиялары мен ғылыми-танымдық еңбектерін­де түркі дәуірінде Қазақстан террито­рия­сында қалыптасқан мемлекеттер­дің өзекті мә­селелерін қаузаған. Атап айтқанда, Орхон-Енисей түркі жазба ескерт­кіштеріндегі тарихты ауызша баян­­дау дәстүрі, этникалық атаула­ры, түркі жұрттарының тарихи, мәдени, фәл­сафалық жәдігері «Оғыз-наме» мен «Қорқыт ата кітабы» хақында, түр­кі­лердің киелі орындарының этимологиясы, Қара Шор хикаясы, Араб халифаты мемлекеттік басқару жүйесінің қа­лыптасуындағы түркілердің рөлі, ортағасырлық түркілердің бектік институты мен қазақтың билер институтының сабақтастығы және генезисі, ортағасыр­лық қарлық түркілерінің қазақтың этно­генологиялық шежіресімен орайлас­ты­ғы, қарлық түркілерінің қала мәдениеті, шаруа­шылығы, әлеуметтік құрылымы нақты деректер, мәліметтер, шынайы айғақтар негізінде айшықталған.

Тарихты тамыршыдай тану, есте жоқ ескі заманды сөйлету, даналықтың кітабы Ұлы даланың тарихы мен мәдениетін баян­дау – тарихшыдан сақтықты, сали­қа­лылықты, сарабдалдықты талап ете­тіні анық. Сондықтан да профессор С.М.Сыздықов маңызды дерек­тік ақпа­раттарды тарихи үдеріс­тер­ді түсінді­руде орынды және обьективті қолданады. Тарих философиясын жете мең­гер­генін, оның түп-төркініне дейін пайымдайтынын, тереңіне ой жүгіртетінін көреміз.

Негізінде, халқымыздың тілі, діні, ұлт­тық сана деңгейі, саяси-әлеумет­тік құрылымы, басқару жүйесі, шығарма­шы­лық мәдениеті, философиясы, мемлекеттік стратегия­сы Күлтегін ескерт­кішінде шынайы баяндалған. Ең бастысы, бұл бітіктаста ортағасырлық түркілерде мемлекеттің болғанын дәлелдейтін мемлекеттік идеологиясының жария­лануы еді. Сондықтан да профессор С.Сыз­ды­қов бірсыпыра еңбегін ортағасыр­лық түр­кілердің «Мәңгілік ел» мемлекет­тік идео­логиясын тануға, оның кейінгі дәуір­лерде жалғасқанына арнады. Ол бұл идеологема түр­кілер дүние­танымы негі­зінде қалыптасқанын дәлел­деді. Алтын Орда империя­сы мен Қазақ хан­ды­ғының мем­лекеттік идеологиясы кейін отаршылдық бұғауына түскен кездегі Алаш идеясымен астасып жатқанын жарқын мысалдармен дәлел­деп шықты.

С.М.Сыздықов 2020 жылы үш тілде (қазақ, ағылшын, орыс) жарық көрген «Әл-Фараби және Мәңгілік ел идеясы» монографиясында Әбунасыр түркілердің қарлық тайпалық конфедерациясынан шыққандығы айқындалған. Осыған дейін Әл-Фараби жөнінде қаншама еңбек шыққанымен ғұламаның тегін тап басып ешкім айта алмағаны белгілі. Түркі тектес тайпадан шыққаны аталғанымен, нақты дерек келтірілмеген. Түркілердің төл деректері арқылы оның қарлық ру-тайпалық бірлестігінен шыққандығын дәлелдеді. Әл-Фараби ежелгі түркілердің дүниетанымы негізінде жасаған «мәңгі­лік» ілімі «Мәңгі Ел» мемлекеттік идео­логиясының теориялық негізіне айнал­ғанын негіздейді. Сонымен бірге Әл-Фарабидің қала-мемлекеттер жайындағы көзқарасы мен түркілердің өркениеті, яғни қала мәдениеті (ІХ ғасырда жазылған «Худуд әл-Алам» шығармасында қарлық елін­де 25 қала болғаны айтылған) зер­деленеді. Зерттеуші этнос, этномәдениет, этнолингвистика мәселелеріне де ғылыми пайымдаулар жасайды.

Ортағасырлардағы көшпелілігі басым Ұлы дала елінде идеология мен идея­лардың сабақтастықта дамуы мемле­кеттіліктің де үздіксіз жалғастықта бол­ғанының белгісі. Бұл зерттеу жұмысы кейбір көрші елдердің теріс пиғылды өкілдері қазақ халқында «мемлекет, шекара болмаған» деген сыңаржақ көзқарас екенін айқын көрсетеді.

Кезінде, осыдан 5-6 жыл бұрын, қазақта шекара, мемлекет болмаған деген саяси «қаңқу» сөздер шыққан-ды. Сонда сонау Алматыдан «Ана тілі» газетінің тілшісі телефон шалып, пікір білдіруін сұраған екен. Жауап ретінде «Шекара не өзен болар, не кезең болар» деген мақала жіберіпті. Ертеңіне газеттің бірінші бетіне басылады. Онда экологиялық мәдениеті жоғары, табиғатпен үндес өмір сүрген және «қасиетті жер-су» сенімінде болған көшпелілер аумағын жердің рельефі арқылы, яғни өзен-су немесе кезең – тау арқылы белгілеген. Сондықтан шекара атауы қазақтарда шет тілінде аталмаса («граница», «делимитация), одан ол елдің шекарасы немесе мемлекеті болмаған деп айту бекершілік.

Қарахандар әулеті басқарған мемлекет­тің ыдырауы нәтижесінде қарлықтардың Қойлық, Алмалық және Хазар-Қарлық сияқ­ты үш хандық құрылғаны туралы жаңа тұжырым академиялық ортада да, шетел­дік басылымдарда да айтылмайды. Бұл хан­дықтар туралы мәселелер ғалым еңбе­г­інде алғаш рет қарастырылып, келешекте осы бағытта зерттеулер керегі нақтыланды.

Ғалымның туған жері – Қарқаралы туралы «Қарқаралы-Қазылық» атты ғылыми-танымдық кітабын айтпай кетуге болмайды. Онда қала атуының қалып­тасуы, этимологиясы, өңірді ежелден мекендеген қазақтың ру-тайпаларының тарихына ғылыми талдау жасаған. Соны­мен қатар Қарқаралы тарихын патша өкіметінің 1824 жылғы Қарқаралы округі туралы указынан бастамай, оның ғұн-сақ, түркі дәуірінен келе жатқан мекен ретінде танылуы алғаш рет ғылыми мәселе ретінде алға қойылды. Ғалым парсы дерегіне сүйене отырып, Қарқаралы өңірінде бұдан 1185 жыл бұрын «Қарқар» хандығы болғанына нақты дәлелдер келтірген. Сонымен бірге кітапта осы уақытқа дейін Алаш тарихнамасында жет­кілікті тұрғыда көңіл аударылмай келе жатқан мәселеге, яғни Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күрескен Алаш қозғалысы бас­тауын Қарқаралы қаласынан алатындығы, яғни Қарқаралыны Алаш қозғалысының алтын бесігі ретінде тануға көңіл аударды. Алаш қозғалысының бас­тауы болып табылатын 1905 жылғы «Қарқаралы петициясы» осыған дәлел деп жазды.

С.Сыздықовтың тарихнама ғылы­мын­дағы бір жаңашылдығы – түркі дәуі­ріндегі алғашқы тарихнамашылар ту­ралы жаңа тұжырымдамасы. Әдетте, отан­дық ғылымда түркілер тарихын хат­таушылар Мұхаммед Хайдар Дулатидан, яғни ХV ғасырдан басталатыны айтылады. Алайда зерттеуші бұл ұстанымды жеті ғасырға кейін шегертіп, ҮІІІ ғасырдың басында Түрік қағанатының тарихын бітік тастарға жазған Тоныкөк, Иолығ тегін және Алп Елетмішті түркілердің алғашқы тарихшылары ретінде мойындауды ұсынады.

Біз ғалымның тек ғылыми еңбектері­мен ғана шектелсек, жеткіліксіз болар еді. Өйткені ол басшылық жасап отырған университет жанындағы «Еуразия тарихы және мәдениетін зерттеу» орталығын­дағы әріптестерімен ғылымның қазіргі кезеңдегі заманауи өзекті мәселелері бойынша жұмыстар жүргізуде. Мысалы, С.Сыздықов «Рухани жаңғыру» аясында мемлекеттік бағдарламаның жетекшісі болып, орта­лықтағы әріптестерімен 3 ұжымдық монография, оқу-әдістемелік құралы және хрестоматияны жарыққа шығарды. Бұл кітаптардың электрон­ды нұсқалары республикадағы барлық облыстың ішкі саясат басқар­маларына, «Рухани жаңғыру» қоғамдық даму инс­титуты» КеАҚ, Қазақстан Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ, «Отандастар қоры» КеАҚ-қа таратылды.

С.Сыздықов өзінің негізгі ғылыми бағыты – ортағасырлық түркілер мем­лекеті және мәдениетінің тарихымен ғана шектелмей, қазіргі Әділетті Қазақстан құруда халықтың тарихи және рухани санасын қалыптастыру жолында да ғылыми ізденіс үстінде. Бұған кейінгі кездері басылымдарды үздіксіз жариялаған мақалалары дәлел.

Ғалым елдің қоғамдық-саяси өмі­ріне де белсенді араласады. «Қазақстан халқы Ас­самблеясы» туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» комиссиясының, Астана қаласының «Рухани жаңғыру» кеңесінің мүшесі болды. Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы сарапшылар кеңе­сінің, «Түркология» мамандығынан республикалық әдістемелік кеңестің мүшесі. Оның ғылымдағы жетістіктері және қазақ қоғамындағы белсенді қоғам­дық-саяси қызмет лайықты бағаланып жүр. «Құрмет» орденінің, «Күлтегін» сыйлығының, «Қазақстан Республикасының ғы­лымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, «Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» (2006), «Қазақстанның Республикасының Үздік ғылыми қызметкері» байқауы­ның (2022) жеңімпазы, Қар­қа­ралы ауда­нының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым акаде­мия­сының құр­метті академигі және басқа да салалық медальдардың иесі.

Ата тарихымыз – ұлттық, рухани, сая­си-әлеуметтік, философиялық құнды­лық­тарымыз бен мыңжылдық үздік тәжі­рибелеріміздің шарайнасы. Елшілдік, мем­лекетшілдік, қаһармандық іс-әре­кеттердің әлемі. Әділетті Қазақстан қоғамының гуманистік ұстанымдарын одан әрі өркендету жолында бабалар аманаты мен қағидаттарының мән-мағынасы айрықша бағалы. Сондықтан да тарихшы ғалым Сатай Сыздықовтың ұлт құндылықтары мен қағидаттары туралы толғамдары ел тари­хындағы жаңашыл ой-тұжырымдама ретінде қабылдауға лайықты. Сондай-ақ ол Қазақ­стан қоғамының интеллектуалдық-шығар­машылық мәдениетін көркейтуге, тарих ғылымын дамытуға әлі де көп үлес қосады деп сенеміз.

 

Серік НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор