• RUB:
    5
  • USD:
    488.91
  • EUR:
    532.62
Басты сайтқа өту
Ғылым Кеше

Ізденіс басы – іргелі зерттеу

222 рет
көрсетілді

Емі табылуы қиын альцгеймер және паркинсон ауруларына қарсы дәрі жасап жатқан мамандар арасында отандық ғалымдар да бар. Солардың бірі – химия ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің зерттеуші-профессоры Нұрбол Аппазов. Осыған дейін де күріш сабанынан биотыңайтқыш, целлюлоза алу, жантақтан дәрілік препарат дайындау, мұнаймен ластанған топырақты тазалау жобаларына жетекшілік еткен ғалыммен әңгімелескен едік.

– Нұрбол Орынбасарұлы, бұл бастаманы қашан қолға ал­дыңыздар? Әуелгіде қалай бас­талды? 

– Осыдан жеті жыл бұрын «Жоға­ры оқу орнының үздік оқыту­шы­сы» деген грант негізінде Португа­лияға тәжірибе алмасуға бардым. Сол елдегі жаңа Лиссабон уни­вер­ситетіндегі тағылымдамада ше­тел­діктер күріш қалдықтарынан бел­сендірілген көмір алу, флавоноидтарды суда еритін күйге көшіру туралы бастамамызға қызығушылық танытты. Солармен бірлесе отырып, флавоноидтардың басқа да ауруларды тежейтін қасиетін анықтау үшін экспресс-тест жүргізіп көрдік. Нәтижесінде, альцгеймер және паркинсон ауруларына әкелетін амилоид фибрилдерінің түзілуін төмендететін қасиеті расталды. Осылайша, Еуропалық одақтың «Horizon» бағдарламасына ұсынған жобамыз үшінші мәрте дегенде сынақтан өтіп, облыс тарихында Еуроодақтың «Горизонт» инновациялық жобасын алғаш рет ұтып алдық. Қазір бұл бағыт­та бізден басқа Португалия, Нидер­ланд, Ұлыбритания, Дания, Ре­сей, Беларусь және Украина мем­лекеттеріндегі әріптестеріміз де ізденіп жатыр.

Жалпы, биологиялық белсенді қосылыс саналатын флавоноид көп­теген өсімдікте кездеседі. Сыр­дың бойында оған кәдімгі жан­­тақ бай. Біз осы флавоноидтарды фул­лерен деген наноматериалмен суда еритін күйге көшіріп, жаңа қосылысты синтездеп алып, Португалиядағы Лузофона, Ұлы­британиядағы Оксфорд универ­ситеттеріне, Нидерландтың Неу­ропласт ғылыми зерттеу орталы­ғына биологиялық сынақтар жүргі­зуге жібердік. Португалиялық әріп­тес­теріміз біз алған қосы­лыс­тың толық құрамы мен құрылы­сын зерттеп, дәлелдеп берді. Олар қосылыстардың амилоидты фиб­рилдердің түзілуін тежейтін қасиет­терін анықтады. Адам ағзасында пайда болатын амилоидты фибрил­дер түзіле сала жойылып отырады. Кейбір кездері ағза оны өзі жоя алмай қалады да, деменция пайда болады. Оның себебі әлі табылған жоқ. Қазір ғалымдар осы амилоидты фибрилдердің түзілуін тежей­тін қосылыстар алғанымен, олар­дың гематоэнцефалитті ке­дер­гі­ден өтуі оңай болмай тұр. Біз­дің мақсат – осыны жою. Ұлы­брита­ниялық әріптестеріміз біз алған қосылыстардың гематоэнцефалитті тосқауылдан да өте алатынын дәлел­деді. Демек ол еш кедергісіз миға жетіп амилоидты фибрилдерді жоя алады деген сөз.

Біраз жұрт айтып жүргендей, біз дәріні әлі ойлап тап­қан жоқпыз, тек еуропалық ға­­­лым­дармен бірге альцгеймер және паркинсонның алдын алуға әсер ететін негізгі затты әзірлеп жа­тыр­мыз. Өткен жылы алынған микротолқынды реактор арқылы осы күні қосылыстың көлемін көбейтуге күш салып отырмыз. Нәтижесі де жаман емес. Оның улылығы, жанама әсерлері әлі де зерттеулерді қажет етеді. Болашақтың еншісіндегі бұл шаруа енді нейробиологтер мен ме­дицина мамандарына тікелей байланысты.

– Биыл Ғылым және жоғары білім министрлігінің бес жобасын ұтып алдыңыздар. Осы жобалардың бағыты мен маңызы туралы айтсаңыз?

–  Жалпы, университет тарихын­да химия саласы бойынша бір жыл­да бес жоба алу деген – бұрын-соң­ды болмаған жетістік. Бұл бізде ғылымға көңіл бөлініп келе жат­қанын көрсетеді. Жобаның төртеуі химиялық синтезге байланысты. Қазір қосылыс алуды бастап кеттік. Алда оны модификациялап, қатерлі ісікті емдеуге қолдануға лайық­таймыз. Мысалы, қазір осы дертті емдеудегі химиялық терапия кезін­де науқастың шашы түсіп, ағзасы қатты әлсірейді. Біздің мақсат – осындай кері әсерлерін азайту. Мы­салы, қатерлі ісік клеткалары­ның көмірсуды көп қажет ететіні ғы­лым­да дәлелденген. Біз жасушаның бар­лық тіршілік әрекетіне жарап, энер­гия көзі саналатын осы көмір­суға химиялық модификация ар­қы­лы өз қосылыстарымызды бай­ла­ныс­­тырып жіберіп, ағзаны «алдаймыз». Осылайша, ол ағзадағы басқа жасушаларға «бұрылмай», қатерлі ісік дамып жатқан тұсқа тіке­лей барып, оны тоқтатады. Төрт жобаның біреуінің шеңберінде кү­ріш қауызынан биологиялық бел­сенді қоспалары көп май алу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Соны алып, реакция арқылы биологиялық белсенділігін көтеруді көздеп отырмыз.

Тағы бір жобамыз мұнай қал­дық­тарымен ластаған топырақты қалпына келтіруге арналады. Жалпы, ластанған топырақты химиялық тазалау – бұрыннан бар әдіс. Бірақ оның тиімсіз тұсы – қоршаған ортаға кері әсер ететіндігі. Сондықтан біз жобада биохимияға сүйеніп, микробиологтермен бірлесе отырып, топырақты мұнаймен қоректене­тін бактериялар арқылы тазалауды ұсынып отырмыз. Осы арқылы 2 айда топырақты 10 пайызға дейін тазартуға болады. 

– Осыдан біраз бұрын күріш қауызынан белсендірілген көмір алуды бастап едіңіздер. Жобаның нәтижесі қалай болды? 

– Жалпы, күріш қалдығынан белсендірілген көмір алу бұрыннан бар. Бірақ оларға қосылатын бай­ланыстырғыштар құны қымбат. Сондықтан біз арзан жолын іздеп, мұнай қалдықтарына көштік. Бұ­рын­ғы тәжірибелерде алынған белсен­дірілген көмір қасиеті жа­ғынан ағаш көмірінен әлсіз болса, мұнай қалдықтарымен араласқан біздің өнім сапасы бәрінен жоға­ры болды. Бірақ құрамында мұнай қалдықтары болғандықтан, біз оны медицинада қолдана алмаймыз. Одан басқа да бағыттар арасынан біз қалдық суды тазарту жағын таңдап алдық. Өткен жылы университеттегі су мамандары, агрономдар, географтар, энергетиктер мен химиктер бірлесе отырып нысаналық қаржыланды­ру шеңберінде Тасбөгеттегі кәріз суларын биологиялық тазарту стансасында суды белсендірілген көмірмен тазалау жобасын дайындадық. Осы­­лайша, станса маңында мал азық­тық дақылдар мен тал-дарақ егілді.

Егіс даласындағы қашыртқы су­ды да осы әдіс арқылы тазартуға әб­ден болады. Оған да зерттеу жасап көргенімізде күрішке жұмсал­ған суды тазартып, оны алқапқа пай­далануға немесе басқа да дақыл­дарды суаруға болатынына көз жет­кіздік. Тіпті тазарған суды дария арнасына қайта құюға да болады. Бірақ бұл – көп қаржыны қажет ететін шаруа. 

Кез келген ізденіс іргелі зерттеуден басталады. Мысалы, біздің күріш қауызынан белсендірілген көмір алу бағытындағы бастамамыз іргелі зерттеу болды. Ал биологиялық тазалау стансасындағы қалдық суды тазартып, оны кәдеге жаратудағы жұмыстар – қолданбалы зерттеу жемісі. Осы істің ауқымын кеңей­тіп, таза суды арықтарға жіберіп, қаланы көгалдандыруға жұмсай алсақ жоба коммерцияландырған болып саналады. Осыдан 12-13 жыл бұрын мұнай қалдықтарынан қайтадан мұнай алу жобасын бас­таған едік. Кәсіпкерлермен бас­таған іргелі зерттеуіміз бойынша қалдықтан екінші мәрте өнім алу жобасы өндіріске енді. Бірақ бұл жердегі бас­ты мәселе өнімнің өзін­дік құнына тікелей байланысты.

–  Әңгімеңізге рахмет. Бастама баянды болсын!

 

Әңгімелескен – 

Мұрат ЖЕТПІСБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»