• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 05 Қараша, 2024

Халыққа зор шығын әкелген нөсер

74 рет
көрсетілді

Испаниядағы селдің салдары ауыр тиді. Бүгінде бұл елде тосыннан келген апаттан көз жұмған адам саны 200-ден асты. 29 қазанда «Dana» дауылы соғып, орасан зардабын тартқан Валенсия автономиялық қауымдастығында құтқару жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Табиғи апаттан елдің шығыс аймағы қатты зардап шеккен. Электр жарығы өшіп, жолдар жабылып, по­йыз қозғалысы тоқтады. Ғимараттар, көпірлер қираған. Қайтыс болғандар саны әлі де өсуі мүмкін.

Аталған елдің қайғысына ортақ­тасып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Испания Короліне көңіл айту жеделхатын жолда­ған еді. «Осындай ауыр сәтте Сізге, жақын­дарынан айырылған отбасыларға Қазақстан халқының және өзімнің атымнан көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін», делінген Президент жеделхатында.

Мұндай жойқын су тасқыны елде кейінгі 50 жылда болмаған. Бірінші күні-ақ 95 адам қаза болған. Лай ағынынан Кастилья-Ла-Манча және Андалусия аймақтары­ның да көшелері ғимараттар мен көліктердің үйінділеріне айналған. Мыңдаған адам эвакуацияланды. Әлі де құтқарушылар жете алмаған аумақтар бар.

Іздеу-құтқару жұмыстарына әскерилер, авиация мен дрондар тартылған. Тосыннан келіп, елді тосырқатқан тасқыннан зардап шеккендерге психологтер көмек көр­сетіп жатыр. Мыңдаған волонтер жедел әрекет етіп, тұрғындарға азық-түлік, қажетті заттарды жеткізіп, аумақтағы қоқысты тазалауға кіріс­кен. Кей тұрғындар, жергілікті сая­саткерлер билік тарапынан ескерту мен жедел шаралардың кешігіп жасалғанын сынға алды. Валенсия аймағының үкіметі тұрғындарды су тасқыны туралы алғашқы хабарламаны сегіз сағат өткен соң, елдің метеорологиялық қызметі аймақтағы «өте қауіпті» деген ескертпені жариялағаннан кейін 10 сағаттан соң SMS хабарлама жібергенін мойындады.

Елдің Премьер-министрі Педро Санчестің хабарлауынша, қазірге дейін төтенше жағдайлар күштері 4 800-ге жуық адамды құтқарып, 30 мыңнан аса адамға көмек көрсеткен. Сондай-ақ ол жоғалған адамдарды іздеуге көмектесу үшін Мадридтен, Испанияның басқа бөліктерінен 5 мыңға жуық сарбаз келгенін, тағы да 5 мың әскери қызметкер жөнелтілуін күтіп отырғанын айтты.

Валенсиядағы ең ірі сауда орталы­ғы, 5 700 көлік орны бар Bonaire-дің көлік тұрағын 3 метрлік деңгейде су басқан. Соған қарамастан құтқару топтары мен өрт сөндірушілер күш біріктіріп, жерасты гараждарындағы су мен лайды шығаруға аянбай еңбек­теніп жатыр.

Табиғи апаттан қатты зардап шеккен аудандарда мектептер мен негізгі қызмет көрсету орындарының жұмысы тоқтады. Толассыз нөсер жауыннан кейін Мадрид және Барселонамен теміржол қатынасы үзілген. 31 қазаннан бастап елде үш күндік аза тұту күні жарияланған.

Сарапшылар апатты күн райының күрт бұзылуын климаттың өзгеруімен бай­­ланыстырып отыр. Яғни Жерор­та теңізіндегі температураның жоға­ры­лауынан булану деңгейі артып, жа­уын-шашын мөлшеріне әсер етке­нін жеткізді. Метеорологтер бола­шақта мұндай апаттар жиілеуі мүмкін дейді. Испания билігі апаттан зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіру үшін Еуроодақтан қолдау сұрады.

Ал біздің Сыртқы істер министр­лігінің өкілі Айбек Смадияров­тың мәлімдеуінше, Испанияда су тасқынынан зардап шеккендер мен қаза тапқандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ.