Әдеби сауалнамамыздың кезекті қонағы – сыншы-әдебиетші Амангелді Кеңшілікұлы. Дәстүрлі сұрақ: не оқып жүрсіз?
– Кітап оқымаған күнім болмаса да, алдағы айда бәленбей шығарма оқимын деп алдын ала жоспар жасамаймын. Өйткені оқитын шығармалардың көлемі де әртүрлі болады. Айталық, Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтар», Томас Манның «Будденброктар», Герман Мелвиллдің «Моби Дик» немесе Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» сияқты көлемі кере қарыс романдарын оқып шығуға бір апта уақыт кетеді. Ал Марсель Прусстың «Сван бағытына қарай», Джеймс Джойстың «Улисс», Уильям Фолкнердің «Айғай мен ашу», Асқар Сүлейменовтің «Адасқақ» сияқты модернистік мәтіндерін түсініп оқу төзімділікті қажет етеді. Оларға кемі бір ай уақытыңды жұмсайсың. Тез оқылатын туындылар да, сонымен бірге күрделі шығармалар да бар. Шығарма мәтінінің жеңіл немесе күрделі болуы туынды нашар немесе керемет деген ұғымды білдірмейді.
Кейінгі жылдары мәтіндері аса күрделі емес туындыларды аудионұсқадан тыңдап жүрмін. Кормак Маккартидің «Жол», Хан Ганның «Вегетариан әйел» сияқты көлемі шағын (150–200 бет) романдары аудионұсқасының ұзақтығы 5–6 сағат, ал Стендальдің «Қызыл мен қарасын» тыңдап шығуға 24 сағат, Толстойдың «Анна Каренинасын» тыңдауға 34 сағат уақыт табуың керек.
Таяуда мына кітаптарды оқып шықтым. Стефан Цвейг «Три певца своей жизни. Казанова, Стендаль, Толстой». Үш эссесі де ұнады. Кормак Маккарти «Дорога». Антиутопиялық роман. Бұл роман жөнінде уақыт тапсам, мақала жазу ойымда бар. Бүгінгі күннің шындығын жазған Светлана Алексиевичтің «У войны не женское лицо», «Время сэконд ханд» кітаптары ерекше ұнады. Джеймс Джойстың «Портрет художника в юности». Бұл романды бұрын да оқығанмын. Дәріс оқитын болған соң, тағы бір шолып шықтым. Романның аудионұсқасын да «Литрескниги» сайтынан сатып алып, тыңдауға уақыт таптым. «Литрескниги» сайтынан жақында ғана Нобель сыйлығын еншілеген Хан Ганның екі романын бір түн ұйықтамай оқып тастадым. Екі роман да қатты әсер етті.
Марқұм болып кеткен Ғалымбек Елубай шынында да талантты жазушы екен. Көзі тірісінде бағалай алмағанымыз қандай өкінішті. «Жүз жетінші көктемі» менің жанымды тебірентті. Уақыт тауып, Ерболат Әбікенұлының «Ояну» әңгімелер жинағын оқып, риза болдым. Әдебиетімізге Бейімбет Майлиннің ізін басуға лайық суреткер келген екен. Соған шын қуандым.
Тап қазір Джеймс Джойстың «Улисс» романын осымен үшінші мәрте оқи бастадым. Ең алғаш рет бұл күрделі туындыны 1988 жылы әскер қатарында жүргенде шолып шыққанмын. «Иностранная литература» журналынан. Ол кезде атақты Шыңғыс Айтматов бұл басылымның бас редакторы болды. Қырғыз қаламгері сіресіп қалған сеңді бұзып, журнал бетіне әлемге әйгілі модернист суреткерлердің туындыларын бере бастады. Өйткені Батыстың модернистік әдебиетінен сусындаған, жаңашылдыққа жаны құмар Айтматов шығармашылығының кемелденуіне Джойстың сана ағысындағы құбылыстарды сан түрлі қырынан суреттейтін күрделі мәтіндерінің ықпалы зор болды.
«Улисс» – өте үлкен кітап, Виктор Хинкис пен Сергей Хоружийдің аудармасында 800 бет. Оған кітапқа берілген 300 бет түсініктемені қосыңыз. Мың бет кітапты оқып шығу оңай олжа емес. Егер де сіз бұл романды қабылдай алмасаңыз, оқымай-ақ қойыңыз. Өйткені Ричард Олдингтон, Бернард Шоу сияқты ұлы қаламгерлердің өздері оны оқи алмаған. Алайда төзіміңіз жетіп, оны соңына дейін оқып шықсаңыз, Уильям Фолкнер, Вирджиния Вулф сияқты әлемге әйгілі суреткер шығармаларындағы модернистік прозаның ғажайып үлгілерінің қалай дүниеге келгенінің сырын түсіне бастайсыз. «Улисс» прозаға ғана емес, модернистік поэзияның жаңа үлгілерінің дүниеге келуіне де игі ықпалын тигізді. Егер «Улисстің» алтыншы эпизоды болмаса, Томас Элиоттың «Құнарсыз жер» («Безплодная земля») поэмасы жазылмас еді.
«Улисс» 18 эпизодтан тұрады. Әр эпизод бір-біріне ұқсамайтын стильмен өрнектелген. Джойс әр эпизодты жаңа стильмен жазып, оны кемеліне жеткізіп, келесі эпизодта шығармасын мүлде бөлек стильмен жазып кетеді. Шығармадағы формамен, мазмұнмен ойнайтын күрделі эксперименттерді түсіне алмасаңыз, стиль жаңартудың үлгісі ретінде де романды оқып шығуға болады. Бірақ бұл туындының жалғыз ерекшелігі осы екен деп ойламаңыз.
Бүгін таңертең Владимир Набоковтың, Мераб Мамардашвилидің, Андрей Аствацатуровтың «Улиссті» талдаған еңбектерін оқып шықтым. Күрделі тақырыпқа сүңгіп кеткендіктен Джойс туралы дәрістерімде жан-жақты ізденіп, қолымнан келгенше оқырманға суреткер дүниетанымының қалай қалыптасқанын түсіндіріп беруге тырысып жатырмын.
– Шығармашылық ой-пікіріңізбен бөліскеніңізге рахмет.