• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Маман 06 Қараша, 2024

Техника мамандарына сұраныс артты

73 рет
көрсетілді

Еңбек нарығындағы қажеттілікті талдау нәтижелері Ертіс –Баян өңірінің экономикасына орта кәсіптік білімі бар кадрларға қажеттіліктің артып келе жатқанын көрсетіп отыр. Алдағы бес жылда кәсіптік-техникалық білімі бар мамандарға деген сұраныс білімі жоғары түлектерге деген қажеттіліктен 70 пайызға асып кетеді деген болжам бар.

Павлодар облысында мемлекеттің экономиканы ынталандыру бағытын­дағы белсенді шараларына қарамастан, жеке бизнестің жаңа жұмыс орында­рын құруға қосқан үлесі шамамен 35 пайызды құрайды. Тиісінше, бү­гінгі таңда жұмыс орындарының өсімін өнімділігі төмен салалар мен мем­ле­кет­тік сектор қамтамасыз етіп отыр­ған жайы бар.

Өңірлік жұмыспен қамтуды үй­лестіру және әлеуметтік бағдар­­ла­ма­лар басқармасынан хабарлағандай, тұрақты жұмыс орындарының ең көп саны білім саласында – 12,6 па­йыз, ауыл шаруашылығы, орман шаруа­шы­­лы­ғында – 10,4, өнеркәсіпте – 8,3 пайыз.

«Жыл сайын басқарма орта мер­зімді кезеңге (6 жылға дейін) еңбек нарығының қажеттілігін қалыптас­ты­руға қатысты жұмыс жүргізеді. Мә­се­лен, 2024 – 2029 жылдарға арналған техникалық, кәсіптік білімі бар білікті кадрларға қажеттілік облыста 56 420 ма­манды құрайды. Оның ішінде өнер­кәсіп – 17,8%, көлік және қоймалау – 14,6%, қызмет көрсету – 11,3%, экономика, бухгалтерлік іс – 9,7%, білім – 9,1%, денсаулық сақтау – 6,9%, құрылыс – 4,2%, ауыл шаруашылығы – 2,3%. Тұжырымдамаларға сәйкес 2024–2029 жылдары облыста 143,9 мың жұмыс орнын құру жоспарланған, оның 70 пайызы тұрақты жұмыс орындары болады. Жыл басынан 23,3 мың жаңа жұмыс орны құрылды, оның 16,4 мыңы – тұрақты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бір­шама аз», дейді өңірлік жұмыспен қамту­ды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова.

Аймақта жұмыс күшінің саны азай­­ғаны да байқалады. Кейінгі бес жыл­да ол 1,3%-ға төмендеген. Жалпы, ең­­­бек нарығындағы жағдай тұрақ­ты, жұ­­мыс­­­сыз­дық деңгейі 4,8%-ды құ­райды.

Биыл кәсіпкерлікті қолдау мақса­тын­да халықтың әлеуметтік осал топ­тарына 644,6 млн теңге сомасы­на 442 грант берілген. Гранттар ха­лық­тың әлеуметтік осал санаттарына, бастапқы бизнесті іске асыруды жоспарлап отырған қатысушыларға өтеусіз, қай­та­рымсыз негізде таратылды. Атап айтқанда, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп­ба­лалы отбасылар, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеу­мет­тік төлем алушылар, мүгедек ба­ланы тәрбиелеп отырғандар, ең­бек­ке қарсы көрсетілімдері жоқ мүге­дектігі бар адамдар ие болды.

Мәселен, көпбалалы ананың бірі Тереңкөл ауылында «Монтессори» әдісін қолдана отырып, логопедиялық кабинет ашуға технологиялық жабдық­тар сатып алды. Бүгінде оған 13 бала келіп жүр. Сондай-ақ Кемеңгер ауылында «Дуэт» сұлулық салоны ашылды. Салонда қас, тырнақ стилисі, макияж­­­­­ ­­­суретшісі жұмыс істейді.

Атап өтерлігі, ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы шеңберінде биыл Павлодар облысына қандастар мен ішкі қоныс аударушыларды қабылдауға 3505 адамға квота бекітілген. Оның ішінде қандастар – 1252 адам, жұмыс күші артық өңірлерден – 2253 адам. Өңірлік квотаға қазірдің өзінде 2648 адам (591) отбасы қосылды. Көшіп келгендердің ішінде 1270 адам жұмысқа қабілетті жаста. Олардың 800-ге жуығы еңбек орындарына орналасқан. Тағы 54 адам жеке кәсіппен айналысса, 3 адам қайтарымсыз грантқа ие болған.

«Келген азаматтардың ішінде жалпы практика дәрігерлері, эпидемиолог, хирург мамандары бар. Ауылдық жерлерде қоныс аударушылардың көп­шілігі жергілікті шаруа қожалық­­та­рына механизатор, тракторшы, жүр­гізуші, түрлі аппараттардың опе­раторы, т.б. мамандықтарға жұ­мыс­­қа орналастырылды. Ішкі қоныс а­удару­­шылардың басым бөлігі Түр­­­кістан, Жетісу, Алматы облыс­­та­­рынан келіп жатыр. Бұған қоса 943 адамға қандас мәртебесі берілді. Көшіп келген­дер­дің көбі – білім, медицина, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету саласын­дағы мамандар», дейді А.Дисюпова.

Жауапты мекемелер кейінгі екі жылда аймағымызға қоныс аударғандардың әлеу­меттік келісімшарт талаптарын сақ­­­тауына қатысты мониторинг жүр­­­­­­­гізген. Оның аясында Аққулы, Же­ле­зин, Ақтоғай, Ертіс, Шарбақты аудан­­дарында 298 адамның қоныстану өңі­рі­нен өз бетінше шығып кеткені анық­тал­ған. Сондай-ақ 157 адамға төленген қаражатты қайтару туралы хабарламалар жіберілген.

Ерікті түрде қоныс аудару бағ­дар­лама­сындағы экономикалық ұт­қырлық сертификатын беруге өзге­ріс­­тер мен толық­тырулар енгізіліп жатыр. Сертификат алуға өтініш ке­ліп түскеннен кейін жергілікті мансап орталығының мамандары сатып алы­натын баспана құжаттары мен мәліметтерді мұқият, толық тексеру мақ­сатында нысанның орналасқан жеріне баратын болады.

 

Павлодар облысы