• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
30 Қаңтар, 2015

Әуежайлар әлеуеті артады

255 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде мемлекеттік әуежайлар желісін дамыту тақырыбында брифинг өтті. Оған «Airport Management Group» компаниясының бас директоры Клод Банан мен оның орынбасары Асқар Мұратбаев және құқықтық департамент директоры Дәурен Шәріпбаев қатысты. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ құрылымында әуежайларды басқарудың арнайы компаниясы ретінде құрылған «Airport Manage­ment Group» ЖШС холдингінің қарамағына 11 әуежайды шоғыр­лан­дыру жоспарланыпты. «Былтыр Астана, Көкшетау, Петропавл, Қос­танай, Шымкент, Қызылорда әуе­жайлары 7 жылдық мерзімге «Airport Management Group» компа­ниясының сенімді басқаруына берілді. Біздің негізгі міндетіміз – әуежайларда халықаралық талаптарға сай қауіпсіздік жүйелерін енгізу, халыққа қызмет көрсету сапасын арт­тыра отырып, әуежайлардың инфра­­құрылымын дамыту бойын­ша ұзақ мерзімді жоспар құру. Айт­­қ­андай, жалпы басқарушы ком­панияның қарамағына 11 әуе­жайды шоғырландыру жоспар­лан­ған. Жоғарыда айтылған әуежай­лар қатарына тағы Атырау, Ақтөбе, Пав­лодар, Өскемен және Семей әуежай­ларының активтерін сенімді бас­қаруға алу көзделген», деді К.Банан. Ел әуежайларының бірқатарына ірі көлемде инвестициялар тартылып, салынбақ көрінеді. «Мем­лекет басшысының «Нұрлы Жол» Жолдауында әуежайларды дамытуға зор көңіл бөлінген. Осыған байланыс­ты, 2015-2017 жылдар аралы­ғында Астана, Қызылорда, Петро­павл, Қостанай әуежайларының инфра­құрылымын дамытып, ұшып-қону алаңдарын, жолаушылар терминалын жаңғырту бойынша ірі жобалар жүзеге асырылады. Астанадағы халықаралық әуежайда жаңа жолаушылар терминалы салынады. Ал ескісі ішкі рейстерге арналатын болады. Сонымен қатар, Шымкент әуежайының да жаңа жобасы бас­талды. Ал, Петропавл мен Қоста­най әуежайларында да осындай жұмыстар жүргізіледі. Атап айтқан­да, ­жолаушылар терминалы жөндеу­ден өткізіліп, ұшу-қону жолақтары жаңғыртылады. Осында аталған әуежайлардың инфрақұрылымына салынатын инвестициялардың жалпы құны 99 млрд. теңге болады», деді компанияның бас директоры. Астана әуежайындағы жолаушыларды тамақтандыру сапасын жақсарту мәселесі де назарға ілікті. Жауапты компания осы саланы әлемдік дәрежедегі мамандарға тапсырып, жоғары дәрежеде қызмет көрсетуді жөн санапты. «Биыл негізгі басымдық қызмет көрсетудің халықаралық стандарттарына өтуге бағытталады. Яғни, қызмет көрсету саласы жоғарылайды деген сөз. Қазір біз Астана әуежайына жолаушыларға жерде де, әуеде де сапалы қызмет көрсете алатын халықаралық көшбасшы компания­лармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Нақты айтқанда, бортта тамақтандыру саласындағы әлемдік көшбасшы компаниялардың бірін Астана әуежайында қызмет көрсетуге шақырдық. Биыл әуежай маңында борт тағамдарын әзірлейтін цех іске қосылады. Ал әуежай ішіндегі қызмет көрсетуге келер болсақ, бұл ретте де біраз өзгерістер болады. Нақтырақ айтсақ, қызмет көрсету саласы коммерцияландырылып, кез келген экономикалық қызметтің қатысушысына, әсіресе, жолаушыларға қызмет көрсете­­­тіндерге әуежайдың қоятын талаптары күшейтіледі. Бұл талаптардың барлығы жолаушылардың көңілін табуға арналатын болады», деді А.Мұратбаев. Оның айтуынша, Астана әуе­жайын­дағы дүкендер мен дәмха­на­лардың бағалары айтарлық­тай төмендетіледі. «Біз бұдан былай әуежай аумағындағы барлық қызмет көрсету нарығының қаты­сушыларына бірдей талаптар қоя аламыз. Сондықтан баға туралы мәселе біздің басты назарымызда. Биылғы жылдың бірінші жартысына дейін Астана әуежайындағы бағалар толық реттеледі. Бұл шаралар жолаушыларға тікелей қызмет көрсететін барлық қатысушыларға жасалады», деді ол. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».