• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Мәселе 07 Қараша, 2024

Көктемгі су тасқы­нын қарсы алуға дайынбыз ба

157 рет
көрсетілді

Биыл көктемде Батыс Қазақстан облысына мол су келді. Біраз әбігерге салғанымен, тасқынға тосқын қойылды, тілсіз жаудан келген зардаптың орны толды. Ал өзі келген мол судың пайдасын көре алдық па? Мамандар не дейді?

Еліміздің Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «Қазсушар» атты республикалық мекеме бар. Осы «Қазсушар» РМК-нің Батыс Қазақстан облыстық филиалы мемлекетаралық маңызы бар Қараөзен мен Сарыөзендегі су шаруашылығы нысандарын, Жәнібек суару-суландыру жүйесін, облысаралық маңыздағы Жайық-Көшім суландыру-суару жүйесі мен Шаған өзеніндегі Шаған су қойма­сын, Шолақаңқаты өзенін­дегі Шола­қаңқаты, Ембулатов­ка өзенін­дегі, Сұлусай су қойма­ларын пайдаланып, қадағалап отырады.

Осылайша, облыстың суару-суландыру жүйесінің құрамына жалпы көлемі 510 млн текше метр су жинай алатын он төрт су қоймасы кіреді. Олар – төрт су торабы, екі сорғы стансасы, 1 057,66 шақырымға созылатын магистралды, таратушы каналдар, көлмек пен тұрақты суландыру учаскелері.

– Су тасқыны кезінде біз барынша суды сақтап қалуға тырыс­тық. Филиалдың су шаруашылы­ғы жүйелерінен 1,087 млрд текше метр су алынды. Соның нәтижесінде 146 мың га жерге су шығарыл­ды, Көшім өзенінің төменгі ағы­сын­да орналасқан көлдерге, Қамыс, Самар жайылмаларына су берілді. Су қоймалары жобалық белгі­лер­ге дейін толтырылды, – дейді «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы директорының міндетін атқарушы Рауан Хұсайынов. 

Мамандардың айтуынша, өңірде вегетациялық кезең сәтті өткен. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге толық көлемде суармалы су берілген. Өткен 9 ай­дың қорытындысында көрсетіл­ген қызмет көлемі жоспарға сәйкес келіп тұр. Қазірдің өзінде жыл­дық жоспардың орындалуы 99,1% болған.

– Біз күзгі-қысқы кезеңде Жәні­бек, Бөкей ордасы, Бәйтерек, Тас­қала, Ақжайық, Қазталов, Жаңа­қала аудандарының елді мекендерінде қолайлы санитар­лық-экология­лық жағдай жасап, мал ­суатын ұйымдастыруға мүмкіндік беріп отырмыз. Осы күнге дейін санитар­лық-экологиялық мақсаттарға 90,0 млн текше метр су берілді. Жыл қорытындысында су беру жоспа­ры толық орындалады, – дейді Рауан Ерланұлы.

Филиалдың қызмет көрсету аймағында 6091 га нақты суарма­лы алқап бар. Биылғы 9 айда су тұ­ты­нушыларымен арада 271 келі­сімшарт жасалған екен. Сондай-ақ облыстың оңтүстік аудандарын­да тұрақты санитарлық-экология­лық жағдайды сақтау мақсатында жыл сайын шарттық негізде Еділ суы беріледі. Бүгінде 133,0 млн текше метр су алынып, толық көлемде аяқталған. Соның ішінде Ресей Федерациясының Саратов каналынан Батыс Қазақстан облысындағы Қараөзен мен Сарыөзенге 105,0 млн текше метр су, Палласов жү­йесінен Жәнібек суармалау-суландыру жүйесіне 28,0 млн текше метр су берілген. Сарапшылар алдағы жылы да су мол болады деген болжам айтып отыр. Біз келер жылғы көктемгі су тасқы­нын қарсы алуға дайынбыз ба?

– Келесі су тасқынын өткізуге дайын тұруы үшін 24-28 қазан аралығында Шаған су қоймасының қашыртқы имаратының барлық шандоры кезең-кезеңімен көтеріліп, жоғары бекітілді. Су қоймасы пайдаланылмайтын көлемге дейін босатылып, қысқы жұмыс режіміне ­ауыстырылды, – дейді Рауан Ерланұлы.

Сонымен қатар Шолақаңқа­ты, Ембулатовка, Сұлусай өзендерін­дегі су қоймалары да су тасқынын апатсыз өткізу мақсатында босатылып, қысқы жұмыс режіміне ауыстырылған.

Су ресурстарын тасымалдау кезіндегі шығындарды азайту, су­ды ұтымды, тиімді пайдалану, су шаруашылығы нысандарын қа­лыпты техникалық жай-күйде ұстау, су тасқынын апатсыз өткі­зу­ге да­йындау мақсатында жыл сайын филиалдың өз күшімен су ша­­руашылығы нысандарында меха­никаландырылған тазарту, ағым­дағы жөндеу жұмыстары жүр­гізіледі. Биыл ұзындығы 73,6 ша­қырымдық каналдарды та­зар­ту, 8 нысанда жай жөндеу жұ­мысы аяқталған. Су тасқынынан кейін 6 нысанда қалпына келтіру жұмысы жүргізілген. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады.

Рауан Ерланұлының айтуына қарағанда, бүгінде Киров су қоймасын қайта жаңғырту, Шаған өзені тармағы мен Кө­шім магистралдық каналын меха­никаландырылған тазарту жө­ніндегі жобалар іске асырылып жатыр. Сонымен бірге Жайық-Көшім жүйесі су қоймаларының каскадын, Жәнібек суландыру-суармалау жүйесін, 7 магистралдық каналды қайта жаңғырту жөнінде жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жұмысы жүріп жатыр.

Тағы бір жағымды жаңалық – тасқын суды жинап алу, су қоймаларының көлемін ұлғайту мақсатында Жалпақтал аулында су жинау көлемі 28,0 млн текше метр болатын су қоймасын салу жоспарланған. Бүгінде жобалау-сметалық құжаттама мемлекет­тік сараптамадан өтіп жатыр. Сондай-ақ Қазталов ауданының Сексенбай аулында су жинау көлемі 10,0 млн текше метр болатын су қоймасын салу жоспарланып, техникалық-экономикалық негіздеме әзірлену үстінде. Биыл қайта жаңғырту жұмысын жүргізу мақсатында Жайықбай суландыру каналы дайын жобалық-смета­лық құжаттамасымен коммунал­дық меншіктен республикалық меншікке берілген.

– Біз өңірдегі барлық су ша­руашылығы нысанының күз­гі-қысқы кезеңге дайындығын тек­серіп шықтық. Барлық нысан қана­ғаттанарлық жағдайда, қа­лыпты режімде жұмыс істеп тұр. Да­йын­дық төлқұжаттары жасақ­тал­ған, – дейді филиал басшысы.

 

Батыс Қазақстан облысы