• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Әлем 07 Қараша, 2024

Жыл камбэгі

249 рет
көрсетілді

АҚШ-тың 45-президенті Дональд Трамптың президенттік сайлауға қайта түсіп, жеңіске жетуін сарапшылар «жылдың қайта оралуы», яғни камбэгі деп бағалап отыр. Кеше ол өзіне қажетті 277 дауысты жинап, қарсыласынан басым түскеннен кейін әлемдік лидерлер тарапынан құттықтаулар легі ағылды. Олардың қатарында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та сайлауда айқын жеңіске жеткен америкалық әріптесіне құттықтау жеделхатын жолдады.

Президенттікке үміткер атанған Дональд Трамп пен Камала Харрис арасындағы бұл текетірес шын мәнінде нағыз демократиялық қоғам­ға тән тегеурінді тар­тыс­­қа толы болды. Ара­сын­да өмірге қауіпті тосын оқи­ғалар да болмай қал­­ған жоқ. Бірақ науқан көп­­тің күткеніндей сәтті аяқ­­тал­­ғанымен, жасы 80-ге тақа­­ған азаматтың қайта таққа ке­леріне күмәнмен қарағандар да баршылық еді.

Алғашқыда АҚШ-тың келесі президенттігіне үміткер екі адамның бірі елдің қазіргі президенті Джо Байден еді. Алайда 22 шілдеде ол сайлаудан өз еркімен бас тартып, орнына демократтар атынан 59 жастағы К.Харристің кандидатурасын ұсынды. Бұл – мемлекет тарихындағы тосын жағдай. Соңғы рет 1968 жылы елдің 36-прези­денті болған Линдон Джонсон дәл осындай шешім қабыл­даған еді. 

Ал оның бірден-бір қар­сыласы – Д.Трамптың екінші рет президент атануға талпынысы «тар жол, тайғақ кешуге» толы. Алдымен 2020 жылы қарашада президент сайлауына қайта түскен ол Демократиялық партияның үміткері Джо Бай­деннен жеңіліп, елдің 46-пре­зиденті болудан үмітін үзген еді. Дегенмен қазақша айтқанда, «шал басымен» шаршап-шал­дығуды білмейтін шетелдік саясаткерлердің қайраткерлі­гіне таңғаласың. Биыл 14 маусымда 78 жасқа толған Трамп Республикалық партия атынан үміткер ретінде тіркеліп, қайтпас қайсар саясаткер екенін дәлелдеп, ақыры өз дегеніне жетіп отыр.

Жоғарыда айтқандай, осы жолда оның өміріне қауіп төнген жағдайлар да орын алғанын білеміз. 13 шілдеде Пенсильва­ния штатында сайлаушылар алдында сөз сөйлеп тұрған оған қарсы ғимараттың шатырына жасырынған қаскөй снайпер сегіз оқ атып, оның бірі Трамптың басынан бірнеше миллиметр ғана қиыс кетіп, құлағын тесіп өтті. Оның артында тұрған бір адам қаза тауып, екі адам жарақат алды. «Бір қиындықтың ар­­тында бір жеңілдік тұрады» дегендей, бәл­­кім оның президенттік сайлауда жеңіске же­­туіне осы тосын оқиға да өз септігін тигіз­ген болуы әбден мүмкін. Өйткені төніп тұр­ған ажал аузынан аман қалдым деп қай­мық­қан Трамп жоқ. Қайта бұл оқиға оның белсенділігін одан сайын арттырып жібер­гендей. Сәйкесінше, халықтың да оған деген құрметі мен ризашылығы еселеніп шыға келді.

Соңғы мәліметтерге жүгін­сек, АҚШ-тың 50 штаты мен Колумбия федералды округінде сайлау өтіп, оның ішінде 40 штатта дауыс санау толық аяқтал­ды. Нәтижелеріне көз жүгірт­сек, 24 штатта – Трамп, 16 штатта Харристің жеңіске жеткені белгілі болып отыр. Қалған 11 аймақта дауыс санау әлі де жүріп жатыр. Оның жетеуінде Трамп, төртеуінде Харрис алда келеді.

Айта кетсек, Д.Трамп Вайо­минг және Батыс Вирджиния штаттарында 70 пайыздан аса дауыс жинаса, Айдахо, Алабама, Арканзас, Кентукки, Луизиана, Миссисипи, Небраска, Окла­хома, Солтүстік Дакота, Тен­несси, Оңтүстік Дакота, Юта штаттарында 60 пайыздан аса дауысқа ие болды.

Оның қарсыласы К.Харрис­тің нәтижелері ішінен мына жетістігін айрықша айта кеткен жөн: ел астанасы Вашингтон қаласы орналасқан Колумбия федералды округінде оған сай­лаушылардың 90,4 пайызы дауыс берген.

5 қараша күні президент сайлауымен қоса америкалық сайлаушылар Сенаттың 34 мүшесін, сондай-ақ өкілдер палатасының 435 мүшесін сайлағанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар 11 губернатор сайлауы да осы күні өтті.

Д.Трамптың жеңісінен кейін халықаралық сарапшылар Американың болашағы мен беталысы жөнінде сан-саққа жүгірген саяси болжамдарын жасап жатыр. Әлем экономикасының төрттен бірін уысында ұстап отырған алпауыт елдің бағыт-бағдары қайда бұрылатыны кім-кімге де маңызды. Ал республикалықтар атынан вице-президенттікке үміткер Джей Ди Уэнс кеше өз мәлімдемесінде бұл оқиға туралы «Біз АҚШ тарихындағы орасан зор саяси камбэктің куәгерлері болып отырмыз» деп өз бағасын берді.

Кеше өзінің жеңісіне көзі толық жеткеннен кейін Д.Трамп Флорида штатында жақтастары алдында сөз сөйлеп, алдағы төрт жыл ішінде атқаратын жұмыстары мен ұстанатын сая­си бағыттары жайында мәлім етті. Оның ең маңызды ауызға алған сөзінің бірі – әлемде болып жатқан соғыстарды тоқтату туралы шешімі. «Менің каденциям кезінде ешқандай соғыс болмайды. Мен соғысты тоқтатамын. Осыған дейін 4 жыл­дық прези­денттігім кезінде де со­ғыс болмаған. Сол уақытта біз ДАИШ-ті (Қазақстанда тыйым салынған ұйым – Е.З.) жеңдік. Мен соғысты бастау үшін емес, тоқ­тату үшін келдім», деді ол.

АҚШ-тың «су жаңа» прези­денті заңсыз көші-қонмен күресуге, сондай-ақ ел шекарасын нығайтуға да ниетті. Оның мақсаты – Американы қауіпсіз, бай әрі қуатты елге айналдыру. «Біздің еліміз шұғыл көмекті қажет етіп тұр. Шекарамызды күшейтуіміз керек. Тарихта өз мүмкіндіктерімізді дәлелдеген мемлекетпіз. Мен өз уәделерімде тұрамын», деп мәлімдеді ол.

Саясаткердің алға қойып отырған жоспарларының қата­рында салықты азайту, мұнай өндіруді көбейту секілді бірқатар маңызды міндет бар. Ол АҚШ-тың алдағы бағыт-бағдарын 180 градусқа өзгертуге бейіл. «Америкалықтардың өз елінің шынайы қожайыны болатын уақытқа жетеміз. Барлық салада оң өзгеріс болады. Салықты азайтамыз. Сауд Арабиясы мен Ресейден де көп мұнай өндіреміз. Менің екінші президенттік мерзімім АҚШ тарихындағы «алтын кезең» болады» деген оптимистік мәлімдемесін де жайып салды.

Мұхиттың арғы бетінен келіп жатқан деректерге қарағанда, АҚШ-тағы президенттік сайлау­ды толық аяқталды деп айтуға әлі ерте. Өйткені бұл елде дауыстарды санау бірнеше күнге, тіпті айға созылып кетуі ғажап емес. Дегенмен Д.Трамптың өз жеңісіне сенімділігі мен оны өзге мемлекет басшыларының құттықтауы бұл науқанның соңғы нүктесі қойылғанын білдірсе керек.