• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 07 Қараша, 2024

Білім мен тәрбиені жүйелейтін заңдар қаралды

140 рет
көрсетілді

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтті. Отырыста Мәжіліс комитеттері бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады. Алдымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын қарады.

Қабылдаушы отбасы институты дамиды

Бірінші оқылымда жұмысқа алын­ған Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қысқаша баяндап шықты.

Оның айтуынша, Оқу ағарту ми­нистр­лігі бастамашы болған түзе­ту­лер кәсіби қабылдаушы отбасы тұ­жы­рым­дамасын заңнамалық тұрғыдан бекітеді. Баланы қабылдай­тын кәсіби отбасына орналастырудың балама нысанын белгілеу арқылы жетілдіруге бағытталған құқықтық нормалар қарастырылады. Баламалы нысан жетім, ата-анасының қамқор­лығынсыз қалған, панасыз және көшедегі балалар сынды төрт санатқа қатысты болады. Сондай-ақ олардың отбасындағы зорлық-зомбылыққа ұшырауы да ескерілмек.

Мұндай отбасылар қатарына кім-көрінген қабылдана бермейді. Ғани Бектайұлы заң жобасында кәсіби қабылдаушы тәрбиешілерге қойы­латын нақты талаптар белгіле­нетінін айтты. Олар балаларға қолайлы жағдай жасай алатын, тұрғын үйі бар 30 бен 53 жас аралығындағы азаматтар болуы керек. Кәсіби қабыл­дау­шы отбасы мәртебесін алуға ниетті отбасылар қорғаншылық және қам­қоршылық органдарында психоло­гиялық дайындықтан және аккредиттеуден өтуге тиіс. Олар алты айдан аспайтын уақыт ішінде бір мезгілде төрт балаға дейін қабылдай алады.

– Бұл ретте отбасылар қорғаншы немесе қамқоршы органмен жасалған шарт негізінде балаларды кез келген уақытта таңдау құқығынсыз қабыл­дауға міндетті. Тәрбиешілердің қызметіне ай сайын 70 АЕК көлемінде ақы төленеді, сонымен қатар мемлекет әр баланы асырауға 10 АЕК бөледі.

Кәсіби қабылдаушы тәрбиеші­лер тоқсан сайын қорғаншылық және қамқоршылық органдарына балалар­дың денсаулық жағдайы, тәрбие­леу барысы, балаларды күтіп-бағуға бөлінген қаражаттың жұм­салуы, сондай-ақ олардың мүлкін басқару туралы есеп беруге мін­деттеледі, – деді министр Ғ.Бейсембаев.

Білім беру және бала құқықтарын қорғау туралы заң жобасына қосымша білім беру ұйымдарын хабардар ету тәртібі енгізілмек. Яғни қосымша білім беру ұйымдарының құрыл­тайшылары (даму орталықтары, клубтар, секциялар) рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамаға сәйкес өз қызметінің басталуы немесе тоқтатылуы туралы білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық басқармаларды хабардар етуге міндетті болады.

Сондай-ақ әлеуметтік жағынан осал санаттағы отбасылардың жеке­меншік мектептерде оқитын балалары да әлеуметтік көмек ала алады. Яғни түзетулерге сәйкес әлеуметтік көмек көрсету тетігі енді жекеменшік мектептерге де қатысты болады.

– Бүгінде мемлекеттік мектептерде оқитын халықтың әлеуметтік осал топтары (ХӘОТ) санатындағы 500 мыңнан аса балаға жалпыға міндетті білім беру шеңберінде тамақпен қамтамасыз ету және киім, мектеп керек-жарақ­тарын сатып алу түрінде көмек көрсеті­ле­ді. Алайда жекеменшік мектептер­де оқитын ХӘОТ санатындағы 25 мың­нан аса бала әлеуметтік көмектен шет қа­лып отыр, – деген министр Ғ.Бейсембаев алдағы уақытта ХӘОТ санатындағы барлық балаға тең көмек көрсету мақсатында жергілікті атқарушы органдардың құзыреті кеңейтіліп жатқанын жеткізді.

 

Әскери-патриоттық тәрбие тетіктері

Мәжіліс Парламент депутаттары бастамашы болған әскери-патриоттық тәрбие туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Ол азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің бірыңғай жүйесін құруға және осы жұмысқа барлық мемлекеттік органды, ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктерді тартуға бағытталған. Осы мәселеге қатысты заң жобасын Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан таныстырды.

Енгізілген өзгертулерге сәйкес, Қорға­ныс министрлігі мен жергі­лікті атқарушы органдар жанынан әс­кери-патриоттық тәрбие жөнін­дегі үйлестіру кеңестерін құру ұсыны­лады. Сондай-ақ азаматтар күнделікті жұмыстарынан қол үзбей-ақ, ақылы негізде әскери дайындықтан өте алады. Түзетулер аясында әскери дайын­дықтан өту кезеңінде әскери қызметке мін­деттілерге республикадағы мән­нен жоғары емес орташа жалақы төлеу ұсы­нылады. Ал жұмыссыздарға мемлекет есебінен ең төменгі жалақы төленеді.

Сонымен қатар әскери білімді жетіл­дірудің баламалы нұсқасы әске­ри міндеттілер үшін ақылы негізде курс­­тық оқыту енгізіледі. Азаматтарға әскери жиындарға шақыртусыз және күнделікті жұмыстарынан қол үзбей-ақ тұрғылықты жерінде әскери оқу орындарында, білім беру ұйымдары жанындағы әскери кафедраларда (факуль­теттерде), сондай-ақ әскери-техни­калық мектептерде ақылы негіз­де әскери дайындықтан өту мүмкін­дігі бе­ріледі. Оқу жұмыстан тыс уақытта және өндірістен қол үзбей жүргізіледі.

Бұдан былай әскери кафедралар­ға штаттан тыс әскери лауазым енгізіле­ді. Осылайша, білім беру ұйымдарына берілген қару-жарақ пен әскери техниканы сақтау мен пайдалануды бір мезгілде бақылайтын әскери оқыту­шылардың мәртебесі айқын­далады. Ал алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдеріне әскери борышын өтеу талабы енгізілді. Бұл мектептер мен колледждерде осы пәнді оқытудың сапасын арттыруға ықпал етпек.

Сондай-ақ түзетулер әскерлерді жүргізушілермен қамтамасыз ету мәселесін шешеді. 18 жасқа толған әскери қызметшілерге 21 жасқа толғанға дейін «D», «СЕ» санатындағы көлік құралдарын жүргізуді үйрету жоспарланып отыр. Олар тек Қарулы күштерге тиесілі көліктерді жүргізе алады. Қарулы күштер қатарындағы ауыр жүк көліктерін жүргізушілердің саны артады, бұл өз кезегінде бөлім­шелердің жауынгерлік әзірлік дең­гейін жақсартпақ. Сондай-ақ қызмет өткеру кезеңінде «автобус жүр­гізушісі» мамандығы бойынша білім алған әскери қызметшілер автобусты басқару құқығын қосымша оқусыз ала алады.

Түзетулер әскери атақтар берудегі дис­пропорция мен белгілі бір әділет­сіздіктерді жоюға да бағытталған. Осыған байланысты шетелдік әске­ри жоғары оқу орындарында оқуын жалғастырған немесе әскери кол­леджді бітіргеннен кейін оқуға түскен әскери қызметшілер «лейтенант» әскери атағында қызмет өткеру мерзі­мін бір жылға дейін, ал «аға лейтенант» әскери атағында екі жылға дейін қысқарту ұсынылады. Әскери колледж түлектеріне «кіші сержант» шенінің орнына «сержант» атағы беріледі.

Бұған қоса кадеттер әскери кол­леджді бітіргеннен кейін 5 жыл­ға ғана келісімшартқа отырады. Қолданыстағы заңнамада әскери оқу орнын бітіргеннен кейін әскери қызмет өткеру мерзімі оқу ұзақтығының айырмашылығына қарамастан, әскери институт курсанттары сияқты 10 жылды құрайды.

Әскери қызметін атқарған азаматтар үшін білім беру грантын өтеу міндеті жойылатын болды. Яғни заң жобасында мерзімді әскери қызметін өтеген, сондай-ақ әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасқан азаматтар үшін мемлекеттік білім беру грантын өтеу міндетін алып тас­тау ұсынылған.

 

Ақылы автотұрақ халықты қанап жатқан жоқ па?

Жалпы, отырыстан кейін депутаттар елдік мәселені қаузаған сауал­дарын жолдады. Нартай Сәрсен­ғалиев Үкімет басшысының бірінші орын­басары Роман Склярдан Астана қала­сындағы ақылы көлік тұрақ­тары мен оған қатысты айыппұл­дың және бейнебақылау камералары­ның қисапсыз қаржыны қазына қоржы­нына емес, қайдағы бір кәсіпкерлердің қалтасына салып беріп отырған саясатты түсіндіріп беруін сұрады.

2018 жылдан 2022 жылға дейін ақылы автотұраққа төленген ақша­ның 95 пайызы жеке серіктеске, тек 5 па­йызы мемлекетке түсіп келген. 2021 жылы Астанадағы ақылы автотұ­рақтарға 90 994 105 теңге төленген, 2022 жылы 152 466 542 теңге төлеген.

– 2022 жылдың желтоқсанында ақылы тұрақ үшін төленген ақшаның 75 пайызы жеке серіктеске, ал 25 па­йызы мемлекетке түседі деген шешім қабылданған. Мемлекеттік мекеме құрып, қаржыны толық мемлекетке түсірудің орнына бұл міндеттің неге жеке компанияға берілгені түсініксіз. Нақты сандар, 2021 жылдан 2024 жылды қоса алғанда азаматтарымыз Астанадағы ақылы автотұрақтар­ға 725 995 427 теңге төлеген. Соның 617 315 439 теңгесі жеке серіктестік­ке төленген, тек 108 679 988 теңгесі ғана қала бюджетіне түскен, – деген Н.Сәрсенғалиұлы бұл жүйені халықты қанау деп атады.

Ал автотұрақтарды абаттандыру, жолды жөндеу және көшені жинау шығындарын қала әкімдігі көтереді. Осы орайда жеке компанияның міндеті қандай деген заңды сұрақ туады.

Өзге депутаттар да тәрбие, демография, кәсіпкерлік, өндіріс, еңбек және әлеуметтік қорғау, өндірістік қалдық, спорт, химия, экология салалары төңірегінде тұралап тұрған өзекті жайттарды көтерді.