«Екібастұз ГРЭС-2 стансасында» әрқайсысы 500 МВт қуатқа ие екі энергиялық блок бар. Оның алғашқысы 1990 жылы, екіншісі араға үш жыл салып пайдалануға берілген. Бүгінде кәсіпорын еліміздің елеулі бөлігін және Қырғызстанды электр жарығымен қамтамасыз етіп отыр. Екібастұз ГРЭС-2-де «№3 және №4 энергоблоктерін орнатумен, Екібастұз ГРЭС-2-ні кеңейту және қайта құру» инвестициялық жобасы іске асырылып жатыр. Соның негізінде 2030 жылға дейін әрқайсысының қуаты 550 МВт болатын екі энергиялық блокті орнату жоспарланған. Бұл жоба толығымен іске асса, станса қуаты екі есе, қосымша 1 100 МВт-қа артады.
«Отандық электр энергиясында көтерме сауда нарығының жаңа моделі қолданыла бастағалы «Екібастұз ГРЭС-2 стансасы» электр энергиясының орталықтандырылған және теңгерімдеуші нарығына сатушы ретінде қатысады, сондай-ақ өндірілген электр энергиясының барлық көлемін 2023 жылғы 1 шілдеден бастап көрсетілген нарықтарда өткізеді. Ал стансадан өндіріліп шығатын жылу Солнечный кентінің тұрғын үйлері мен өзге де ғимараттарын, кәсіпорнымыздың өндірістік алаңын жылытуға бағытталған. Ұлттық экономиканың өсуі электр энергетикасы саласының озық дамуын талап етеді. Сектордың тұрақты дамуының негізгі факторлары – елеулі инвестиция мен отандық тұтынушыларды жабдықтауды тиімді басқару. Мемлекет басшысы 2023 жылғы Жолдауында электр энергетикасы секторына баса мән беретінін атап өтті. Мәселені жүйелі шешу үшін жаңа өндіруші қуаттарды енгізу және жұмыс істеп тұрған электр стансаларын жаңғырту, жаңарту, техникалық жарақтандыру бойынша бірқатар жобаны іске асыру талап етілді», дейді «Екібастұз ГРЭС-2 стансасы» АҚ басқарма төрағасы Болат Қашағанов.
Жобаны іске асыру энергетикалық тәуелсіздікті, энергия қауіпсіздігін, экспорттық әлеуетті, электр энергиясы мен электр қуатына өсіп келе жатқан қажеттіліктерді қамтамасыз етуге ықпал етпек. Бұған қоса, өзгерістер Солнечныйдағы әлеуметтік саланы нығайтуға сеп болады деген сенім зор. Елді мекендегі тұрғындарды жұмыспен қамту бүгінде маңызды мәселенің біріне айналған. Қосымша энергиялық блоктерді салу кезеңінде шамамен 1 500 адам жұмылдырылады. Жобаны іске асырғаннан кейін жаңадан іске қосылған қуаттарды пайдалану үшін 300-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылады.
«Былтыр Ресейдің технологиялық шешімдеріндегі жабдықты қолдана отырып, жоба бойынша техника-экономикалық негіздеме әзірленген. Биыл мамырда «Мемсараптама» РМК оған байланысты оң қорытынды шығарды. Тамыз айында отандық «KBI Energy Group» ЖШС, «Стройиндустрия» ЖШС және ресейлік «ОРГРЭС» ЖШС-мен №3 және №4 энергиялық блоктерін жобалауға, жеткізуге және салуға байланысты EPC-шарт жасалды. Осы шарт шеңберінде «П» сатысының жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу басталды. Қыркүйек айында Энергетика министрлігімен 3-энергоблок бойынша инвестицияларды қайтару үшін инвестициялық келісім жасалды. Жоба құрылысын іске асыру жөніндегі іс-шаралар станса акционерлері бекіткен кестеге сәйкес орындалады», деді кәсіпорын басшысы.
Екібастұз №2 МАЭС құрылысы 90-жылдардың басында тоқтатылып, құрылысы аяқталған екі блокпен жұмыс істеуге рұқсат берілген. Сондықтан кәсіпорынды технологиялық бағытта жетілдіру, аясын кеңейтудің мүмкіндігі өте зор. Қазір МАЭС-2 стансасы өндіретін электр қуаты Қырғызстанға да экспортталады. Гиннестің рекордтар кітабына енген жер бетіндегі ең биік 420 метрлік алып мұржа да осында орналасқан. Жыл басынан бері станса энергетиктері 4,1 млрд кВт/сағат қуат өндірді.
«Отын беру трактісі, түтін мұржасы 4 энергиялық блокке шақталса, қосымша құрылыстар блогі, ашық таратқыш құрылғылары, компрессорлық, электролиздік, кірме теміржолдар 8 энергиялық блокке қызмет көрсете алады. Бұған қоса мазут шаруашылығы, іске қосу қазандығы, көл-су қоймасы, химиялық су тазарту қарастырылған. Күл үйіндісін 16 энергиялық блок пайдаланады. Техникалық су Шандақсор көлі арқылы қамтамасыз етіліп отыр. Күл мен қожды сыртқа шығаратын жүйе гидравликалық, өздігінен ағатын негізде жасалған. Гидрокүлді кетірудің сыртқы желілері 2 тізбектен тұрса, олардың бірі үнемі резервте. Күл үйіндісі Қарасор көлінің бассейнінде, стансадан 8 шақырым қашықтықта жиналады. Экологиялық тұрғыдан алғанда бұл Екібастұз қаласы мен Солнечный кентінің тұрғындарына ешбір қауіп төндірмейді», деп түсіндірді «Екібастұз ГРЭС-2 стансасы» АҚ басқарма төрағасы Болат Қашағанов.
Жылдың алғашқы 9 айында мұнда 4 млрд 166 млн кВт/сағат электр қуаты өндірілсе, шиналардан 3 млрд 931 млн кВт/сағат энергия босатылған. 2023 жыл қорытындысында қос блок 5 млрд 659 млн кВт/сағат қуат беріпті. Қуат өндіру үшін мұнда «Богатырь Көмір» кенішінің көмірі мен «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-ның мазуты пайдаланылады. Өндіріс технологиясы үшін негізгі су Қ.Сәтбаев атындағы каналдан алынып отыр.
Бүгінде стансада 1 503 адам еңбек етеді. Орташа жалақы 505 мың теңгеден асады. Кәсіпорын өз қызметкерлері үшін әлеуметтік көмектің кең ауқымды түрін әзірлеген. Көпбалалы, 14 жасқа дейінгі мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға ай сайын жәрдемақы, бала күтімі бойынша 3 жылға дейін жәрдемақы, оқу демалысына ақы төлеу, зейнеткерлерге дотация төлеу және тағы басқа материалдық көмек түрлері қарастырылған.
Кәсіпорын басшылығы 4, 5, 6-разрядты электр-газбен дәнекерлеуші, 5-разрядты турбиналық/қазандық жабдықтарындағы машинист-тексеруші мамандықтары бойынша тапшылық бар екенін жасырмады. Осыған орай колледж және жоғары оқу орындарымен тұрақты негізде кәсіптік бағдар беру жұмыстары қолға алынды.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы