Қазақ ұлттық өнер университетінде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, суретші Сембіғали Смағұловтың «Күрделі көпфигуралы композиция тұтастығын құру тәсілі» атты шеберлік сағаты өтті. Суретшінің шығармашылық дәрісіне студенттер мен қылқалам шеберлері қатысты.
Шеберлік сағатында автор бірнеше картинасын таныстырды. Сондай-ақ ортада Бозоқ қалашығына арналған композициясымен жұмыс істеді. Әр детальдің орнын көрсетіп, салыну техникасымен бөлісті. Толық композицияда көріне бермейтін суретшілік айла-тәсілдерін айтты.
«Мұндай шеберлік сағаттарын ұйымдастыру осы саладағы мамандарға, болашақ суретшілерге өте пайдалы. Бейнелеу өнеріндегі ең бірінші құндылық – композиция. Яғни үйлестіру, бір элемент пен бір элементті ұйқастыру. Композиторлар бір нота мен бір нотаны үйлестіріп, таңғажайып туынды шығарып жатады. Сол сияқты бейнелеу өнерінде де композициялардың өзара үндесіп, түрлі детальдар ішінара жымдасып тұрса ғана нағыз көркем картина туады. Біз кәсіби мамандарды дайындап жатқаннан кейін қаншама жылдық тәжірибеммен бөлісу, суретшілік сырларымды ашып, образ жасаудағы құпияларыммен бөлісуді ұстаздық парыз санаймын. Өнер адамдарының мақсатының бірі – ұлтқа қызмет. Абайдың «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегеніндей, бұл шеберлік сағаты шәкірттеріме жасаған есебім мен тәжірибем. Студенттер шығармашылық көңіл күйден шыға алмай, үлкен толқыныспен тарап жатыр», дейді Сембіғали Смағұлов.
Айта кетейік, суретші биылдыққа мұндай шеберлік сағаттарын үшінші рет өткізіп отыр. Бұған дейін Атырауда, Астанада Л.Н.Гумилев университетінде болып, шығармашылық дәріс оқыған.
Шеберлік сағатының соңында қатысушылар түрлі сұрақтар қойып, пікір алмастырды. Композициядағы әр сызықтың, әр нүктенің мән-маңызын, басқа детальдармен байланысын талқылады.
«Ал мынау ортада жұмыс істеген композицияны Бозоқ қаласына арнадым. Жалпы, бұл қалашықтың тарихи маңызы зор. Сол заманның кескін-келбетіне бойлап, композициялық үйлесімде беру өзіме қызық болды. Көп уақыттан бері толғанып жүрмін. Бұл жұмысым жарыққа шыққан жоқ, бүгін арнайы елдің алдына ұсынып отырмын. Адам ешқашан толық кемелденбейді ғой. Дегенмен алпыстың асуына келіп жатқан тұста қаншама жылдық тәжірибемнің есебі сынды болды», дейді суретші.