• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Қаңтар, 2015

Жымпитының әтиі

250 рет
көрсетілді

Жымпиты кентінің тұрғыны, зейнеткер Хамит Халитовты ауылдың үлкені де, кішісі де Әти деп атайды. Ақкөңіл Хамақаң өзіне бас тірей келген жандарға мүмкіндігіне орай көмектесіп тұрады. Бұл – оның қанына сіңген қасиеттерінің бірі. Хамит Халитовтың әкесі Сафа­ден мен анасы Нұрзиян осы жым­питылық татар әулетінің бір отбасы болды. Марқұм әкесі өзінің еңбекқорлығымен дүкенші, қойма меңгерушісі болса, анасы Нұрзиян аудандық партия комитетінде хатшылық жұмысын абыройлы атқарған еді. Міне, осындай ортада тәрбиеленіп, ержеткен Хамит әуелден-ақ еңбекқорлығымен көзге түсті. – Айта берсек, әңгіме көп қой. Өзім шахтада, күзет бөлімінде жұмыс істедім. Армия қатарында болдым. Бүгінде сол бір кездерді қолдағы ескі суреттерге, еңбек кітапшамдағы деректерге көз жүгіртіп, ойша саралап отырамын, – деді Хамақаң сөз арасында. Сонау 1950-жылдары Жым­питы орта мектебін бітірген Ха­мит көп ойланып жатпастан Қарағандыдағы арнайы оқу орнына құжаттарын тапсырып, электрші-техник мамандығына оқыды. Сөйтіп, өзінің алғашқы еңбек жолын Қарағанды қаласындағы «Ленинуголь»шахтасында бастады. Кейін армия қатарына алынды. Елге оралған соң ол аудандық аурухана, коммуналдық кәсіпорын, жол бөлімі мекемелерінде шопыр, механизатор болып істеді. Әсіресе, аудандағы жол бөлімінде марқұм Б.Дүзкеев басшылық жасаған тұста автогрейдерші бо­лып еңбек еткен жылдарын сағынышпен еске алады. Бір кездері ауданды басқарған С.Ниязов, М.Исқақовтармен жұ­мыс бабындағы түрлі жиналыс­тарда құрметті мінбе төрінен қатар орын алуының өзі еңбегіне көрсетілген үлкен баға, құрмет болса керек. Кеңестік дәуірде рес­пуб­ли­каның автокөлік жолдарының ми­нистрі болған, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Гончаровпен аудан орталығындағы кездесу жиынында мінбеде бірге отырып жүздесуі, пікірлесуінің өзі өмірдің бір дәурені екен ғой. Аудандық жол бөлімінде еңбек етіп жүрген 1972 жылы жұмыс үстінде қолынан жарақат алып, мүгедектікке душар болғанда да Хамақаң еңбектен қол үзбеді.Жа­сы келіп зейнеткерлікке шық­қанға дейін Х.Халитов аудандағы дайындық мекемесінде күзетші болды. Оған қоса, Хамақаң газ плитасын жөндеу, электр желілерін, құралдарын тексеру, темір-тер­сек­терді жөндеп, құрастыру жұ­мыстарын шеберлікпен жасайтын. – Көрші-көлем мені арнайы іздеп келіп, үйде отырғыза бер­мейді, – дейді Хамақаң сөз ара­сында. – Біреуі балта, пыша­ғын, енді бірі шәйнегін жөндеуге әкеледі. Тіпті, үйлеріне шақырып, түрлі ішкі жұмыстарын жөндеуден өткізіп беруге де қолқа салады. Ай, қазақтар-ай, әбден жұмыс біткен соң риза болғандары шығар, алмасыңа қоймастан, қалтаңа аз да болса еңбегің деп ақшасын да қыстырып жататындары және бар. Иә, осылайша ағынан жа­рыл­ған Хамақаң өзі жұмыс үстінде жарақат алып, екі айдай ауруханада жатқанында сол кездегі облыстағы жол басқармасының бастығы Останин мен облыстық кәсіподақ комитетінің басшысы Поткольдың орталықтан сың­ғырлаған пәтерді де тұрғызып беруге басты себепкер болғандығын ырзалықпен айтады. Хамақаң аудан көлемінде 45 жыл жемісті еңбек етсе, марқұм зайыбы Фатима да жол мекемесінде 26 жылдай жұмыс атқарған. Ол Фатимамен бір шаңырақ астында 37 жылдай дәм-тұздары жарасып, бес ұл-қыз тәрбиеледі. Бүгінде жымпитылықтардың әтиі атанып кеткен Хамит Ха­литов кенже ұлы Талғаттың қолында, келіні Самалдың шәйін ішіп, немерелері Зухраның, Әлішердің бал қылығын қызықтап отырған жайы бар. Ал қыздары Зіфарзат, Бибінұр, ұлы Фаттың өз отбасылары бар. Олар да осы аудан орталығында тұрады. Хамақаң бүгінде 80 жасқа толса да тың, өзін ширақ ұс­тай­ды. Қаратөбедегі, Бұлдыр­ты ауылындағы құда-құдағай­лары­мен жиі араласып, той дастар­қандарында бас қосып отыратындары бар. Ондайда ол татарша ән салып та береді. Әтидің үлкен немересі Қ.Мыр­­залиев атындағы орта мектеп­тің 6-сынып оқушысы Зухра аудан орталығындағы «Ерке­наз» би тобының белді бишісі. Жуыр­да «Еркеназ» би тобы Қа­зақ­стан ұлт­тық арнасын­дағы теле­ви­зиялық «Айгө­лек» рес­пуб­ликалық балалар бай­қауында топ жарып, бас жүл­деге ие болды. Енді Зухра осы құ­рамада биылғы жылдың сәуір айында Түркияның Измир қала­сында өнер көрсететін болады. Немересінің осындай биік жетістігіне қуанған Хамит ақса­қал былтырғы жылдың соңына таман Елбасының халыққа арна­ған Жолдауында еліміздің күрета­мыры саналатын жолды жөндеуге де баса назар аударылғандығына жолшы ретінде бек қуанып отыр. Ал Хамақаңның есімі Алма­тыдан басылып шыққан «Құрмет кітабына» енгізілгендігін бірі білсе, енді бірі біле бермейді де. Мүсірбек АЙТАШЕВ. Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы. Суретте: Хамит Халитов келін, бала, немерелерімен.