• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Сұхбат 12 Қараша, 2024

Әлеуметтік сақтандыру қорының әлеуеті зор

436 рет
көрсетілді

Әлеуметтік аударымдардың сақталуы мен негізсіз жұмсалмауын қадағалау «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» акционерлік қоғамына тиесілі. Құрылғанына жиырма жылдың жүзі болған Қордың бүгінгі тыныс-тіршілігі жөнінде басқарма төрағасы Айбол АРҒЫНҒАЗИНОВ кеңінен әңгімелеп берді.

– Айбол Арғынғазыұлы, міндетті әлеуметтік сақтандыру аударымдары қазіргі таңда мемлекет тарапынан қаншалықты қадағаланып отыр?

– Елімізде міндетті әлеуметтік сақ­тандыру жүйесі Әлеуметтік кодекс­пен реттеледі. Қаржы ресурстары жұ­мыс берушілердің жұмыскерлеріне, сон­дай-ақ жеке кәсіпкерлер мен өзін өзі жұмыспен қамтыған адамдардың өздеріне тағайындайтын жалақысының ең төменгі мөлшерінен кем болмайды.

Қор мемлекеттің 100% қатысуымен құрылған, коммерциялық емес ұйым. Әлеуметтік төлемдерді тағайындау жө­ніндегі мемлекеттік қызмет түрлерін көрсететін филиалдары барлық облыс орталығында, сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істейді. Қордың қаржылық орнықтылығын талдауды, бағалауды, бақылауды уәкілетті мемлекеттік орган – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүзеге асырады.

– Қордың негізгі қызметі саналатын әлеуметтік аударымдарды төлеушілердің есебін жүргізу сіздерге тиесілі шаруа ма?

– Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылардың, олардың әлеуметтік аударымдары мен әлеуметтік төлемдерінің дербес есебін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жүргізеді. Төлеушілерден түсетін әлеуметтік аударымдар мен олар­ды уақытында әрі толық төлеме­гені үшін өсімпұл сомасы Қорға мемле­кеттік корпорация арқылы түседі. Кор­порация әлеуметтік аударымдар мен өсім­пұлдарды есепке алу, аудару, сон­дай-ақ қате аударымдарды қайтару мәселелері бойынша Қормен өзара байланыс орнатып, ақпарат алмасып отырады. Қордан әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыру үшін пайдаланылатын әлеуметтік аударымдар мен өсімпұлдарды жинақ­тау жүзеге асырылады. Әр айдың соңын­да салыстыру кестесі арқылы аударымдарды тексеріп, қадағалаймыз. Әлеу­меттік аударымдарды қамтамасыз етуде өңірлердегі әкімдікпен, еңбек министрлігімен бірлескен үшжақты комиссия жұмыс істейді. Әлеуметтік төлемді уақытында аудармаған мекеме мен ұйымдарға хабарлама жіберіліп, орындалуы міндеттеледі, бақыланады.

– Асыраушысынан айырылғанда, асырауындағы отбасы мүшелеріне қа­тысты тәуекел жағдайы туында­ғанда төлемдер қалай есептеліп, та­ғайын­далады?

– Еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайында Қордан төленетін әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға беріледі. Бюджет қаражаты есебінен мүгедектігі бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша тағайындалады. Қордан тағайындалатын төлемнің мөл­шері жүйеге қатысушының кейінгі 2 жылдағы орташа айлық кірісі, жүйеге қа­тысу өтілінің коэффициенттері, медици­налық-әлеуметтік сараптама белгілеген 30%-дан 100%-ға дейінгі еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі негізінде айқындалады.

Егер асыраушысынан айырылған жағдайда Қордан әлеуметтік төлем жүйеге қатысушының қамқорлығында болған адамдарға бюджет қаражаты есебі­нен мемлекеттік әлеуметтік жәр­дем­ақыға қосымша тағайындалады. Төлем­нің мөлшері асыраушының соңғы 2 жылдағы орташа айлық кірісі мен жүйеге қатысу өтілінің, асырауындағы адамдар саны коэффициенттерінің негізінде есептеледі.

Жұмысынан айырылғанда қордан берілетін әлеуметтік төлем жүйеге қа­тысушыға жұмыстан шығу себептеріне қарамастан тағайындалады. Оны та­ғайын­даудың негізгі шарты – жүйеге қатысушы жұмыссыз ретінде тіркелуі керек. Төлем жүйеге қатысу өтіліне байланысты 1 айдан 6 айға дейін есептеледі. Төлемнің мөлшері соңғы 2 жылдағы орташа айлық кіріске, жүйеге қатысу өтіліне және 45% құрайтын табысты алмастыру коэффициенттеріне байланыс­ты есептеледі.

Жүктілікке, босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жүктілігі, босануы бойынша берілген демалыстың барлық күндеріне тағайындалады. Төлем мөлше­рі соңғы 12 айдағы орташа айлық кіріске, еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты болады.

Қордан бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайында ай сайынғы әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға нәрестесінің өмірге келген күнінен бастап тағайындалады. Төлемнің мөлшері соңғы 2 жылдағы орташа айлық кірістің 40%-ына тең. Екі, одан да көп бала туған жағдайда төлем әр балаға жеке тағайындалады. Барлық төлемдерге қатысты орташа айлық кіріс Қорға түскен әлеуметтік аударымдар негізінде айқындалады.

– Қордың әлеуметтік төлемдер тағайындауға немесе тағайындаудан бас тартуға құқы бар ма?

– Әлеуметтік кодекске сәйкес, қор әлеуметтік төлемдерді тағайындау не тағайындаудан бас тарту туралы, сондай-ақ әлеуметтік төлемдерді қайта есептеу, шектей тұру, қайта бастау, тоқтату туралы шешімдер қабылдауға құқылы. Әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін қажетті құжаттардың (мәліметтердің) дұрыстығына тексеру жүргізу құқығы заңмен бекітілген. Осыған байланысты, қажет болған жағдайда Қор мемлекеттік органдарға, тиісті ұйымдарға, төлеушіге, өтініш берушіге сұрау да жібереді. Әлеуметтік аударымдардың уақтылы, толық түспеуі, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелеріндегі құжаттар мен мәліметтердің сәйкес келмеуі тексеруге негіз бола алады.

– Мемлекеттік әлеуметтік сақтан­дыру қоры бекітетін төлем қанша мерзімге есептеледі?

– Екі әлеуметтік төлем ұзақмерзімді. Біріншісі – еңбекке қабілеттілігінен айы­рылу бойынша әлеуметтік төлем, ол зей­неткерлік жасқа толғанға дейін жүйеге қатысушыға еңбекке қабілеттілігінен айырылудың белгіленген дәрежесінің барлық кезеңіне төленеді. Екіншісі – асыраушысынан айырылғанда берілетін төлем. Асырауындағы баласы 18 жасқа дейін, ал күндізгі бөлімде оқитын студент болса, 23 жасқа дейін тағайындалады. Сатып алу қабілетін сақтау мақсатында аталған төлемдер жыл сайын Үкіметтің шешімі негізінде артып отырады. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап олар 7%-ға өсті.

– Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы бағып-қағуға байланыс­ты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем алушылар, әсіресе декреттік демалыс алуға ұм­ты­латындар арасында орасан олжа­ға кенелгісі келетіндер де бар болар?

– Медициналық ұйым жұмыс істейтін әйелге жүктіліктің 30 аптасынан бастап 126 күнтізбелік күнге (босанғанға дейін 70 күнтізбелік күн, босанғаннан кейін 56 күнтізбелік күн) жүктілігі, босануы бо­йынша еңбекке жарамсыздық парағын береді. Осы еңбекке жарамсыздық пара­ғының негізінде әйелдің жұмыс орнынан жүктілігіне, босануына байланысты демалыс рәсімделеді. Төлем мөлшерін айқындау кезінде соңғы 12 айдағы қорға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысы мен еңбекке жарамсыздық күндерінің санын 30 күнге бөлгендегі коэффициент есепке алынады.

Расында да, «оңай олжа алуды» көз­­­дейтіндер де жоқ емес. Әлеуметтік төлем сомасын қомақты ету мақсатында бірнеше жеке кәсіпкерден аударым жасағандар да анықталды. Ақтөбе, Ал­маты Қызылорда облыстары, Алматы қаласында осындай қитұрқы әрекетке барғандар әшкереленіп, қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу-тексеру жұмыстары басталды. Жүктілік пен босануға, бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтіміне алатын әлеуметтік төлем сомасы қомақты болсын деп түрлі әрекетке барады. Мысалы, айы-күні жақындағанда ғана әлеуметтік аударымды бір емес, қырық шақты жеке кәсіпкерден аударт­қан дерек ашылды. Біз осындай заңға қайшы әрекетті анықтау үшін 1411 жеке кәсіпкерге сұраныс жолдадық. 506 жұмыс беруші тіпті ол адамдарды танымайтынын, өзінің қарамағында жұмыс істемейтінін анықтап жауап та жіберді. Нәтижесінде, әлеуметтік төлем тағайындаудан бас тартып, Қордың 1,5 миллиард теңге көлеміндегі активін желге ұшырмай сақтап қалдық.

– «Күміс алқа», «Алтын алқа», «Ба­тыр ана» атағымен, «Ана даңқы» орде­німен наградталған көпбалалы ана­лар­ға төленетін әлеуметтік төлем сомасы арта ма?

– Аталған жәрдемақылар мемле­кеттік бюджет қаражатының есебінен тағайындалады, «Алтын алқа», «Батыр ана», «Ана даңқы» орденімен марапат­талғандар үшін – 7,40 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), «Күміс алқа» үшін 6,40 АЕК мөлшерінде белгіленген. АЕК жыл сайын артуына байланысты жәрдемақылардың мөлшері де өседі.

– Қордың келешекте атқарар жобалары туралы айтсаңыз.

– Қордың негізгі мақсаты – халықтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне деген сенімділігін арттыру. Әлеуметтік әділдік орнатып, жұмыс істейтін аза­маттарға әлеуметтік төлемдерді кірістері мен жүйеге қатысу өтілдерін ескере отырып қамтамасыз ету. Сонымен қа­тар Қордың инвестициялық саясатын жақсарту бағытында Ұлттық банкпен мәміле жасасып, келесі жылдан бас­тап жүйелі дамытуды қолға аламыз. Өйткені 2025 жылдан бастап әлеуметтік аударымдардың мөлшерлемесі 5%-ға өседі. Бұл Қордың қаржылық тұрақ­тылығына оң ықпал етеді. Қор міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларда әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде қаржыны тиімді пайда­лануға, мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсетуге ерекше назар аударады. Осылайша, Қордың қаражаты есебінен әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша деңгейін алуда жұмыс істейтін халықтың мүддесі қорғалады.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»