• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Қараша, 2024

Киберқауіпсіздік барлық салаға ауадай қажет

61 рет
көрсетілді

«Қазмедиа» орталығы» телерадио кешенінде «MSSP Global» компаниясы мен «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры бірлесе ұйым­­дас­тырған «Киберқауіпсіздік мәселелері туралы хабардар болу» атты тренингі өтті. Бұл іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қолдау білдіріп, жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болды.

Әлемдік ауқымдағы өзекті мәселені басты тақырып етіп алған іс-шара­ның мақсаты – БАҚ өкілдерінің кибер­қауіпсіздік саласындағы білімін және құзыреттілігін арттыру. Ұйым­дас­ты­рушылардың айтуынша, мұндай қа­дам цифрлық дәуірде отандық медиа кеңістіктің нығаюына ықпал етпек.

Тренинг барысында спикерлер киберқауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелер мен трендтерді ашып көрсетуге тырысты. Сондай-ақ бұл кездесуде министрлік өкілдері ақпараттық кеңістіктегі қауіпсіздікті дамыту стратегиялары туралы ойымен бөлісті.

Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов кибер­қауіп­сіздікті дамыту мемлекет қана немесе тек Ақпараттық қауіпсіздік коми­теті айналысатын мәселе емес, бұл тұтас бір үлкен сала екенін айтып өтті.

– Бүгін біз осы мәселенің маңызын арттыру, оның азаматтарға ұғынықты болуын түсіндіру мақсатында жинал­дық. Шын мәнінде бұл тақырып аясында бұған дейін аз айтылып, кем жазылмады. Ақпараттық қауіпсіздікке қатысты келеңсіздіктердің 90 пайызға жуығы адамның өзімен байланысты болып отыр. Яғни қазіргі таңда ақ­па­раттық технологияларға жол аш­қаннан гөрі алдымен адамның өзін «бұзу» оңайырақ болып тұр. Ақ­па­рат­тық құрылғыларды, бағдар­ла­ма­ларды білімі жетік білікті мамандар бақылап, кибершабуылдан қорғап отырады. Ал жеке адам бұл тұрғыда хакерлер үшін ең әлсіз объект болып отыр. Сол үшін әр адам күнделікті өмірдегі әр қада­мын тек өзі ғана сақтандыра алады. Ал ол үшін мемлекет ретінде біз және ақпарат жаршысы ретінде жур­на­листер бірлесе отырып осы нәрсеге халықты, қоғамды үйретіп, дағды­лан­дыруымыз керек, – дейді комитет төрағасы.

«Медиа дамыту қоры» корпоратив­тік қоры бас директорының орынбасары Әсел Серікбаева да тақырып төңі­ре­гін­де пікір білдірді.

– Жоғары оқу орындарының да жеке бас деректерімен жұмыс істеу бағытындағы іс-шаралары кибер­қауіп­сіздік саласындағы мамандар­дың кибершабуылға төтеп бере алуын қам­тамасыз етеді. Сол себепті кибергигиена машықтарын меңгерту тек өз мәліметтерін емес, сонымен қатар аудиторияға деген сенімнің кәсіби этикасын нығайта отырып ақпарат көзін де қорғауға көмектеседі, – дейді Ә.Серікбаева.

Сондай-ақ тренингке негізгі спикер ретінде шақырылған «MSSP Global» өкілі Медет Турин ақпараттық қа­уіп­сіздік саласында 12 жылдан бері ізденіп келе жатқанын жеткізді. Спи­­кер ақпараттық қауіпсіздіктің негіз­гі міндеттеріне тоқталды. Яғни ұйымның жұмыс өнімділігіне зиян кел­тірмейтін деректердің құпия­лы­лығын, тұтастығын және қолже­тім­ді­лігін сақтау мәселелерін атап өтті. Сонымен қатар киберқауіп туралы да кеңірек айтып берді.

– Қазақстан жаһандық кибершабуыл рейтингінде – жетінші, ал ТМД елдері арасында – екінші орында. 2023 жылдың қорытындысы бойынша, рес­публикада 223 миллионнан аса кибершабуыл әрекеттері тіркелді. 2022 жылы интернет қаскөйлері тұрғындар мен мемлекетке 110,8 млрд, ал 2023 жылы 140 млрд теңге зиян келтірген. Бізде әлі де қауіпсіздікпен «өрт тұтанып», арты дауға айналып кеткен соң ғана айналыса бастайтын әдет бар. Бұл халықтың әлі де интернет қауіпсіздігі төңірегінде ақпараттандырылуының төмендігін көрсетіп отыр, – деді М.Турин.

Іс-шара барысында «MSSP Global» мен Қазақ-Америка университеті арасында осы бағыттағы бірлескен іс-қимылдарды қамтыған меморандумға қол қойылды.