• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Қаңтар, 2015

Саясатқа діннің араласқаны жақсы емес

286 рет
көрсетілді

Дүбірге толы дүние Йемен Республикасындағы жағдайды түсіну қиын. Президент сарайын үш күн бойы қоршауға алғаннан кейін, ел президенті Әбді-Раббу Мансұр Хади өзінің биліктен кететінін мәлімдеді. Бұған дейін үкімет те осындай мәлімдеме жасаған. Сөйтіп, ел билігі шын мәнінде шииттердің қолына көшті. Бұл мемлекеттік төңкеріс пе, биліктің келісім жолымен ауысуы ма? Билікке жеткен сепара­тис­тердің өзі мұны мемлекеттік төңкеріс деуге барғысы жоқ, онда өздерін халықаралық қоғамдастық алдында қолайсыз жағдайда қалды­рады. Ал келісім бойынша дегенге қаншама уақыт президент сарайын қоршап алып, күш көрсетуді келісімге ешкім де қоспайды. Атап айтатын жай президент Хади келісімге барудай-ақ барды. Өткен жыл бойы көтеріліске шық­­қан шииттердің әл-хуси тай­па­­сының өкілдері біріккен «Ансарулла» қозғалысымен талай рет келіссөз жүргізіп, барлық мәсе­ле­ні келісім жолымен шешуге тырысты. Сол келісім бойынша, президент билікте қалып, ал шииттердің биліктің барлық буынында өкілдері болуы көзделген еді. Президенттің телеарна арқылы халыққа үндеуінде шииттердің мемлекеттік шешуші қызметтерге орналасумен қатар, олардың пікіріне сай ел конституциясына өзгерістер енгізуге де жол ашықтығы айтылған болатын. Бірақ шииттер мұны азсынды. Азсын­ғанда, бұрынғы келісімді аяқ­қа басып, елде жаңа сайлау өт­кізу­ді талап етіп отыр. Ондағы мақ­сат – бар билікті өз қолдарына алу. Осы жерде қазіргі жағдайды түсіну  үшін аз-кем тарихқа үңіле кеткен жөн. Бұл елдің халқы – йемен арабтары. Анықтамалықтарға қарағанда, олардың көпшілігі (60 пайыз) – исламның сүнниттік ағымын ұстанады. Ал азшылық дейтін шииттердің зейдит сектасы елдің солтүстік таулы аймағын мекендейді. Үнемі исламның осы екі бағыты арасында қақтығыс болып жатады. Тіпті, ел тәуелсіздік алғаннан кейін де екіге жарылып, жеке мемлекеттер құрылуында да сол қайшылық жатыр. Ақыры 1990 жылы сол екі мемлекет (ЙАР және ЙХДР) бірігіп, Йемен республикасы болып жарияланса да, қайшылық тоқтай қоймаған. Қазіргі жағдай сол қайшылық­тың жалғасындай. Елде билік әлсіз. Оңтүстікте «Әл-Каида» қоз­ға­лысы өріс алса, солтүстікте зейдизмді ұстанатын шииттер бас көтеріп, елдің берекесі кетіп-ақ тұр. Сарапшылар, кейбір ресми мекемелер көтерілісші шииттердің жеңіске жетуін Иранның қолдауына апарып тірейді. Хусидтердің көсемі Әбділ Мәлік әл-Хуси оны жоққа шығар­ғанмен, кейбір ресми адам­дардың пікірі оны негіздеп отыр. Жақында Иран көсемі аятолла Әли Хаманеиге жақын адам, саясатшы Әли-Реза Заканидің Сананы алғаннан кейін арабтың төрт астанасы Теһранның бақылауына көшті деп мәлімдеуі соны аңғартады. Төрт астана дегенде, ол Дамаск, Бағдат және Бейрут пен Сананы айтып отырғаны белгілі. Йемендегі жағдай бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Оған БҰҰ назар аударып, Қауіпсіздік Кеңесі өзінің төтенше мәжілісінде көтеріліс­шілерді айыптап, президент Хадидің билігін заңды санайды. Рас, соңғы күндері президент Хади өзінің қызметтен кетуі жө­нін­дегі өтінішін қайтарып алатыны жөнінде мәлімдеме жасады. Бірақ қолы жеткен жеңісінен көтері­лісшілер оңай айырыла қоймас. Ең қиыны, біздіңше, бұл қайшылықтың діни сипатында. Бүкіл әлем болып, сүнниттік бағыттағы «Ислам халифатын» айыптап жатқанда, шиизмді ұран еткен күштердің билікке келуі де оңып тұрған нәрсе емес-ау дейсің. Бір діннің екіге жарылып, бір-бірін жау санауы жақсылыққа апармайды. Бұл сол діннің өзіне ор қазудан басқа ешнәрсе емес Бас прокурор – аса беделді қызмет Басқалар үшін қалай екенін кім білсін, ал қырғыз ағайындар үшін дәл солай. Соңғы бір ай көлемінде елдің бас прокурорын алмастыру елдегі үлкен саяси оқиғаға айналғандай болды. Бұл елдің саяси өміріне зер салып жүретін адам Қырғызстанның бас прокуроры Аида Салянованың атын талай естіген. Ол өзінің қағи­датшылдығымен, кейде артық­тау көрінетін қаталдығымен ерек­­шеленетін. Қандай қызмет ат­қарғанына қарамай, жемқор­лыққа қатысы барларға қырғидай тиді. Сондықтан да одан көп адам қаймығатын. Міне, сол Салянова қызметінен кететін болыпты деген сөз өткен жылдың аяғында шығып, оған ел басшылығы да түсініктеме беруге мәжбүр болған. Басшылық дегенде, президент Атамбаевтың өзі 27 желтоқсанда оны ежіктеп түсіндірді. Салянованың бұл жұмыстан кетуі үшін бірнеше рет өтініш бергенін, бірақ әзірге кетпейтінін, тек демалысқа шыға­тынын айтқан. Оның жұмы­сына жоғары баға беріп, тіпті, оның «құқықтық мемлекетті және демократиялық қоғамды нығай­туға қосқан үлесі үшін «Манас» орденімен марапаттаған да. Ал үкімет басшысы Жомарт Отарбаевтың пікірі де жоғары: «Мен жеке өзім Салянованың жұмысында қалғанын қалар едім. Мұндай адамнан айырылуға болмайды. Ол қоғамда үлкен беделге ие», деген. Арада бір ай өткенде Салянова жұмысынан кететін болды. Оның өтінішін президент Жогоргу Кенеш­ке ұсынып, 57 депутат өті­­ніш­ті қанағаттандыруға, ал 18 депутат оған қарсы дауыс бер­ді. Мәселе парламентте қаралып жатқанда, оның маңында шағын митинг те өтіпті. «Аида Салянова, халық сенімен бірге!», «Біз Салянованың кетуіне қарсы­мыз!», «Билік Салянованың кет­кеніне жауап береді!» деген плакаттар пайда болыпты. Митинг­те сөйлегендердің бірі оны қыр­ғыз­дың ел билеген қайраткер қызы Құрманжан датқамен де теңестірген. Қалай дегенде де, осының өзі елдің бас прокурорының кетуінің арғы жағында үлкен күрес болғанын аңғартады. Біреулер оны кетіруге мүдделі болған, екіншілерінің қалдырғысы келген. Бас прокурордың кетуі туралы әңгімеге қосарлана ол кетер болса, орнына кім болады деген әңгіме де өршіді. Талай адамның аты аталды. Сірә, бұл қызметке қызығушылар көп болғанға ұқсайды және оған жұртшылық айтарлықтай мән берген. Президент Атамбаев көпшілік күтпеген адамды ұсынды. Прези­дент аппаратының сот реформалары мен заңдылықты жүзеге асыру бөлімінің меңгерушісі Индира Жолдыбаева қадағалау органының басшысы болып шыға келді. Бұл елде біреу басшы қызметке келсе, қолдаушысы кім екен, кімнің туысы деген сұрақ қойылады. 32 жастағы бас прокурор конс­титуциялық соттың бұрынғы төрайымы Шолпан Баекованың және бұрынғы премьер-министр Аалы Карашовтың туысқаны екені енді белгілі болды. Жұрт одан да бұрын Жолдыбаеваның Аида Салянова мен жоғарғы сот төрайымы Феруза Жамашевамен жақын құрбылар болғанына ерекше мән беріп отыр. Қырғызстанда әйел азамат­тардың да белсенділігі жоғары. Саяси өмірде көзге түсіп жүргендер баршылық. Бұл ретте алдымен президент болған Роза Отынбаева ойға оралады. Салянова туралы жоғарыда айттық. Енді саяси аренаға тағы бір қайраткер шықты. Ол – Индира Жолдыбаева. Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.