Елге инвестиция тарту – тек қаржы көзі ғана емес, сондай-ақ шетелдік тәжірибе мен мүмкіндіктердің келуіне жол ашу. Бұл дамудың жаңа бағытына, ауқымды өзгерістерге, экономиканың әр саласына тың серпін береді. Осы бағытта Батыс Қазақстан облысында бірқатар игі іс атқарылды.
Биыл 9 айда облыста негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 437 млрд теңгені құрады. Жеке инвестиция үлесі – 342 млрд теңге. Тартылған инвестиция нәтижесінде өңірде 1 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылған. Өнеркәсіп саласында биыл 2,6 трлн теңгенің өнімі өндіріліпті. Алдағы 5 жыл ішінде 2,4 трлн теңгеге 42 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Жаңа газ өңдеу зауыты салынады
Қарашығанақ кен орнында қуаты жылына 4 млрд текше метр газ өңдеу зауыты орын тебеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі Нариман Төреғалиев айтты. Облыста өндіріс саласы тұрақты дамып келеді. Өңір басшылығы инвестиция тарту арқылы өндіріс орындарын ашып, отандық және жергілікті өнім түрлерін көбейтуді басты назарға қойып отыр.
Республика күні қарсаңында мұнай газ саласына қажетті кейбір жабдықтарды өндіретін зауыт іске қосылып, шикізат өндірісіне қажетті құрал-жабдықтар шығарыла бастады.
«Өңірде өнеркәсіп көлемін арттыру бағытында Қарашығанақты кеңейту жобасы іске асырылып жатыр. Өткен жылы 4-компрессор, осы жылы 5-компрессор пайдалануға берілді. 6-компрессордың құрылысы аяқталуға жақын. Аталған жоба Қарашығанақ кен орнындағы шикі газды дайындау, кері айдау және газды өндіру көлемін ұлғайтуға бағытталған. Болашақта жаңа газ өңдеу зауытының іске қосылуы тұрғындарды елде өндірілген тауар газымен қамтамасыз етуге серпін береді», деді әкім.
Шағын және орта бизнес секторы кеңейе береді
Аймақтағы шағын және орта бизнес өкілдері жыл басынан бері 1,2 трлн теңгенің өнімін өндірді. Облыстағы 58 мыңнан аса шағын және орта бизнес субъектілерінде 130 мың адам жұмыс істейді. Шағын және орта бизнесті дамытуға биыл 22 млрд теңге бөлініп, 3 мыңнан аса жобаға қолдау көрсетілген. Бизнесті дамыту мақсатында облыстағы индустриялық аймақта бүгінгі күнде жалпы құны 14,9 млрд теңгеге 5 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Сонымен қатар жалпы көлемі 2,8 гектар жер телімі негізінде шағын өнеркәсіптік аймақ құрылысы да қолға алынды.
Шағын өнеркәсіптік аймақ алаңында өздерінің мүмкіндігі жоқ шағын бизнес субъектісіне жаңа өндіріс орнын ашу үшін инфрақұрылымдары дайын жер телімдері ұсынылады. Бұл шағын және орта бизнесті одан әрі дамытуға мүмкіндік тудырады.
Ауыл шаруашылығы қарқынды дамуын жалғастырады
Облыстағы басым бағыттың бірі мал шаруашылығын дамытуға жасалған қолдау нәтижесінде төрт түлік мал басы өсіп, өнім өндіру тұрақты ұлғайып жатыр. Өңірде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімінің 60%-ы атакәсіп – мал шаруашылығына тиесілі. 2024 жылы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 50 млрд теңге қаражат бөлінді.
Төрт түлік мал басының саны тұрақты артып жатыр. Биылғы алынған төлмен бірге ұсақ мал басының саны 2 млн-ға жуықтады. Ал ірі қара мал 1 млн, жылқы 350 мыңнан асып, түйе 3 мың басқа жетті. Барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 616 мың гектарды құрады. Бүгінгі таңда егін ору науқаны облыста толық аяқталып, 300 мың тонна астық, 96 мың тонна майлы дақыл, 50 мың тонна картоп, 46 мың тонна көкөніс және бақша өнімдері жиналды.
Мал шаруашылығын одан әрі дамыту үшін өңір әлеуетін толық пайдалану керек. Ал ол мақсатта жайылымдарды суландыру өте маңызды. Қазір ұзындығы 186 шақырымды құрайтын 3 магистраль каналын қайта жаңғырту және 43 шақырым болатын «Азнабай – Тайпақ» және 95 шақырым болатын «Жайық – Шалқар» каналын жөндеу сияқты ірі жобалар жүзеге асады.
Агроөнеркәсіптік кешендегі жаңа жобалар
«Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде биыл БҚО-да 195 отбасы тауарлық несие алған. Президент тапсырмасына сәйкес ауыл халқының әл-ауқаты мен табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы осылай жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағдарлама өз кезегінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң әсерін тигізеді. Бағдарлама аясында кейінгі екі жылда облыста 7 млрд теңгеден аса қаржы бөлініп, ауылдық жерлерде 1,5 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылды.
Несиеге қол жеткізе алмайтын, халықтың әлеуметтік осал топтарына биылдан бастап тауарлық несие берілді. Әзірге 195 отбасына тауарлық несие ретінде 247 бас ірі қара, 474 бас ұсақ мал және 64 бас жылқы берілген. Өңірдегі ең ірі кәсіпорын «Қарашығанақ» мұнай-газ компаниясымен меморандумға қол қойылып, бағдарлама аясында кәсіп ашқан тұрғын өнімін кооперациялар арқылы КПО компаниясына тікелей сату жұмысы ұйымдастырылды.
Өнім өндірісі көлемін арттыру мен саланың дамуына инвестиция тарту мақсатында 2024–2026 жылдары агроөнеркәсіп кешені саласында жалпы құны 120 млрд теңгені құрайтын, 870 жаңа жұмыс орнын құратын 38 инвестициялық жоба жоспарланған. Биыл 19 жоба аяқталды. Нәтижесінде, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі өңірде Президент тапсырмасына сәйкес 2026 жылы 70% деңгейіне жетеді.
642 шақырым жол жөнделген
Өңірде бірқатар ірі жол құрылысы қолға алынған. Облыстың шалғай орналасқан Казталов, Бөкейордасы және Жәнібек аудандарында республикалық маңызы бар 245 шақырым жол күрделі жөндеуден өтіп, шалғай аудандардың облыс орталығымен байланысы оң шешім тапты. Сондай-ақ республикалық маңызы бар 144 шақырым «Подстепное – Федоровка – Ресей» шекарасына дейінгі жолды қайта жаңғырту жалғасып жатыр. «Барбастау – Ақжайық – Индер» және «Жаңақала – Бисен» бағытындағы жол құрылысы тиянақты атқарылуда. Өткен жылы 82 млрд теңгеге 562 шақырым жол жөнделсе, биыл 92 млрд теңгеден астам қаржыға 642 шақырым жол жөндеу – басты міндет. Былтыр 3,6 млрд теңгеге Орал қаласында 58 шақырым жол жөнделсе, осы жылы 4,3 млрд теңгеге 50 шақырымнан астам жол жөнделді.
Тасқыннан зардап шеккендерге баспана берілді
Су тасқынында 2 мыңға жуық тұрғын үй, 15 мыңдай саяжай учаскесі су астында қалды. Игі шараның арқасында 9 994 отбасына 3,6 млрд теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек төленді. Бұдан бөлек, 10 мыңнан аса отбасына келтірілген шығындарға 3,7 млрд теңгеге материалдық көмек жасалды. Тұрғындар баспанасын қалпына келтіру үшін 4,3 млрд теңгеге жөндеу жұмысы жүргізілді. Жалпы саны 1 939 пәтер сатып алынып, 889 жаңа тұрғын үй салынды. Қайырымдылық қорлары есебінен 69 отбасына жаңа баспана табысталды.
Коммуналдық нысандар жаңарып жатыр
Биыл жаңа электр қосалқы стансалары пайдалануға беріліп, №3 кәріз-сорғы стансасы және №5 жылу магистралі жаңартылды. Облыс орталығының негізгі және маңызды су әкету және су көтеру нысандарының барлығына жаңғырту жұмысы жүргізіліп, аяқталады. Осы жылы тиісті нысандарды реконструкциялауға республикалық және жергілікті бюджеттен 21,4 млрд теңге қарастырылды.