• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Талбесік 14 Қараша, 2024

Табиғат жанашырлары табысқа жетті

71 рет
көрсетілді

Еліміздегі экожүйені қорғауға арналған «Алтын дала» бастамасы 2024 жылғы The Earthshot Prize экологиялық сыйлығының «Табиғатты қорғау және қалпына келтіру» аталымында жеңіске жетті. Марапат еліміздегі киіктердің санын қалпына келтіру, ерекше қорғалатын аймақтарды кеңейтудегі елеулі жетістіктер үшін берілді.

Тhe Earthshot Prize – 2020 жылы ханзада Уильям мен сэр Дэвид Аттенборо негізін қалаған марапат, планетаны қалпына келтіруге бағытталған инновацияларға берілетін әлемдегі ең беделді сыйлықтардың бірі. Әлемдік  сыйлыққа ие болған «Алтын дала» серіктестері ерекше қорғалатын табиғи аймақтарды құру, кеңейту, ғылыми зерттеу жұмысын жүргізу, сиреп кеткен түрлерді көбейтіп, жабайы жануарлар мен олардың дериватын заңнан тыс сау­далаумен күресу, мамандарды кәсіби тұрғыда даярлап, халықтың сауатын ашу секілді табиғатты қорғау ісімен айналысады. Бүгінге дейін серіктестер 9,5 млн АҚШ доллары көлемінде сырттан инвестиция тартқан.

– Министрлік пен серіктестеріміздің аянбай еткен еңбегі әлем деңгейінде еленіп жатқанына қуанып отырмыз. Бұл марапат елімізде табиғатты қорғайтын бастамалар көбеюіне үлкен септігін тигізеді, – дейді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев.

Еліміздегі биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының атқарушы ректоры Вера Воронова:

– Бұл – табиғат қорғау саласындағы бірлесіп жұмыс істеудің көрсеткіші. Осы жеңістің арқасында біз әлі де талай жобаның көшін бастап, ынты­мақтастығымызды кеңейтеміз. Табиғатқа қол ұшын тигізбей, бітімге келген сайын ол өзінен-өзі қалпына келіп, жаңғыра ала алады. Елімізде ақбөкеннің көбейгені – осының дәлелі. Марапатты «Алтын дала» серіктестері атынан алғаным – зор құрмет. Бұл марапат кейінгі жиырма жылда осыған атсалысқан адамдардың маңдай тері мен еңбегінің жемісі. Бізді үміткер етіп ұсынған БҰҰ Экожүйелерді қалпына келтіру онжылдығына, соған лайық деп таныған Уильям ханзадаға алғыс айтамыз, – деді.

«Алтын дала» бастамасы 2005 жылы Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы (АСБК), «Fauna & Flora International» ұйымы, Франкфурт зоологиялық қоғамы (FZS), Корольдік құстарды қорғау қоғамы (RSPB) арасында ұзақмерзімді серіктестік ретінде құрылды. Серіктестердің негізгі мақсаты – киік популяциясын қалпына келтіру. Осы мақсатта қорық аймақтарын құру, кеңейту, браконьерлікке қарсы күресте ауқымды шаралар қолға алынды. Нәтижесінде, 2003 жылғы 21 000 киік саны 2024 жылы 2,8 миллионға жетіп, әлемдегі сүтқоректілерді қалпына келтірудің ең жарқын мысалына айналды.

«Алтын дала» бастамасының тағы бір маңызды жетістігі – сирек, жойылып бара жатқан түрлердің, соның ішінде дала бүркіті, ақсұңқар, құланның популяцияларын қалпына келтіруде қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстар.