• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Digital 14 Қараша, 2024

Жетісу мектептеріндегі ІТ жетістігі

119 рет
көрсетілді

Әлемді идея билейді. Мұны біз Жетісу жерінде тұңғыш рет өткен «Digital Jetisu Forum» цифрландыру форумында аңғардық. Бұл игілікті іске мұрындық болған облыстық цифрлық технологиялар басқармасы мен «Jetisu Digital» IT-хабы. Жиынға 300-ге жуық ІТ маманы қатысып, саладағы түрлі өзгерістерді сараптады. Жас ғалымдар ойлап тапқан жаңалығын халыққа таныстырып, ғылымның есігін ашты.

Аталған форум саладағы инженерлердің, IT-са­рапшылардың, әзір­леу­шілердің, сала көшбасшылары­ның басын бір шаңырақ астында біріктірді. Бұл шара аймақтағы цифрлық саланы дамытудың не­гізгі тақырыптарын талқылауға ар­налған жаңа алаңға айналды. Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, облыста көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 96%-ы автоматтандырылған, сондай-ақ елді мекендердің 95,2%-ында интернет жеткізілген. Бүгінде облыс орталығы Талдықорған қаласында 5G желісі үшін 13 базалық станса орнатылған.

Салтанатты шараның ашылуын­да облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов кездесуге қаты­сушыларды құттықтап, игі тілегін жеткізді.

«Бүгінгі іс-шара заманауи шешімдерді енгізуді жеделде­туге және өңірде ыңғайлы әрі тиімді цифр­лық инфрақұрылымды құ­ру­ға көмектесетін әдістерді тал­қылау, цифрлық технология­лар са­ла­сындағы мамандар мен сарап­шылардың күш-жігерін біріктіру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Цифрлық трансформация дәуірін­де мемлекеттік құрылымдардың ­алдында қызмет көрсетудің жедел­дігін арттыру ғана емес, сонымен қатар азаматтармен өзара іс-қимылдың әр кезеңінде ашықтық пен есептілік қағидаттарын енгізу міндеті тұр. Жалпы алғанда, Жетісуда көрсетілетін 289 мемлекеттік қыз­мет пен қосалқы қызметтердің ­277-сі немесе 96% автоматтандырыл­ды. Қызмет іске қосылған сәттен ­бастап 1 370 өтінім келіп түсті», деді Д.Есдәулетов.

Сондай-ақ өңірде салаларды цифрландыру бойынша бірқатар жобалар табысты жұмыс істеп жатқаны да сөз болды. Атап айт­қанда «Кілем жабыны» жобасы аясында полиция департаменті­нің жедел басқару орталығына 15 мыңнан астам бейнебақылау камерасы қосылған, сондай-ақ жол қауіпсіздігін күшейту үшін жол ережелерін бұзушыларды анықтауға және көлік легін өлшеуге мүмкіндік беретін 216 камера орнатылған.

Денсаулық сақтау саласын цифр­ландыру мақсатында өңірдің 16 медициналық мекемесінде рентген сәулелерін жоғары дәлдікпен талдауға мүмкіндік беретін PACS жүйесі енгізілді, бұл дәрігерлерге ерте диагноз қоюға көмектеседі, әсіресе онкологиялық ауруларды ерте анықтауда маңызы зор. Жүйе жұмыс істегеннен бері 615 мыңнан астам зерттеу жүргізілген.

Өңірдің білім беру саласын ­цифрландыру жұмыстары аясында Жетісу облысындағы 337 мектеп түгел интернетке қосылған. Оның ішінде осы жылы шалғайдағы 53 мектеп «Starlink» спутниктік жүйесі арқылы қосылды. Сондай-ақ 69 мектепте балалардың сабаққа қатысуын бақылайтын, тамақтануын есепке алатын, кітапханаларға кіруіне мүмкіндік беретін «Оқу­шының бірыңғай карточкасы» жүйесі енгізілді.

Жоғары білікті ІТ-мамандарды даярлау мәселесі де шешіліп отыр. Атап айтқанда, Талдықорғанда «Samsung Innovation Campus» бағдарламалау мектебі ашылып, «IT Hub Jetisu Digital» базасында курстар өткізілуде, онда мыңнан астам адам оқудан өтті.

Осы күні форум аясында «Әлеу­меттік әмиян – мемлекеттік қол­дау шараларын цифрландыру» тақырыбында пленарлық сессия ұйымдастырылды.

Спикерлердің бірі облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев «Әлеуметтік әмиян» пилоттық жобасының мәніне ег­жей-тегжейлі тоқтала келе, жоба ха­лықтың әлеуметтік осал топта­ры­ның қаржылық құралдарға қол­же­тім­ділігін қамтамасыз ету, әлеу­меттік көмекті есептеу рәсімін жеңіл­де­ту, әлеуметтік қолдау құрал­да­рын жетілдіру, сондай-ақ бюджет қа­ражатының шығыстарын оңтай­ландыру үшін құрылғанын айтты.

Сол сияқты облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов, облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Айдын Темірбаев та сөз алып, цифрландыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

Форум негізгі тақырыбынан бөлек жасанды интеллект, деректерді талдау, киберқауіпсіздік, әлеуметтік қызметтерді цифрландыру, сондай-ақ көлік және қауіпсіздік сияқты маңызды бағыттарды да қамтыды.

Сондай-ақ «Google Developer» сарапшысы Энес Тұран, «MSP Global» техникалық директоры Руслан Жансеңгіров IT-индустриядағы жаһандық трендтер мен өзге­рістер, бизнес-үдерістердің тиім­ділігін жақсартудағы жасанды интел­лектінің рөлі, киберқауіпсіздік саласындағы соңғы шешімдер мен технологиялар жайлы баяндады. Мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, азаматтарды цифрлық қолдау мәселе­лері талқыланды. Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға және қалалық қызметтерді қолдауға бағытталған «Қауіпсіз қала» жүйесі таныстырылды.

Жиында пікірталас алаңдары­мен қатар IT-компаниялардың, цифрландыру жөніндегі сарап­шылардың цифрлық жобаларын ұсынатын «Jetisu IT Expo» көрмесі ұйымдастырылды. Оған телекоммуникация, деректерді талдау, қа­уіпсіздікті қамтамасыз ету, геокарталарды әзірлеу және т.б. салаларда жұмыс істейтін еліміздің әртүрлі қалалары мен аймақтарынан келген 12 отандық компания қатысты.

Мәселен, Шығыс Қазақстан облысынан келген «Rating» ЖШС компаниясының менеджер-талдаушысы Анастасия Хохлова қыркүйек айынан бері компания Жетісу облысының цифрлық технологиялар басқармасымен бірлесіп, түрлі бағытта ауқымды талдамалық деректер базасының ахуалдық орталы­ғын құру жұмыстарын атқарып жатқанын айтты.

«Мысалы, аймақтың ерекше қа­жеттіліктері бар тұрғындары ту­ралы ақпараттар кейсі жасал­ды. Ахуалдық орталықтың дерек­қорында олардың саны қанша, олардың қаншасы мемлекеттік әлеуметтік көмек алғаны, қаншасы көмекпен қамтылмағаны және т.б. анық көрсетілген. Барлығы 12 кейс, соның ішінде «Жол апаттарын талдау», «Мектептердің толымдылығы», «Демография», «Еңбек нарығындағы жағдай» және т.б. әзірленді. Жыл соңына дейін кейстер саны 58-ге жетеді. Мұның бәрі аймақтың дамуы туралы барлық ақпаратты бір жерге жинақтауға, оны талдауға және жағдайды жақсарту шараларын қабылдауға мүмкіндік береді», деді А.Хохлова.

Ал Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары көрмеде өздерінің ­марста жүретін роботын ұсынды, олар 9-сыныптан бастап осы жоба­мен жұмыс істеп, Астана мен Алматы­да роботтехника халықаралық көр­ме­лерінде көзге түскен.

«Біз барлық бөлшекті 3D-прин­терде басып шығардық. Бағ­дар­лама «Python» бағдарлама­лау тілін­де жазылған. Біздің марс­та жү­ретін роботымыз Ай мен Марс­та­ғы үңгірлерді зерттеуге ар­нал­ған. Бұл жобада сыныптасым Едіге Болатбекұлы екеуіміз бірге жұ­мыс істедік», дейді Талдықор­ған қала­сындағы НЗМ 12-сынып оқушысы Қасым Әли.

Осы күні форум аясында цифр­ландыру саласындағы жетістік­тері үшін өңірдің ІТ-мамандары марапатталды. Атап айтсақ, «Цифр­­лық технологияларды ілгерілету­ші» номинациясы «Future-IT» роботех­ника мектебінің негізін қалау­шы директоры Дамир Нұркежа­нов жеңімпаз атанса, «Жылдың цифр­лық жеткізушісі» аталымын­да Қаратал орта мектебінің ин­фор­матика пәнінің мұғалімі Кирилл Михов, ал «Стартап-мәдениеттің үз­дік тәлімгері» номинациясы бо­йын­ша Талдықорған жоғары поли­техникалық колледжінің бизнес – стартаб жобаларының жетек­шісі Әсел Құлынтаева жеңімпаз бол­ды. Сондай-ақ «Jetisu Digital» IT-хабы­ның және «Astana Hub» IT-стартабы халықаралық технопаркінің ұжы­мы және басқалардың еңбегі атап өтілді. Оларға облыс әкімінің алғыс хаттары, арнайы мүсіншелер мен ақшалай сертификаттар берілді.

«Бүгінде цифрландыру біздің өміріміздің барлық саласына тән әрі жетісулықтар үшін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруда маңызды рөл атқарады. Біздің мақсатымыз – өңірдің әрбір тұрғыны білім беруде, денсаулық сақтауда, қалалық шаруашылықты басқаруда немесе мемлекеттік қызметтерді алуда заманауи технологияларды толық пайдалана алатындай ету. «Digital Jetisu Forum»-да ұсынылған жобалар цифрландырудағы жетістіктердің бір бөлігі ғана. Біз жаңа жобаларды әзірлеп, енгізуді жалғастырамыз, өйткені біздің басты міндетіміз – Жетісуды цифрлық технологиялар әр азаматтың игілігі үшін жұмыс істейтін өңірге айналдыру. Сондай-ақ біз өңірдің талантты жастары өз әлеуетін танытып, жобаларын іске асыра алатын цифрлық ортаны қалыптастыруға тырысамыз», деді А.Темірбаев.

Форум соңында «Jetisu Idea Battle» идеялар байқауының қорытындысы шығарылып, оның аясында өңірдің дәстүрлі үздік стартаперлері өз жобаларын дамытуға берілетін бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

Жетісу облысы