• RUB:
    4.94
  • USD:
    495.2
  • EUR:
    522.34
Басты сайтқа өту
Экономика 15 Қараша, 2024

Теміржол арқылы саяхат

28 рет
көрсетілді

Қазақстан мен Өзбекстан арасында «Jibek joly» атты жаңа теміржол туры іске қосылады. «Алматы – Түркістан – Таш­кент – Алматы» бағытындағы алғашқы рейс ертең, 16 қа­раша күні жолға шығады.

Халықаралық теміржол туры туристерге бес күн ішінде ежелгі қа­лалардың атмосферасына еніп, Ұлы Жібек жолының ізімен саяхаттауға мүмкіндік береді. Маршрут Түркістан мен Ташкенттің басты көрікті жерлерін қамтиды. Туристерге ыңғайлы болу үшін тур бағдар­ламасында гид қызметі, та­мақтану, көлік қызметі, кіру би­леттері қарастырылған.

«Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде, екі елді байланыс­тыратын ерекше теміржол туры іске қосылмақ. Аталған тур біздің азаматтарымыз бен елдеріміздің мәдени байлығы мен тарихи мұрасына қызығушылық танытатын шетелдік туристер үшін ыңғайлы әрі қолжетімді болмақ. Бұл еліміз бен Өзбекстан арасындағы мәдени байланыс­тарды нығайту мен туризмді дамытудағы маңызды қадам», деп атап өтті Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Сондай-ақ саяхатшылар Орталық Азия аумағындағы ең көне қалалардың бірі – Отырар қаласымен таныса алады. Тур бағдарламасына Арыстан баб кесенесіне, «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейіне, Орталық Азиядағы ең үлкен «Керуен сарай» туристік кешеніне бару кіреді. Ташкенттегі тур аясында қаланың тарихи нысандарымен ғана емес, сонымен қатар заманауи дамуымен де танысуға болады. Айталық, туристер Хазірет имам кешені, Барақхан медресесі, Әбу Бакр Каффали Ша­ши, Төле би кесенесі сияқты тарихи орындарды аралап, Өзбек­стан астанасының заманауи көрікті жерлерінің бірі «Magic City» саябағына экскурсия жасайды. Барлық экскурсиялар кәсіби гидтердің жетекшілігімен ұйымдастырылады.

Сапар барысында пойызда түрлі ойын-сауық шаралары: шахмат, UNO сияқты үстел ойындары, сыйлықтар ойнатылатын ұтыс ойыны өткізіледі.

Жолаушыларға пойызда фильмдер мен деректі бағдар­ламаларды көруге, музыка тың­дауға, кітап оқуға «Vputi.kz» муль­ти­медиялық жүйесі қол­же­тімді болады. Сондай-ақ туристерге турдың бағдарламасы мен қалалардың карталары бейнеленген буклеттер ұсынылады. Айта кетейік, турпакет билеттері туристік агенттіктер арқылы сатылды.

Халықаралық турды «Tau Komek Travel», «Тұран Қазақстан Тревел», «Grand Soluxe Travel Company», «SkyWay Travel», «Kompas», «KhanTuran Travel» компанияларымен бірлесіп «Жолаушылар тасымалы» АҚ іске асырады. «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ маршруттың халық­аралық деңгейде насихатталуына қолдау көрсетеді.