• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Басылым 15 Қараша, 2024

«Қожа» француз тілінде қайта басылады

143 рет
көрсетілді

Бердібек Соқпақбаевтың ЮНЕСКО деңгейінде тойланып жатқан 100 жылдық мерейтойы аясында «Менің атым – Қожа» хикаяты француз тіліне аударылып, Париж қаласында тұсаукесері өтті. Сол іс-шараға арнайы делегат ретінде қатысып қайтқан сапарымызда бізді «Аталған кітапты француз тілінде сөйлеткен Ив Готье (Yves Gauthier) кім? «Менің атым – Қожа» Францияның кітап дүкендерінде сатылымда бар ма?» деген сауал мазалады.

ЮНЕСКО дәргейінде тойланған қаламгердің 100 жылдық мерейтойы жо­ға­ры деңгейде ұйымдастырылғанын бұған дейін жазған болатынбыз. Бір­неше мемлекет ауқымын қамтыған 100 жылдық ме­рейтойға қатысты іс-шара­лардың соңғы нүк­тесін француз тіліне аударылған «Менің атым – Қожа» («Je m’appelle Koja») кіта­бының тұсаукесері қойды. Әлемнің мәде­ние­ті мен әдебиетінің астанасы саналатын Париж­дегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәте­рінде тұсауы кесілген «Менің атым – Қожа» кітабы шындығында француз тілді қа­лың оқырманның қолына тиді ме? Фран­­ция­ның кітап дүкендерінде қалам­гердің кітабы сатылып жатыр ма? Берді­бек Соқпақ­баевтың «Менің атым – Қожа» хикаятын Ги де Мопассанның тіліне аударған Ив Готье кім? Бұған дейін ол қандай қаламгерлерді французша сөй­летті? Жарты ғасыр бойы бірнеше буынға рухани азық беріп, қазақ балаларының жүрегін жаулаған «Қожаны» аудармашы қазақ тілінен төте аударды ма, жоқ әлде, орысша нұсқаға жүгінді ме?

Әрине, қай мемлекетте болсын, кітап аударылып, баспадан шыққаннан кейін бұқараға міндетті түрде жетіп, оқырманның кәдесіне жарауы тиіс. Бірақ соңғы жылдары осы аксиома бұзылып, шетелде шыққан кітаптардың оқырман қолына тимейтіні туралы фактілерден аяқ алып жүре алмайтын болдық. Мәселен, түрік елінің Ыстанбұл қаласына барып, кітабының тұсауын кесіп келетін қаламгерлер көбейді. Қазақстанның әдеби ортасы мойындамаған кейбір автор­лар­­дың аз уақытта басқа мемлекетте б­а­ғы­­ның жану себебін түсінбей, мәселені ін­де­те зерттегенімізде біраз ақиқатқа көзі­міз жет­кен еді. Қысқарта айтсақ, қазір ақшаң болса, шет мемлекеттердің бірінде бар болғаны 100 шақты таралым­мен кітабыңның аудармасын басып шығарып, әлеуметтік желінің күшімен бүкіл әлемнің әдебиет сүйер жұртын «тізерлетіп» тастағандай «маң-маң» басып, алшаңдап жүре беретін заман келді. Өзге тілде шыққан 100 дана кітаптың қауқары шетелдік қалың оқырманды тамсандырмаса да, қазақ елінің назарын әлгі авторға аудартып, «шығармалары әлем тілдеріне аударылған қаламгер» деген дақпыртты атақты еншілеп алуға жетіп жатыр.

Осыны білгендіктен болар, басқа­лар­ды бы­лай қойып, шекара сыртында кітабы жа­рық көріп, тұсауы кесілген қазақтың белгілі жа­зу­­шы­ларының өзіне күмәнмен қарайтын болдық.

Сонымен, Францияда «Менің атым – Қожа» сатылып жатыр ма?

Бұл сауалға жауап бермес бұрын «Қазақ әдебиетінің жауһары саналатын туындыны француз тілінде кім сөйлетті?» деген сұрақты бір шиыр­­лап көрсек. Себебі бұған дейін әдеби шы­ғар­­­маларды әлем тілдерінде ­аудару ісінде де талай олқылық болғанын ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі қолданушылары жарыса жазғанын жұрт біледі. Олардың: «Қазақ классиктерін өзге тілде жазу-сызудан хабары бар, тәжі­ри­­белі аудармашылар сөйлетпей, ол туын­дының оқырман жүрегіне жол табуы мүм­кін емес» деген уәжіне келіспеске шара жоқ.

Бердібек Соқпақбаев хикаятын француз тіліне аударған Ив Готье кім?

Ив Готье (Yves Gauthier) – француз жазушысы, филолог, аудармашы. 1960 жылы Францияның Пуатье қаласында дүниеге келген қаламгер оқырмандарға Ресейде тұтқында болған Наполеон армиясының офицері Жан-Батист Николя Савеннің өмірі туралы жазылған «Мұздаған күндеріңізді еске аларсыз» және Владимир Высоцкийдің өмірі туралы «Орыс аспанындағы жанайқай» романдары арқылы танымал. Ив Готье соңғы отыз жыл бедерінде аудармашы ретінде де қаламын суытқан емес. Ол осыған дейін Василий Песков, Юрий Рытхеу, Глеб Травин, Валерий Аграновский, Михаил Лемечев, Николай Миклухо-Маклай, т.б жазушылардың елуге жуық кітабын орыс тілінен аударып, французша сөйлеткен.

Сарапшылар елімізде француз тілін білетін мамандар көп болғанымен, көркем шығарманы қазақ тілінен төте французша сөй­лететін әдебиет аудармашылары жоқ­­ты­ғын айтады. Сол себепті де, 100 жылдық мерей­тойы ЮНЕСКО дәргейінде тойланған Берді­бек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» хикаяты да орыс тілінде жа­рия­­лан­ған (жазушының төл перзенті Самал Соқ­пақ­бае­ваның аудармасы) нұсқа­дан ­аударылып отыр.

Бұл жөнінде Самал Соқпақбаевамен сөйлестік. «Менің атым – Қожаны» фран­цузша сөйлеткен Ив Готье орыс тілін өте жақсы біледі екен. Аударма барысында ылғи да сөй­лесіп, қазақы танымға қатысты түсінбеген дүние­лері болса, сұрап отырды. Әр деталь, әр ой­дың астарын ашып, түсіндіріп бердім. Фран­­ция кітапты біздегідей өзі жазып, өзі ре­дак­тор болып, өзі жариялай салатын ел емес қой. Олардың баспасынан бір туынды ж­а­рық көргенше, бірнеше сатыдан өтеді. Баспа басшысымен де, кітап редакторымен де сөйлестім. Баспа бұл аударманы бірнеше сын­шыға оқытып, пікірлерін саралапты. Бәрі де әкем­нің шығармасын ұнатып, риза болған. Соған қара­ғанда аударма да сәтті шықты деп сенім­мен айтуға болатын сияқты» дейді Самал апай.

Самал Бердібекқызының аударма­шы­лық жолға келу хикаясы да қызық. «Жалын» баспасының бас редакторы Қалдарбек Найманбаев аудармаларымды ұнатып қызметке шақырды. Ол кезде химия мамандығы бойынша университетті бітіріп, жұмыс істеп жүргенмін. Бірақ әкеме ұқсағандықтан болар, жүрегім әдебиет деп соғып тұратын. Сондықтан, Қал­дар ағаның ұсы­нысынан бас тарта алма­дым. Бұл ха­барды естігенде әкем «Ғы­лым жолын неге тастадың?» деп ренжіп, қолы­ма «Менің атым – Қожаны» ұстатып, «мық­ты болсаң, алғашқы екі-үш бетін аудар, ша­­маңды көрейін» деді. Мен әкемнің айт­­қа­нын орындадым. Ол менің аудар­мам­ды оқып шығып, «Қызым-ау, мына Қо­жаң­нан қазақы иіс аңқып тұр ғой» деп ба­лаша қуанды. Әкемнің осы мақтауы аудар­ма­шы­лық жолыма берілген ақ батадай әсер етті. Егер әкем жазғанымды ұнат­­паса, қай­та­дан ғылым жолына түсуім де мүмкін еді.­ Кеңес­тік кезеңде шы­ғар­ма алдымен жолма жол аударылып, оны әрі қарай бел­гілі жазушылар қай­­та өңдеп шығатын. «Ме­нің атым – Қо­жа­ның» алғашқы нұсқасы да оқыр­­ман­ға сондай жолмен жеткен. Екі қол­дан өткен мұндай аудармалар көбіне ұлт­­тық ерек­ше­лік пен бояудан ажырап қала­ды. Әкем­­нің «қазақы иіс» деп меңзеп отыр­ғаны осы», деді.

Бұл оқиғаны еске алып отыруы­мыздың себебі, «Менің атым – Қожаны» аударғанда Ив Готье осы «қазақы иісі аңқыған» нұс­қаны пайдаланыпты.

Сонымен, бастапқыда айтқан не­гізгі сұраққа қайта оралайық! «Менің атым – Қожа» соншама еңбекпен француз тіліне аударылды» дедік. Қазір Францияда ол кітап сатылып жатыр ма? Сатылымда болса, кітаптың құны қанша?

Бұл сұрақтың жауабын ғаламтор бетін шарлап шығып, оңай таптық. Ги де Мопас­сан елінде қазақ әдебиетінің классигі, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Je m’appelle Koja» кітабын «Тransboreal» баспасы 14,90 еуроға бағалап, сатылымға қойыпты. 14,90 еуро дегеніміз қазақ ақшасына шаққанда – 7 868 теңге. Тағы бір қуанышты жаңалық баспа 2024 жылдың қараша айында «Көшпелілер табиғаты» деген сериямен жарық көрген «Менің атым – Қожа» кітабының екінші басылымын шығаруды 2025 жылдың нау­рыз айына жоспарлаған.

Өмірін әдебиетке арнап, бірнеше роман жазып, француз жұртына жазушы ретінде танылған, аудармашы ретінде елуге жуық кітапты француз тілінде сөйлеткен Ив Готьеге, сондай-ақ көркем безендірілген кітаптың суреттерін сал­ған Саб Карико мырзаларға қазақ хал­қы­ның атынан мың алғыс айтқымыз келеді. Әлемдік нарыққа жол тартқан «Je m’appelle Koja»-ның да жолы ашық болғай!