• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
31 Қаңтар, 2015

Құпия құжаттар не дейді?

740 рет
көрсетілді

Өткен жылдың аяғында Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Жанна Қыдыралина Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен әзірленіп, іске асырылып жатқан «Халық тарих толқынында» бағдарламасының шеңберінде Мәскеуге іссапармен барып, Ресейдің құпиялығы 2013 жылы ашылған архивтік қорларымен алғаш рет танысып қайтты. Олардың арасында Мемлекеттік, әлеуметтік-саяси тарих, жаңа кезең тарихы, Федералдық қауіп­сіздік қызметі (ФҚҚ, бұрынғы КГБ) мұ­ражайлары қор­ларының құжаттары бар екен. Солардың ішінде ға­лым КГБ-ның атақты «Жас тұл­пар» ұйымына қатысты ақпараттарымен де танысқан екен. Өзі де 2004 жылдан бері ҰҚК мұрағаттарындағы деректерді зерттеп, осы та­қырыпқа қалам тартып жүр­гендіктен, Жанна Қы­ды­ралина бұл құжаттарға да ерек­ше мән беріпті. Естеріңізге сала кетейік, 60-шы жыл­дардың басында елдің ішінде жібімес тоңдай қатырып тасталған ахуалды жұмсартуды көздеген Хрущевтің «жы­лымығына» сәйкес зиялы қауымның, студенттік ортаның қоғамдық белсенділігі күрт артты емес пе? Осындайда кеңестік ұлттық саясаттың оспадарлығына қарсы болып, наразылығын ешкімге айта алмай, іштерінен қан жылап жүретін қазақтың озық ойлы, Мәскеуде оқитын жастары Мұрат Әуезовтің басшылығымен халықтың арасына шығып, оны рухани тұрғыдан оятуды, ұлттық рухты көтеруді мақсат етіп, 1963 жылы «Жас тұлпар» ұйымын құрған еді ғой. Әрине, олар негізгі мақсаттарын тура айтпай, өздерінің алдына халық арасына шығып, қазақтың әдебиеті мен өнерін насихаттаймыз, қазақ жастарына техникалық білімді, орыс тілін қалай оқып-үйренуді таратамыз деген секілді мұраттарды қоятындарын айтады. Мұндай ұйымнан ешкімге зиян келмесі белгілі, сондықтан оны Қазақстанның Мәскеудегі өкілдігі де қолдайды. Жанна Қыдыралина осы фактілерді айта келіп, орыс жастарының арасында да осыған ұқсас «Отечество» қоғамдық ұйымының құрылғанын еске салады. Оқыған қазақ жастары ондай ұйымды өз істеріне шебер пайдаланып, ресми орындарға барғанда оны өздерінің беттеріне ұстаған екен. 2014 жылы осы ұйымның құрылған­дығына 50 жыл толғандығы аталып өтіп, соған орай Әміржан Әлпейісовтің «Жас тұлпар» дүбірі» атты кітабы да жарық көрген. Онда ұйым жайлы біршама тың деректер бар. Алайда, оларды «тәуелсіздікті аңсаған тұңғыш жастар» деген сияқты артық бағаланған анықтамалар да кетіп қалған. Ол кезде Қазақстан тәуелсіз ел болсын деп ешкім де аңсаған емес, тек сананың тәуелсіздігін ғана ойлады десек, лазым болар. Сталиндік темір құрсаудан кейін Қазақстанның жеке ел болуы, тәуелсіз мемлекет болуы деген ұғымдардың мүлде тұн­шық­ты­рылғаны анық. Жас­тұлпарлықтар да оны айтқан жоқ, олардікі тек ұлт­тық саясаттағы ұлыорыстық озбыр­лыққа қарсы әрекет етіп, рухани дүние­лердің жандануына, тілдің, ділдің ұмытылмауына мұрындық болу еді. Әдебиет, мәдениет, өнер туралы лекциялары мен әңгімелері, қойған концерттік нөмірлері жақсы бағаланып, олар Қазақстан ле­ниншіл коммунистік жас­тар одағынан (ЛКЖО) алғыстар да алып отырған. Алайда, құлағы түрік КГБ олардың айтқан сөздерін, келтірген азат ойлы пікірлерін жіпке тізе берген. Осының әсері ме екен, кім білсін, 1966 жылы Жастар одағының бөлім меңгерушісі Зейнелғабиден Мұхамеджанов жастұлпарлықтарды Алматыға іссапарға шақыру туралы ұсыныс жасағанда сол кездегі билік өкілдері бұл ұсынысты қолдамайды. Алайда, каникул кезінде Алматыға өздері келген жастұлпарлықтар Қазақстандағы ірі оқу орындарында өздерінің ұйымдары секілді орталықтар құруды көздеген. Осы іске көмек көрсетуді сұрап, тағы да сол З.Мұхамеджановқа барады. Бұл азамат Павлодар, Семей, Қарағанды, Шымкент қалалары жастар ұйымдарына өздерінің өкілдерін Алматыға жіберуді талап етеді. Сондай-ақ, Алматының қалалық жастар ұйымына жастұлпарлықтардың жиынын өткізетін орынды табуды тапсырады. Осы істердің бәрін жіпке тізіп отыр­ған КГБ өздерінің анықтамасында Мұха­меджановты қаралап, ол кеңесте болатын «нездоровое настроениені» білді, білсе де соны ЛКЖО ОК хатшыларына айтқан жоқ, деп төндіреді. Әрине, сөйлеуге ерік берілген соң бастарына бұғалық тимеген асау жастар ащы шындықтарды айтып отырған. Алайда, ешқайсысы Кеңес өкіметіне қарсы қарулы күреске шығайық демегені анық. Бірақ тар қалыптағы құрсаулы санамен қарысып қалған КГБ-шылар олардың ойларын еркін білдіргеннің өзін өкіметке қарсы шыққандық, ұлттық қауіпсіздікке қатер деп бағалайды. Бұл азат ойдан тек қана қауіп күтетін тоталитарлық жабық жүйенің ерекше белгісі, әрине. КГБ-шылар жастұлпарлықтардың ізімен жүрген жансыздарының айтуына сүйеніп жазған анықтамасында Жазушылар одағының үйінде жастардың 8-9 ақпанда 40-50 адаммен кездескенін, оған басында ЛКЖО жетекшілері мен белгілі жазушылардың да қатысқанын айтады. Бірақ жастардың ащы шындықтарды ашық айта бастаған сөздерінен бастарын ала қашып, жетекшілер мен жазушылар жиналыстан шығып кетіпті. Олардың кет­кенін кездесудің «не совсем здоровый» сипат алып бара жатқанынан болды деп түсіндіреді жансыз. Осыдан әрі КГБ анықтамасы жастұлпарлықтардың ҚазМУ-дің студенттерімен кездескенін, ал Мәскеуге кетіп бара жатқан жолда қарағандылық студенттермен жүз­дескенін жазады. Яғни, қашан Қа­зақстаннан кет­кен­ше олардың басқан ізі аңдулы болыпты. Әрине, жастұлпарлықтардың істерінен қауіп күтіп жүрсе де КГБ олардың көтер­ген проблемаларын да өкіметке жеткізеді. Соның ішінде олардың «қазақ мәдениетін қолдау төмендеп бара жатыр, ұлттық киім үлгілері мен дәстүрлер ұмытылуда, жастар ана тілін ұқпайды, зиялы қауым қазақ тілінде сөйлемейді, қазақ мектептері жылдан жылға азаюда, қазақ тіліндегі баспа өнімдері, әдебиеттер аз шығуда, алыстағы ауылдарда мәдени-тұрмыстық және медициналық қызмет көрсету сапасы төмен, балалар өлімінің өсімі тым жоғары, республика өкіметі қазақ мәдениетін жандандыруға, ұлттың өрістеуіне жет­кілікті дәрежеде көңіл бөлмейді, тың көтеру Қазақстан дамуын кем дегенде бес жылға артқа жіберді, Қазақстан ЖОО-ларында қазақша оқытпайды» деген секілді сөздері мен пікірлеріне өкіметтің наза­рын аударды. Әрине, өкімет: олары дұрыс екен, дереу шешіп тастайық деген жоқ, бірақ ішінен оның бар екенін, жастардың соларға наразы екенін біліп отырды. Сонымен бірге, КГБ анықтамасында жастұлпарлықтардың қазақ жастары арасында қой бағудың қатты насихатталатынына, жас шопандардың слеті секілді шаралардың қатты жалауланатынына наразылық білдірілгені жеткізіліпті. Мұны жастар «қазақ жастарын қой соңына байлап қою» («чабанизация») деп сынағаны айтылады. КГБ жансыздарының да барлық кеңес жүйесіндегі секілді аз ұлттардың есімдерін жазуға келгенде сауатсыз әрі тиянақсыз бола қалатындарын бұл анық­тама да паш етіпті (Бұл да астам­шылықтың белгісі). Мәселен, ол сол кезде Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында (МГИМО) оқыған Болатхан Тайжановтың да фамилиясын дұрыс жазбай, «Тальжанов (МГИМО)» деп қойыпты. Жансыз оның: «Біздің барлық сөздеріміздің, ойларымыздың, істеріміздің қайнар көзі ұлттық принцип болуы керек», деген пікірін айрықша, астын сызып көрсеткен екен. Мұрат Әуезовтің де мына: «Біз көркемөнер тобы болып қала бермейік. Ұйымымыз өзінің саяси тұғыр­намасын жасауы керек», деген сөздері осы, үрке қараған қатардан орын алыпты. Сондай-ақ, оның ұжымдастыру жыл­дары қазақтың миллионнан ар­тығы, ал 1937 жылы ұлттың бетке шығар қаймақтары тегіс қырылды деген деректері де КГБ-ны қатты шошытқаны байқалады. Өз баяндамасында үндістандық күрескер М.Гандиден келтірген: «Менің үйімнің терезесі барлық желдерге ашық. Бірақ осы желдер дауылға айналып, үйімді құлатпағанын қалаймын», деген сөздері де анықтамада қауіпті пікір ретінде тура жеткізіліпті. Айта кететін жайт, Ж.Қыдыралина дәл осы, «Жас тұлпар» жиын өткізген күндерден кейін Алматы медициналық институтының 100-ден астам студенті өздерін қазақша оқытпағанға наразылық білдіріп, сабаққа шықпай қойғанын айтады. Бұл шешімді студенттер жатақ­ханаларында болған жиналыстарында қабылдапты. Міне, осының өзі ұлттық дүниеге келгенде самарқауланып қал­­ған санаға шоқ түсіргендіктің бел­гісі емес пе? Әрине, КГБ мұны да жас­тұлпарлықтардың істерін айыптауға дерек еткен. «Жас тұлпардың» дүбірі барлық ке­ңестік жүйені солқылдатпаса да үркітіп кеткен. КГБ-ның сол кездегі бастығы В.Семичастныйдың өзі «Қазақ КСР-інің аумағындағы студент жастар мен зиялы қауым арасындағы ұлтшылдықтың көрінісі» деген хатпен КОКП ОК-ні де хабардар етеді. Осының дүмпуімен «Студент жастардың кейбір бөліктері арасындағы қауіпті, саяси сауатсыз ұс­танымдар туралы» деген тақырыппен алдымен Қазақстан жастарының ЛКЖО-да, артынан БЛКЖО-да мәселелері қаралады. Осы кеңесте З.Мұхамеджанов «саяси қырағылық таныта алмадым» деп бар «кінәні» өзінің мойнына алып, басқаларды қатерден қағып қалады. Артынан ол қызметінен босатылады. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан». Суретте: алғашқы жастұлпарлықтар А.Байсалов, М.Әуезов, Қ.Сүлейменов. 1963 ж., Мәскеу қ.