• RUB:
    4.97
  • USD:
    497.26
  • EUR:
    525.21
Басты сайтқа өту
Ғылым Бүгін, 08:52

Заман және тарих тағылымы

50 рет
көрсетілді

Жақында Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан уни­вер­си­те­тін­де «Қозыбаев оқулары – 2024: Қазақстан және уақыт­тың заманауи сын-қатерлері» атты халықаралық конференция өтті.

Жиынның ашылу салтанатында Ғы­лым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің, облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің құттықтауы оқылды. Сондай-ақ аталған жоғары оқу орнында 14 жыл ректор болған Оңдасын Әшімов құттықтауын жеткізді. Ал университеттің қазіргі ректоры Ербол Исақаев А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры Аманжол Күзембайұлына, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Тілеген Садықовқа СҚУ-мен ұзақ жылдар тығыз байланысып, дәріс оқығаны үшін М.Қозыбаев университетінің құрметті профессоры атағын берді. Ал «Академик Манаш Қозыбаев» медалімен Түркиядағы Кастамону университетінің профессоры Орхан Сөйлемес марапатталды. Сонымен қатар М.Қозыбаевқа арналған эссе жазу байқауының жеңім­паздарына диплом табыс етілді.

Конференция барысында баяндама жасаған ғалымдардың бәрі тарихтың бүгінгі қадамына тоқтала отырып, оны академик Манаш Қозыбаев еңбектерімен ұштастырды. Әсіресе айтулы ғалымның тәуелсіздік алу қарсаңындағы жылдарда қазақ қоғамының санасын тарихи деректер мен дәйектерге байытқанын, оның егеменді елдер қатарында өмір сүруге қақы барын ғылыми түрде дәлелдегенін тілге тиек етті. Сондай-ақ бұған ғылымнан терең хабары бар әріптестері мен шәкірттерін тартып, пессимистік пиғылдағы оппоненттерге лайықты соққы бергенін және осының бәрін туған халқына деген сүйіспеншілікпен жеткізгенін баяндады.

«Манаш Қозыбаев сол жылдары қазақ рухының көтерілуіне шексіз үлес қосты. Тарихи қайраткерлеріміздің атын шығаруда, олардың есімдерін елге танытуда да аянған емес. Соның ішінде Абылай хан есімін ұлықтаудың бастамашысы болды. 1991 жылы Көкшетауда Абылай ханның 280 жылдығын бұрын-соңды болмаған көлемде аталуының басында тұрған азаматтардың бірі еді», деді профессор Зарқын Тайшыбай.

Әсіресе Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы, академиктің ұлы Ілияс Қозыбаевтың «Жеке адамдар тари­хындағы жанрлық проблема» атты баян­дамасы қызықты шықты. Оның айтуына қарағанда, қазір жеке адамдардың тарихын тапсырыспен зерттеушілер, ақылы кітап жазатындар көбейіп келеді екен. Ол посткеңестік басқа да республикаларда бар көрінеді. «Бірде Санкт-Петербургтің орталық кітапханасында жеке адамдар өмірін зерттеп, толып отырған жасамыс азаматтарды көріп таңғалдым. Ондай зерттеушілер тапсырыс берушінің көңілінен шығу мақсатында зерттеу нысанының еңбек­терін асыра бағалап жатады. Нағыз тұлға деп біз көсемдігімен, шешендігімен және басқа да қасиетімен өз мүддесін ел мүддесіне ұластырған азаматты айтамыз. Ал жеке қара басының міндетін атқарып, табысқа жеткендер тұлға емес. Біздің тапсырыс алған зерттеушілеріміз кешегі компартияның жеке өз басын табыстарға жеткізген функционерлерін де дәріп­теп, кітап жазып жүр. Сондай-ақ кей­бір табыс­ты тарихшыларымыз шежіре жинаумен әуестенеді. Қағазға түспеген, ауызекі тілде тараған дерегі күмәнді дүниенің ғылыми негізі әлсіз. Жалпы, бәрінің коммерциялануы тарих ғылымның шынайылығына шек қойып отыр. Жанрдың проблемасы дегенде, біз алдымен осыны атауымыз керек», деді ол.

Ресей ҒА Сібір филиа­лы археология және этнография институтының директоры, профессор Андрей Криво­шапкин конференцияға онлайн арқы­лы қатысып, жиынға қаты­су­шыларға ізгі лебізін білдіріп, Қазақстан ға­лымдарымен өзара ынтымақтастық мәселелерін сөз етті.

Белгілі тарихшы, А.Байтұрсынұлы атын­дағы Қостанай өңірлік универ­си­тетінің профессоры Аманжол Күзем­байұлы Манаш Қозыбаевтың қазақ тарихындағы орнын айтқанда, оның А.Солженициннің атышулы елбұзар мақаласына тойтарыс беруді қалай ұйым­­дастырғанын, оны қазақ-орыс тіл­дерінде орталық газеттерге жария­лағанын еске түсірді.

Мәжіліс депутаты, тарих ғылым­дарының докторы Еркін Әбіл «Сол­түстік Қазақстан: тарихи-географиялық аспект» атты баяндамасында Сарыарқа ұғы­мының терең мағынасын ашып берді. Оған еліміздің Солтүстік облыс­тары ғана емес, Батыс Сібірдің Қазақ­стан­мен шектесетін жерлері де жатады екен.

Тағы бір тағылымды баяндаманы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Тілеген Садықов жасады. Ол баяндамасында Манаш Қозыбайұлының тарихи ақтаңдақтарды әйгілеудегі еңбекте­ріне кеңінен тоқталды. Осындай істе ғалымның жеке басының батылдығы, білгірлігі, зерттеушілігі, сезгіш және көрегендік қасиеті ерекше болғанын жеткізді. Ал Түркиядағы Кастамону университетінің профессоры Орхан Сөй­лемес тарихи ақтаңдақтар мен қуғын­­-сүргін ақиқатының әдебиеттегі көрі­нісі туралы баяндады.

Сонымен бірге Орталық мемлекеттік архиві басшысы, доцент Зирабүбі Төленова мен облыстық мемлекеттік архивтің директоры Сәуле Мәлікова архив материалдарының деректеріне сүйенген байыпты баяндама жасады.

 

ПЕТРОПАВЛ