Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары – Қазақстан кандидатурасын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне ілгерілету мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы өкілі Дариға Назарбаева өзінің Германияға сапары аясында Берлинде «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездесу өткізді.
Өзара үнқатысу бейресми түрде өтіп, соның барысында Д.Назарбаева болашақ мамандарды Қазақстандағы жастар саясатының өзекті мәселелері, еңбек нарығы және жас мамандар үшін мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабардар етті. Кездесу кезінде Елбасы дайындаған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының тұрғысынан біздің еліміздің әлеуметтік-экономикалық және рухани түрлену үдерісіндегі болашақ ұрпақтың рөлі ерекше аталды.
Өз кезегінде, «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алушылар Германияның жетекші жоғары оқу орындарында білім алуға берген мүмкіншіліктер үшін мемлекетке өздерінің алғыстарын айтып, алған білімдерін Қазақстанға келген соң кеңінен қолдануға берік ниеттерін білдірді.
Сапардың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары «Хабар» телеарнасына сұхбат беріп, Берлинде неміс тарапымен өткен келіссөздердің нәтижелері туралы әңгімеледі.
«Егемен-ақпарат».
Суретте: Д.Назарбаева Германияда оқитын қазақстандық студенттер ортасында.