• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Өнер 21 Қараша, 2024

Балет өнерінің белесі

71 рет
көрсетілді

Қазақ ұлттық хореография академиясында «Temps lié» III кәсіби хореографиялық оқу орындарының халықаралық фестивалі өтті. Айтулы мәдени оқиға халықаралық аренада балет өнерін дамытуға және ілгерілетуге, сондай-ақ әртүрлі елдердің хореографиялық мектептері арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.

Фестиваль көрнекті балет әр­тістері мен хореографтардың басын қосқан тәжірибе мен шы­ғар­машылық жетістіктерінің алма­су алаңы болды. Салтанатты іс-ша­раның ашылуында Қазақ ұлттық хо­реография академиясының рек­торы Бибігүл Нүсіпжанова, көр­кем­дік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова, ба­лет әр­тісі және Бейжің би акаде­мия­сы­ның балет департаменті­нің дирек­торы Владимир Малахов, ба­лет жұлдызы Диана Вишнева, «Раушан гүлі мен көбелектің романы» балетінің қоюшы хорео­графы Василий Медведев, балет әртісі әрі Борис Эйфман би академиясының көркемдік же­тек­шісі Константин Матвеев, Бей­жің би академиясының вице-пре­зиденті Су Яның қатысуымен өт­кен баспасөз мәслихатында фестиваль ұйымдастырушылары мен қо­нақтары жоғары хореография­лық өнер туралы шабыттандыратын әңгімелерін айтып, би академия­ларын дүниежүзілік деңгейде да­мы­тудың маңыздылығын талқыла­ды. Қонақтардың әрқайсысы әлем­дік контексте хореографиялық өнердің өсуіне ықпал ететін сан алуан мәдениеттер мен білім беру мекемелері арасындағы тәжірибе алмасудың маңыздылығын да баса атап өтті. Ал қойылым режиссер­лері сахна сыртындағы қызықты мәлі­мет, шығармашылық идеялармен, қойылымға деген көзқарастарымен және әр шығарманың ерекше ерекшеліктерімен бөлісті.

Сондай-ақ бұл кеште көрер­мендер Қазақ ұлттық хореография академиясының қайталанбас қойылымы — «Раушан гүлі мен көбелектің романы» балетін тамашалап, саф өнердің сұлулығынан ләззат алды. Би өнерінің аңызы Мариус Петипаның соңғы туындысына негізделіп Рикардо Дригоның музыкасына қойылған хореограф Василий Медведевтің редакциясындағы айтулы жұмыс фестивальдың жаңалығы болды. Тарихына 120 жыл толтырып отырған әйгілі туынды сонысымен де кештің айтулы оқиғасына айналды.

Фестивальдың келесі күні Қазақ ұлттық хореография академиясында әлемдік балет жұлдыздары – Мария театрының прима-балеринасы Диана Вишнева мен атақты балет әртісі әрі хореограф Владимир Малаховтың шебер­лік сыныптары өтті. Әйгілі әртістер­дің шығармашылық тәжірибесіне негізделген тұщымды дәріс студенттерге жоғары би өнеріне терең­нен бойлауға тамаша мүмкіндік берді. Ал халықаралық серіктестердің қатысуымен өткен «Қазіргі білім беру жүйесіндегі хореография­лық мектепті дамыту перспективалары» тақырыбындағы дөңге­лек үстел бүгінгі би өнерінің өзекті мәселелерін талқылады.

Балет өнерін жаңаша белеска көтерген би шеруі «Astana Ballet» сахнасында өткен Гала-кеш­пен қорытындыланды. Сахнаға екі бе­делді хореографиялық мектеп – Борис Эйфман би академиясы­ның және Бейжің би академиясы­ның студенттері шықты. Борис Эйф­ман би академиясы адам болмы­сы­ның мәңгілік тақырыптары – сенім, үміт һәм махаббат туралы баяндайтын «Epiphania» бір актілі балет-спектаклін ұсынса, Бейжің би академиясы көрермендерге «Дивертисмент» бағдарламасын тарту етті. Онда Мариус Пети­па мен Артур Сент-Леонның клас­сикалық туындылары заманауи қойылымдармен біріктіріліп, хореографиялық өнердің әсем­дігі мен жан-жақтылығын шебер жет­кізе білді.

Иә, «Temps lié» фестивалі – бұл тек би мерекесі ғана емес, сонымен қатар тәжірибе алмасу, халықаралық байланыстар орнату әрі жаңа шығармашылық идеялармен шабыттандыруға а­р­налған алаң ретінде де ауқымды жүк арқалады. Қорытынды кеште сахнаға көтерілген Қазақ ұлттық хореография академиясының ­ректоры Бибігүл Нүсіпжанова іс-шараның барлық қатысушы­сы­на ризашылығын жеткізе келе: «Осын­дай ауқымды және маңызды оқиғаның бір бөлігі болу – нағыз мақтаныш» деп сөз түйіндеді.