• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
31 Қаңтар, 2015

Отан үшін от кешкен

514 рет
көрсетілді

боздақтар мен жауынгерлердің ерен ерлігін бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етудің жинақталған тәжірибелері өңірде өз қолдауын тауып келеді Мен сөзімді Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Рес­публикалық ардагерлер кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылған «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер!» атты фестивальдан бастағалы отырмын. Олай болатын реті бар. Өйткені, бұл шара 13 ауданды түгел қамтып, ақтық мәре Погодин атындағы орыс драма театрында жалғасты. Қорытынды байқауға соғыс ардагерлері, еңбек майталмандары, қоғамдық ұйым өкілдері, жас­тар, қала жұртшылығы қаты­сып, Отанды дәріптеу, елді, жерді сүю, үлкенге құрмет, кі­шіге ізет секілді қазақстандық патриотизмнің айшықты үлгілері жан-жақты насихатталды. Бұл байқау, бір жағынан, өнер ұжымдарының шығармашы­лық зор қуатын арттырудың, кәсіби шеберлігін жетілдірудің бір көзі ретінде де есте қалды. Әр шаңыраққа зор қайғы-қасірет әкелген, әкені баладан, баланы анадан айырған қанды қасаптың, қолдарына қару алып, асқан жанқиярлықпен шай­қасқан сарбаздар мен сардар­лардың биік тұлғасын көз алды­мызға елестететін сахналық қойы­лымдар ұсынылып, майдан әнде­рі шырқалды. Гала-концерт те жоғары деңгейде өтті. Облыс әкі­мінің бірінші орынбасары Са­пар­бек Айдаров аймақ басшы­сы Е.Сұлтановтың ыстық ықыласқа толы құттық­тауын жеткізіп, фес­тиваль жеңім­паздарын марапаттады. Осындайда Президент Жолда­уындағы «Отанды сүю – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көз­дің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, табыстау деген сөз. Бар­ша қазақ­стандықтардың жұмы­сының түпкі мәні – осы!» деген ұлағатты сөздері ойға оралады. Иә, Елбасының сүттей ұйыған ауызбірлікке, береке-ынтымаққа жетелейтін сындарлы саясаты арқасында қазақстандықтар ұлтаралық жарасымды сабақ­тастықты жалғастырып, талай биік белестерді бағындырып келеді. Аға ұрпақтың тілегі – ел тыныштығы, баға жетпес бас­ты құндылығымыз Тәуелсіздік тамырының беки түсуіне өз үлестерін қосу. Бүгінде облыс тұрындарының жетіден бір бөлігін зейнеткерлер құраса, 23 мыңдайы – мүгедектер. Әлеуметтік қорғау жүйесіндегі интернат-үйлерде 2 мыңға жетеғабыл жалғызілікті жандар тұрады. Олардың арасында от пен оқтың арасынан аман-есен оралып, бейбіт өмірде ең­бектің тамаша дәстүрлерін қалыптастырған майдангерлер саусақпен санарлықтай. Бар-жоғы 300 ғана. Ең жасы 90-ды алқымдап қалғанын ескерсек, Нұрсұлтан Әбішұлының жаңа жыл қарсаңында еліміздегі барлық соғыс ардагерлеріне өз атынан арнайы сый-сияпат жасап, жергілікті билік орындарына әлеуметтік қолдау көрсетуді күшейту жөніндегі тапсырмалары ардақтыларымызға көр­сетілген мемлекеттік қамқор­лықтың тағылымды өнегесі болып табылары даусыз. Осыған орай облыс әкімі Ерік Сұлтанов бірнеше арда­гердің отбасында болып, Мем­лекет басшысының жүрек­жарды құттықтауын, тарту-таралғыларын жеткізді. Алды­мен 94 жастағы Анна Васяноваға арнайы атбасын бұрып, ілтипат көрсетті. Адам жанын шуаққа бө­лейтін жылы лебіздерді Мұқа­тай Айтбаев, Анатолий Гер­шу­нов, Қуанышбай Байманов, Бронислава Голова секілді 90-нан озған қариялар да үлкен қошеметпен, терең тебіреніспен қабыл алды. Мұндай сияпаттар аудандарда да жалғасып, Елбасының ашық хаты, азық-түлік салынған себет пен гүл шоғы 283 қарияға салтанатты түрде тапсырылды. Былтыр қайырымдылық шараларынан түскен қаражаттан 79 мың зейнеткер 140 миллион теңге көмек алса, суық окоптарда қар жастанып, мұз төсенген аға ұрпақ өкілдеріне, Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосқан тыл еңбеккерлеріне мұндай қаржылық демеу, басқа да қолдау акциялары одан әрі жалғасатын болады. Ұлы Отан соғысы жылдарында облыстың 92 мыңнан астам тұрғыны әскерге алынып, 34 адам еңбек армиясына шақырылған. Соғыстан 45 364 боздақ оралмаған. Яғни, майданға аттанған екеудің біре­уіне топырақ жат жерден бұйыр­ған. 1941 жылдың жазын­да Петропавл қаласында 314-ші атқышдар дивизиясы жасақ­талып, Мәскеу, Сталинград, Курск иіні бағыттарындағы жой­қын жорықтарға, Еуропаны фашизмнен азат етуге атсалысқан. Соғыс өрті шарпыған аумақ­тар­дан 20 зауыт көшіріліп, қорға­ныс кәсіпорындарының кеше­ні топтастырылған. Шаруа­шы­лық­тар Сталинград­тың, Донецк теміржолының, Орел облысының қалпына келтірілуіне мол қаржы аударған. Украинаға мыңдаған бас мал жөнелтілген. Солтүстікқазақстандық­тар­дың жанқиярлық ерлігінің бел­гісі ретінде 53 жерлесіміз Ке­ңес Ода­ғының Батыры атағы­ның,­ 11-і «Даңқ» орденінің толық­­ иегері болған. Бір сөзбен айт­қанда, Қызылжар өңірінің тұрғын­дары да «Бәрі жеңіс үшін, бәрі майдан үшін!» ұранына қызу үн қосып, бар күш-қуаттарын бақайшағына дейін қаруланған жауды өз ұясында талқандауға жұмылдырғанын мақтаныш сезіммен айта аламыз. Олай болса, күн өткен сайын қатары сиреп бара жатқан, дені өздігінен жүре алмайтын халге түскен әр майдангерді жеке қамқорлыққа алып, құрмет көрсетуден айбынымыз аспаса, абыройымыздың кемімесі анық. 2015 жыл ТМД аумағында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жылы ретінде жарияланғаны бел­гілі. Өңір басшысының қатысуы­мен өткен ардагерлер активінде Жеңіс күніне әзірлік барысы талқыланып, бірқатар ұсыныстар оң шешімін тапты. Ал Астана мен Мәскеуде өтетін Жеңіс шеруіне 17 ардагер қатысатын болады. Өткен жылы әр соғыс ардагеріне 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір реттік жәрдемақы берілсе, биыл бұл сома екі есеге ұлғай­ды. Сонымен бірге, ТМД аума­ғында бір рет пойыз, бол­маса ұшақпен тегін жүру мүмкіндігі қарастырылған. Қабылданған іс-шаралар жоспары шеңберінде 24 томдық «Жеңіс жауынгерлері» кітабы дайындалып, соғыстан оралған 30 мыңға жуық жерле­сіміздің аты-жөндері кіргізілді. Облыс орталығындағы «Жеңіс саябағында» арнайы аллеяның іргетасы құйылып, көктемге салым Кеңес Одағының батырлары мен «Даңқ» орденінің толық иегерлерінің есімдері мен ерліктері жазылған айшықты панорама бой көтереді. Тың еңбеккерлеріне де осы үрдісте қошемет көрсетіледі. Мұның бәрін ерлікке тағзымның, елдік­тің белгісінің нақты шаралары ретінде қабылдаған жөн. Қарастырылған шаруалар аясында майдан даласында қаза тапқан жауынгерлердің құрметі­не орнатылған 500-ден астам ескерт­кішті жаңғыртып, қалпына келтіруге, абаттандыруға аудан әкімдіктерінің, жеке кәсіп­кер­лердің қаражат бөліп отырғаны құптарлық. Облыста бірнеше іздес­тіру топтары жұмыс істейді. Олар жыл сайын соғыс ізі сайрап жатқан өңірлерде болып, жер­лестеріміздің сүйегін табуда, аты-жөндерін анықтауда зор жұ­мыстар атқарып жүр. Биыл да бел­гіленген бағдарлама бойын­ша­ Ресей, Украина, Беларусь жер­­­леріне аттануды белгілеп отыр. Кешегі жауынгер, бүгінгі ардагер аға ұрпақтың ерлігі ешқа­шан ескірмейді, ұмытылмайды. Олар­дың өмір, еңбек жолдары әр қазақстандықтың жүре­гін­де мақтаныш сезімін оятып, көп­ұлтты, көпконфессиялы ынты­мақты шаңырағымыздың іргета­сын беріктендіре түсуге қалт­қы­сыз қызмет ете беретін болады. Ескендір ЕЛЕУСІЗОВ, Солтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері. ПЕТРОПАВЛ.