• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2015

Қазақ хандығы – азаттығымыздың алтын бастауы

540 рет
көрсетілді

Қарға тамырлы халқымыздың елдіктің негізін қалап, іргесін бекіткен кезі XV ғасырдың екінші жартысынан бастау алатыны белгілі. Осыған орай, Елбасымыз биыл Қазақ хандығының 550 жылдығын кең көлемде атап өтетінімізді айтты. Бұл – тарихымыздағы ең маңызды даталардың бірі. Сол себепті, биылғы той ұлттың рухын асқақтатып, жігерін жанитын жалпыхалықтық мерекеге айналуы тиіс. Алдағы уақытта Қазақ хандығының құрылған жері Шу мен Талас арасындағы алқапта кең ауқымда арнайы шара өтетіні де белгілі болды. Мұның бәрі тәуелсіздігіміздің іргесін нығайтып, керегесін кеңейтетін игі істер. Ендеше бүгінгі азаттықтың алтын бастауы болған хандықтың құрылу кезеңіне бірге көз жүгіртейік. Қазақ халқы ерте заманнан қоныстанған және билік жүргізген өңірлерден сақтардан, ғұндардан, түріктерден, тағы басқа рулық, ұлыстық елдерден қалған құнды мұралар мен ескерткіштердің табылғаны белгілі. Атап айтсақ, Қазақстаннан, Солтүстік және Батыс Шыңжаң өңірінен, Моңғолияның Орхон, Тамыр, Тұла өзендері аңғарларынан табылып жатқан тарихи жәдігерлер мамандардың қызығушылығын тудырып отыр. Осы ұлан-ғайыр кең даланы халқымыздың шежіресі бойынша қазақтың үш жүзінің құрамын толықтырған, тіпті қазірге дейін байырғы атын өз қалпында сақтаған тайпалар мен ұлыстар мекен еткен. Үйсін, қаңлы, түрік, түркеш, оғыз, қарлұқ, керей, найман, жалайыр, қоңырат, меркіт, уақ сияқты өз заманындағы рулық, ұлыстық атаулар қазірге дейін қазақ рулары арасында сақталып отыр. Олар қоныстанған және өмір сүрген өңірді XIII ғасырдың басында араб, парсы тарихшылары «Дешті Қыпшақ» деп атаған. Ал XV ғасырдан кейінгі тарихшылар мен этнографтардың «Қазақ даласы» деп атағаны тарихта жазулы тұр. XV ғасырда осынау ұлан байтақ даламызда Керей мен Әз-Жәнібек туын тігіп негізін қалаған Қазақ хандығы құрылды. Биыл елдігіміздің іргетасы қаланған сол кезеңге 550 жыл толып отыр. Бұл – ешкім жоққа шығара алмайтын бұлтартпас тарихи дәлел. Қазақ хандығы құрылғанда алдымен үлкен Керей ақ киізге көтеріліп, хан сайланған. Керейдің нақты қай жылы қайтыс болғаны белгісіз. Одан соң Жәнібек хан әмір жүргізеді. Жаңа хандықтың өзіндік құрылымы мен заң жүйесі де осы Жәнібек хан заманында жөнге түскен. Жәнібектің қазақ тарихындағы айрықша тұлға екендігінің тағы бір белгісі – ол халық арасында ақылды әрі әділетті әмірші ретінде белгілі болған. Тарихымызда жай ғана Жәнібек хан деп емес, Әз-Жәнібек хан деп аталуының себебі де сол. Міне, сол кезден бастау алған елдігіміз бірлік пен ынтымақтың арқасында тәуелсіздікпен жалғасын тапты. Бабаларымыз «Ошақтың бұты – үшеу, жағар оты – біреу» деген тәмсілді бекер айтпаған. Осы ұлағатты ұғым бізді береке-бірлікке үндеп, ұрпақтар сабақтастығының тұтастығына шақырады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та әрдайым ұрпақтар сабақтастығына терең мән беріп келеді. Қазақстан Президенті өткен жылғы Ұлытауда берген сұхбатында Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттік дәстүрдің үзілмей жалғасып келгендігін, ғұндардан бастау алған осы үдерістің көк түріктер, Алтын орда арқылы сабақтасып, Қазақ хандығына жеткендігін айтты. Тарихшылардың айтуынша, Қазақ хандығы құрылғанға дейін Ертістен Еділге дейін созылған ұланғайыр далада үлкенді-кішілі саяси құрылымдар мен мемлекеттер өмір сүрген. Мұның бәрі – Қазақ хандығына дейінгі ізашар буын-бунақтар, Қазақ елі деген алып бәйтеректің өзегіне нәр берген түптамырлар, қайнар бастаулар еді. Сол себептен де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқыны» атты кітабында «Қазақ хандығы Орталық Азия аумағындағы алғашқы ұлттық сипаттағы мемлекет болды», – дейді. Расында, ұлы далада Алтын Орда ыдырағаннан кейін көптеген хандықтар, мемлекеттер пайда болды. Бірақ олар өздерінің атауын көбінде билеуші әулеттердің есімімен байланыстырса, Қазақ хандығы отанымыздың негізін қалап отырған ұлағатты ұлтымыздың атымен аталды. Бұл дерек – Қазақ халқының ежелгі заманнан елдік санасы ерте оянып, бірегей дара кескін-келбеті сомдалып, тарих толқынында ұранды ұлысқа, ордалы жұртқа айналғанын, толысып қалыптасқандығын көрсетеді. Қазіргі өркениетті елдер өз мемлекеттілігінің ежелгі тарихын жан-жақты көрсетіп, насихаттау ісін дәстүрге айналдырған. Бұл сол ұлттың мемлекеттігінің тұрақтылығы мен легитимділігін айғақтайды. Сол себепті, бізге де қазақ мемлекеттілігінің терең тамырлы және бай дәстүрлі екендігін көрсетуіміз керек. Елбасымыз биылғы дәстүрлі Жолдауында өркениетке қадам басқан еліміздің төл мәдениетін насихаттауға ерекше назар аударды. Ал ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениетіміз – бай тарихымыздың көрсеткіші. Сол арқылы біз бүгінгі Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен қалыптасқан заман сұранысына лайық жаңа тұрпаттағы мемлекеттігімізді өз дәрежесінде көрсете аламыз. Яғни, бүгінгі Қазақстан Республикасы деп аталатын мемлекетіміз – ХV ғасырда өмірге келген Қазақ хандығының тарихи жалғасы. Кешегі Алаш зиялыларының өз өмірін арнаған асыл армандарының орындалғандығының көрінісі. Руслан Пірназар. Қызылорда қаласы прокурорының аға кеңесшісі.