Мұнайлы өңірде өмірге сәби әкелуді аңсаған ана көп. Биыл оларды қуанту үшін «Аңсаған сәби» бағдарламасымен экстракорпоральды ұрықтандыруға 231 квота бөлінген.
Облыстың бас репродуктологі Гүлнәр Есқайырованың мәліметіне сүйенсек, былтыр аталған бағдарламаға қатысқан аналар 51 сәбиді өмірге әкеліпті. Нәрестелердің арасында 6 егіз болған. Енді 54 ана бала күтіп жүр.
«Елімізде 5 жылға арналған «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Кейінгі екі жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, биыл экстракорпоралды ұрықтандыруға берілетін квота саны екі есе артты», деп хабарлады Г.Есқайырова.
Оның айтуынша, квота алуға ниетті жұп өзі тіркелген емханаға өтініш білдіруі қажет. Кейін бедеулік бойынша диспансерлік бақылауға алынады. Толық медициналық зерттеу жүргізіліп, облыстық перинаталдық орталығының гинеколог-репродуктологтеріне жолдама береді.
Атырау облыстық перинаталдық орталығы жансақтау бөлімінің неонатолог дәрігері Аслан Мұқановтың айтуынша, жыл басынан бері 10 мың 522 сәби өмірге келгені тіркеліп отыр. Оның ішінде шала туған 482 нәресте бар.
«Былтыр 11 мың 326 сәбидің 502-сі мерзімінен бұрын дүниеге келген еді. Ал биыл өмірге 10 мың 522 нәресте дүниеге келді. Оның арасында 482 сәбидің шала туғаны тіркелді. Мерзімінен бұрын туған сәбилердің күтімі ерекше болуы қажет. Қазір перинаталдық орталықтың жансақтау бөлімінде 10-ға жуық сәби жатыр. Шала туған нәрестенің бірінің салмағы өте жеңіл – 690 грамм», дейді А.Мұқанов.
Дәрігердің дерегіне қарағанда, перинаталдық орталықта 25 неонатолог бар. Олар шала туған нәрестелердің денсаулығын ұдайы бақылайды.
«Жалпы, 22 аптада 500 грамм салмақпен дүниеге келген сәбилер шала туған болып есептеледі. Бірақ бұдан аз салмақпен өмірге келетін нәрестелерде кездеседі. Мәселен, он шақты жыл бұрын Атырау облыстық перинаталдық орталығында бір сәби жарты килоға жетпейтін 450 грамм салмақпен өмірге келді. Біз нәрестенің қатарға қосылуы үшін қолдан келген көмегімізді аямадық. Қазір оның жасы 13-те», деп мәлімдеді А.Мұқанов.
Атырау облысы