• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Еңбек Бүгін, 09:55

Түлік төлден өседі

14 рет
көрсетілді

Мал баққанның бейнеті бес батпан. Әйтсе де шалғайдағы шағын ауыл мал сүмесімен күн көріп отыр. Ел ырысын шым-шымдап болса да молайтуға атсалысып жатқандардың үлкен бір шоғыры – осы малсақ қауым.

Күн майтоңғысыз. Биыл жауын-шашын мол болғандықтан ба екен, Ерейменнің етегі қара отқа қақалып тұр. Әне бір жылдары бұл уақытта шөптің буыны қатқандықтан, әбден сарғайып, жапырақтары кеуіп қалатын. Биылғы дала реңі өзгеше. Он сан шөптің бояуы қашпапты, нәрі де мол болар. Жетім тоқ­­тының жабағы жүніндей жал­быраған бұлт адырдың биі­гіне ілініп қалғандай. Етек­тен жоғары өрлеген жал­ғыз­аяқ жол биікке өрлеп барып, Ерейменнің биігінен асып, сіңіп кетеді екен. Бір адырдан соң бір адыр қол бұлғап ал­дыңнан шығатын миқы даланың әдемі әжімі тәрізді бір шоқыдан асқанымызда, қам­шылар жақ беттен бір қора қара мал кездесті. Жақын маңда бақташы көрінбейді. Ұзақ жолдан шаршаған соң ба, аяқ суытып алайық деп ат басын тарттық. Сол-ақ екен, құтты өкпек жолаушыны қас қақпай аңдып тұрған адамша малшының жетіп келгені. Ол да тілдесер адам таппай, іші пысып жүрген біреу болар деп жорамалдадық. Түсі өзге екен.

– Бағар көбейсін, – дедік біз жалғыз атты малшыға.

– Әмин, – деді өткір желден жүзі сәл тотыққан малшы.

Биесауым уақыт тілдес­кені­мізде, Ерейменнің етегін жай­лаған қалың елдің тыныс-тіршілігі, малшы қауымның табысы туралы біршама мәлімет алып қалдық. Рашид Рашидов Ақсуат ауылының тұрғыны екен. Бар ғұмырын төрт түлік мал өсіруге арнапты. Бойындағы бар қажыр-қайратын, күш-қуа­тын мал бағуға сарп еткен. Мынау жалпақ дүниедегі пен­денің пешенесіне жазылған бақыт өмірден өз орнын тауып, қолынан келер іспен айналыс­қаны деп қояды. Әрідегі дана қазақтың өмір туралы пәл­сапасымен орайлас.

– Сиыр сауған шөлдемес, – деді жолсерігім бір ауыз сөздің астына кәтепті қара нарға жүк болатын мағына сыйғызып.

– Ондай сөз әзербайжанда да бар, – деді Рашид Алиаббасоглы, – біздің ел де мал баққан жұрт емес пе?

Одан соң қазақ даласына қалай келгені туралы сыр шерткен. 1979 жылы әскери борышын өтегеннен кейінгі өмір соқпағы Ерейменге әкелген. Әуелі Анар стансасында қоныс­та­ныпты. 1995 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысады. Себеп, төрт түлік малды жанындай жақсы көреді. Бәлкім, сол ниетінен шығар, бейнеті бес батпан шаруаның бар қиындығына екі иінін төсеп жүргендігі. Әрі табиғаттың аясын тәуір көреді. Мал азығын өзі дайындайды. Техниканың көмегінсіз. Айтуына қарағанда, қол шалғының сырылы – ең әуезді дала әуені. Қол тырнауышпен жинаған шөп қандай. Қыстың күні маядан шөп суырғанда пі­шен исі аңқып кетеді.

– Менің ең жақсы көретінім де – осындай бір сәт, – дейді кейіпкеріміз, – қолмен жұмыс істеген кезде жауырының ашылып, бұлшық еттерің беки түседі. Негізі күш-қуатың болса, қара жұмыстан қашпаған абзал, таза әрі денсаулығыңа пайдалы. Сіздің халықта «Шыныққан шымыр болады» дейтін мәтел бар ғой. Осы сөз дәл айтылған. Мен ауылдағы жастарға адал ең­бек­тің абыройы туралы жақ жаппай айтып жүремін. Қазір кейбіреулер жастар жұмыстан қашады деп жатыр ғой. Менің­ше, ел ішінде адал еңбек істеп, абыройлы болуға талпынып жүргендер де аз емес.

Ақсуат селолық округінің әкімі Ерқанат Қыздарбековтің айтуына қарағанда, Рашид Алиаббасоглы – төрт түліктің тілін табумен қатар, табиғатпен тілдесе білетін сезімтал адам. Өзінің жанкешті еңбегінің арқасында жерлестеріне үлгі болып жүрген еңбекқор. Рашидтің балалары Қазақстанда да, Әзер­байжанда да түтін түтет­кен. Өскен, жетілген, өзде­рінің отбасылары бар. Сана­лы ғұмы­рының басым бөлі­гін далада өткізген ақсақал қазір он екі немересі мен үш шөбересінің маңдайынан сүйіп отыр.

– Мен жұмыс істегенді жақ­сы көремін, – дейді Рашид ақ­сақал, – ешқашан жеңіл жұ­мыс іс­теген емеспін. Қайта ауыр жүкті арқалаған са­­йын тұла бойыма шымырлап күш-қуат құйылатын тәрізді. Сол сәтте өзімнің қажыр-қай­ра­­тыма сүйсінемін. Ал тиіп-қашып жұмыс істеу – кері кеткен жалқаудың ісі. Қатар­дан қалмаймын деген адамдар ондай болмауы керек. Тағы бір айта кететін жан сырым, табиғаттың әлдебір құдіретіне іштей сенетінім. Таң атып, күн батқан сайын барлық адамға денсаулық пен күш-қуат тілей­мін. Өмірім­де ешкімнің ала жібін аттаған емеспін. Айт­пақ­шы, осы жұртта ала жіп туралы әдемі ұғым бар. Бағзы заманда қазақтар ешқашан есігіне кілт салмаған екен, босағаға ала жіп байлаған. Жүрегінде иманы бар адам ала жіптен аттап, ішке енбеген. Ғажап тағылым емес пе?

Сайын далада шешіле сөй­ле­ген ақсақал өз жұрты мен алты Алаштың салт-дәстүрін салыс­тыра өрбітіп ұзақ айтты. Әлгі ғибратты әңгімені сай аң­­ғарынан ескен самал жел Ерейменнің етегінен көте­ріп, бар далаға таратып жат­қан­дай. Көңіліме түйіп қал­ғаным, адалдықтың шекарасын күзеткен ала жіп туралы ғибраты. Содан соң кейін­гіге үлгі болар ақадал еңбегі. Бақы­тын іздеп қыр асқан қанша жас­тың іздегені осы емес пе екен?

 

Ақмола облысы,

Ерейментау ауданы