• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Тәрбие Кеше

Ұрпақ тәрбиесі: кім кінәлі?

46 рет
көрсетілді

Заң үстемдік құрған, азаматтық қауіпсіздік басты талап етілген қоғамда жастар құқықтық тұрғыда сауатты болуға тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында да мәлімдеді. Сонымен, қазіргі жастар өз құқын қаншалықты біледі?

Мәселенің мәнін ста­тис­тикалық сандармен сөйлетіп көрелік. Qamqor.gov.kz дере­гіне көз салсақ, биыл 9 айда кәмелетке толмағандар күніне орта есеппен 3-4 қылмыс жасап отырған. Оның 47-сі денсаулыққа ауыр зиян келтірумен аяқта­лған көрінеді. Ал Бас про­ку­ратураның мәліме­тіне сүйен­сек, алғашқы тоғыз айда жасөспірімдер арасын­дағы қылмыс Ұлытауда – 77,8%, Астанада – 54,3%, Павлодарда – 50%, Атырауда – 38,9%, Солтүстік Қазақстанда – 16,7%, Алматыда – 14,6%, Маңғыстауда – 14,3%, Шымкентте 13,6%-ға арта түскен.

Кәмелетке толмағандар арасында, әсіресе ұрлық, тонау, бұзақылық, алаяқтық, денсау­лық­қа қасақана ауыр зиян кел­тіру көбейген. Мұндай теріс әре­кет­тер ұлттық тәлім-тәрбиеге, келе­шегімізге жағымсыз әсерін тигі­зіп отыр. Ал жастар болса, көбіне өз ісінің қайда апарып соға­рынан хабарсыз болады. Бұл құқық жағынан сауаты жоқ дегенді білдіреді.

Таяуда ғана елордада «Есірт­­­­кісіз болашақ» атты дөң­ге­лек үстел өтті. Отырыста есірт­кі қылмысы үшін негізсіз сот­тал­ған жастардың мәселелері тал­қы­ланды. Жиында ата-аналар жастардың білместікпен немесе қысым көріп, есірткі бизнесіне араласып, ұзақ мерзімге сотталып жатқанын айтып, мемлекет пен қоғамнан әділетті талап етті. Олардың айтуынша, есірткі қылмысының нағыз ұйымдастырушылары заңнан тыс қалып, қылмыстық жүйенің ауыртпалығын жасөспірімдер мен жастар көтеріп отыр. Сол іс-шарада бой көрсеткен заңгерлер де қазіргі заңнамада жастарға қатысты әділдікке жету үшін бірқатар өзгеріс енгізу қажет дейді. Яғни бірінші рет қылмыс жасағандарға қатысты гуманистік көзқарас пен кешірім маңызды рөл атқаруға тиіс. Осылайша, жастардың болашағын сақтап, оларға екінші мүмкіндік беру керек деген ұсынысты ортаға тастады. Бұл өз кезегінде жасөспірім­дер мен жастардың заңды дұрыс түсінуіне, оларды қылмыстық әрекеттерден қорғауға бағыт­талған деп түсіндірді.

Ізінше 22 қарашада Мәжі­ліс­тегі «Amanat» фрак­ция­­сының жиынында партия төр­ағасы Ерлан Қошанов алғаш рет қыл­мыс жасаған есірткі ку­рьер­­ле­рі­нің жазасын жеңілдету мүм­­­кін­­дігін қарастыруды ұсын­ды.­

«Бүгінде есірткі қылмысы үшін сотталған 4 мыңнан аса адам­ның 1 300-ге жуығы – есірткі жасы­ру­шылар. Олардың ара­сында жасөспірім балалар, қар­жы қыспағына іліккен жас­­тар көп. Аталғандардың алды 10 жыл­дан көп бас бостандығынан айырылып отыр. Шынында, оларды осы заңсыз іске тартқан есірткі өндірушілер мен «закладчик» жеткізушілердің жазасы пара-пар емес. Сондықтан Мемлекет басшысы айтқандай, олардың әрқайсысын бөлек қарап, жазаларының деңгейін заң жобасының екінші оқылымына дейін қарастыру қажет», деді партия төрағасы.

Бұл ретте ол халық арасында, әсіресе жастар арасында түсіндіру жұмысы айтарлықтай «ақсап» тұрғанын алға тартты.

«Жас азаматтар жеңіл жол­­мен ақша табуды ойлап, тағ­ды­рына балта шабады. Олар есірткі таратқаны, «закладка» жасырғаны үшін 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылу қаупі бар екенін білмей, бас бостандығынан айыру орындарына түседі. Өткен апта басында «Закладка» деректі фильмі жарыққа шықты. Оны осы уақыт аралығында миллиондаған адам тамашалады. Мұндай фильм­дер мектептерде, колледждерде, уни­­верситеттерде көрсеті­ліп, есірткінің қаупін ескерту керек. «Мектептен үнемдегендер түрме тұрғызады» деп бекер ай­тылмаған. Бүтіндей бір ұр­пақ­тың шыңырауға құлауына жол беруге болмайды», деді Е.Қошанов.

Ендігі көкейді тескен мына бір сауалдар: Жастар қылмысқа неліктен барады, бұлай заңбұзу­шылыққа ерте араласуға қандай факторлар себеп? Сұраққа жауап та сан қилы. Билік мін­бе­ріндегілер отбасындағы тәр­биені, өскен ортасын сөз етсе, білім ошағындағылар жанұядағы әлеуметтік ахуалды алға тартады. Ал ата-аналар болса, құ­қық­тық мәдениет қоғамда қажет деңгейде насихатталып отырған жоқ дегенге саяды. Негізі бұл мәселеде нақты себебін тап басып айту мүмкін емес. Бірақ мына факторларды есепке алу керек сыңайлы. Бірінші­ден, ел­дегі экономикалық жағ­дай. Яғни ­жұ­­мыссыздық пен кедейлік тұр­мыстан қажып жүрген азаматтар­ды қылмысқа итермелеуі мүм­кін. Екін­шіден, білім сапасы­ның тө­мендеуі. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нар­­тай Сәрсенғалиев білім ұйым­да­рында «Құқық не­гіз­дері» атты пәннің сапасына қа­тыс­ты сын көп екенін жеткізген еді. Оның бағдарламасын қайта жа­сап, балалар өмірде бетпе-бет ке­летін жайттар мен өмір­ден алын­ған нақты кейстерге сү­йеніп оқытуды ұсынып, сауал жолдаған-ды. Үшіншіден, әлеуметтік орта. Отбасыда зор­лық-зомбылық көрген, қандай да бір психологиялық қысым­ға ұшы­­раған жасөспірімдер қоғамға бе­йім­деле алмай жатады. Тіпті кей­­бірі агрессияға жиі бой алдыра­ды. Эмоциясын сыртқа шығара ал­май­тындар өзін керексіз сезі­ніп, қажып, ақыр аяғы суицидке ба­ра­ды.

Қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның «Заң – мемлекеттің тоғыз қабат тор көзді сауыты» дегеніндей, тәуелсіз елдің әр азаматы құқықтық тұрғыда сауатты болуға ұмтылуы қажет. Алайда жоғарыда аталған себеп­тер­ді байқап қарасақ, бәрі бір-бірі­мен тығыз байланысты. Көптеген ел мәселенің шешімін табуда әлеуметтік зерттеулерге иек артады. Бізге де осындай сарап­та­ма­лық құжаттар керек-ақ.