Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілерінің құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуі мәселелерін талқылады. Комиссия отырысына Парламент депутаттары, омбудсмендер, мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, білім беру саласы өкілдері мен заңгерлер қатысты.
Сөз тізгінін заң ғылымдарының докторы, профессор Игорь Рогов ұстады. Алдымен Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов офицерлер мен сарбаздардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша министрліктің атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндама жасады. Министр Қарулы күштердің мықтылығы әскери қызметкерлердің әлеуметтік қамтамасыз етілу деңгейіне тікелей байланысты екенін, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш министрлік – қорғаныс, ішкі істер, төтенше жағдайлар, сондай-ақ Қаржы мониторингі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Мемлекеттік фельдъегер қызметі еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көшетінін атап өтті.
Сондай-ақ оның айтуынша, еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі 2025-2026 жылдар аралығында екі кезеңде жүзеге асады. Бірінші кезеңде 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап офицерлердің жалақысын 20,3 пайызға, келісімшарт бойынша әскери қызметте жүрген мамандардың еңбекақысын 33,9 пайызға арттыру көзделген. Екінші кезеңде 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап офицерлердің жалақысы 23 пайызға, әскери қызметкерлердің жалақысы 10 пайызға көтеріледі. Бұған қоса министрлік бұрынғы жеңілдіктерді қалпына келтіру, коммуналдық қызметтердің 50% көлемін өтеу, қоғамдық көлікте тегін жүру, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің жылына бір рет теміржол көлігімен демалыста тегін жүруіне жағдай жасау сияқты мәселелерді шешпек.
Парламент Мәжілісінің депутаты Сейітжан Кенжеғұл мемлекет әскерилердің экономикалық әлеуетіне, отбасылық жағдайына, денсаулығына, т.б қажеттілігін қамтамасыз ету керектігіне тоқтала келіп, бізде патриотизмді насихаттайтын әскери фильмдер, роликтер, газет-журналдар жоқтың қасы екенін айтты.
«Мен бұл мәселеге қатысты депутаттық сауал да жолдадым. Мәселен, әскерилердің өмірі туралы 3-4 жыл ішінде екі-үш фильм ғана түсіргенбіз. Бұл өте аз», деді депутат.
Әскери қызметке баруға деген ынтаны арттырудың бір жолы – оның зейнетақыға шыққаннан кейінгі жағдайын жасау. Бұл туралы Қорғаныс министрі кеңірек тоқталып, әскери қызметке 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін жұмысқа алынып, 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін әскери қызметтен шығарылған тұлғалардың зейнетақысын индекстеу мәселесі де күн тәртібінде тұрғанын жеткізді.
«Зейнетақымен қамсыздандыру құқығы келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін қызметтен босатылған және зейнетақымен қамтамасыз ету үшін жеткілікті еңбек өтілі бар адамдарға беріледі. 2016 жылдың 1 қаңтарында әскери қызметтен босатылған бұрынғы әскери қызметшілерге базалық зейнетақы төленеді», деді Р.Жақсылықов.
Министрдің айтуынша, Қарулы күштерде қызмет етіп жүрген сарбаздардың басты проблемаларының бірі несие мәселесі екен.
«Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен «Мемлекеттік несие бюросы» АҚ мәліметінше, бүгінгі таңда 14 018 әскери қызметшінің 39 008 несиесі бар. Яғни Отанын қорғап жүрген әскерилердің екінші деңгейлі банктерге берешегі 6 млрд теңгеге жуықтаған. Сонымен қатар қорғаныс саласының басшысы 10 078 әскеридің 15 395 несиесі бойынша уақтылы төлемдер жасалмағанын, осының салдарынан сарбаздар банктерге 3,7 млрд қарыз болып қалғанын да айтты.
«Бұдан былай біржылдық мерзімге әскерге алынған сарбаздар 14 айға несие төлемдерінен босатылады. Қысқарта айтқанда, жас сарбаз 12 ай борышын өтеп, тағы екі ай жұмысқа орналасқанша банктегі қарызы өспейді», деді Р.Жақсылықов.
Іс-шара аясында Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия әскерге шақырылатын азаматтарды алдын ала бір айлық курстан өткізу қажеттігі туралы ұсыныс тастады.
«Әскерилердің құқығын қорғау, сарбаздар арасындағы әлімжеттік мәселелерін шешу үшін әскерге шақырылатын азаматтарды алдын ала бір айлық курстан өткізген дұрыс. Мәселен, биыл 40 мың жас әскерге шақырылған. Яғни 40 мың отбасы отан алдында борышын өтеуге кеткен балаларының аман-есен үйіне оралуын уайымдайды. Сондықтан да сарбаздардың құқығының сақталуына бәріміз жауаптымыз», деді Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Тастемір Әбішев.
Осы орайда әскердегі достық қарым-қатынасты нығайту үшін «Пирамида», «Серіктес», «Жауынгерлік дос» жобалары әзірленіп, сәтті жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар әскерге шақырылушылар мен ата-аналар арасындағы сөйлесу үшін телефон байланысы қарастырылған.
Министрдің айтуынша, гарнизондардың әскери полициясының гауптвахталарында биыл 197 әскери қамалған, былтыр осы кезеңде олардың саны 126 болған. 2024 жылы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдіктің Үйлестіру кеңесінің мүшелері гарнизондық гауптвахталарда тексеру жасады. Тексеру нәтижелері бойынша ешқандай заң бұзушылық, азаптау фактілері немесе басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынастар мен жазалар тіркелген жоқ.
Сондай-ақ министр қазір әскери ортада оқыс оқиғалар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында әскери бөлімдер мен мекемелерде 15 063 бейнекамера орнатылғанын, бұл ретте әскерге шақырылушылар орналасқан казармаға ерекше назар аударылатынын, сарбаздар аналар комитетімен және басқа да қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыс жасауға мүмкіндіктері бар екенін де мәлімдеді.
Адам құқықтары жөніндегі комиссия жиынында Қарулы күштер саласында қызмет ететін қыз-келіншектер жайы да талқыға түсті. Министр Қарулы күштерде қызмет етіп жүрген қыз-келіншектердің арасында парашютпен 3 мың метр биіктен секіретін батыр қыздарымыздың да бар екенін айтты. Р.Жақсылықов қазір Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери мекемелерде 7 мыңға жуық қыз-келіншектер қызмет етіп жатқанын, олардың 11-і лауазымды қызмет атқаратынын атап өтті.