Малайзия мен Таиландтың оңтүстігінде муссондық жаңбырдан туындаған қатты су тасқыны 30-дан астам адамның өмірін қиды. Сондай-ақ ондаған мың тұрғын үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Екі ел де толассыз жауған жаңбырға байланысты баспаналар мен эвакуация жоспарларын әзірлеп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz Associated Press агенттігіне сілтеме жасап.
Малайзия премьер-министрі Анвар Ибрагим өткен аптада елдің шығыс жағалауында болған бес күндік жаңбыр соңғы алты айдағы жауын-шашынға тең болғанын және солтүстік-шығыстағы Келантан мен көрші Теренггану штаты шығынға ұшырағанын айтты.
Шенеуніктердің айтуынша, су тасқыны күріш алқаптарының үлкен бөлігін басып, фермерлерге миллиондаған доллар шығын әкелген. Сондай-ақ нөсер Келантан мен Малайзияның басқа бөліктерінде жолдарды, үйлерді және қоғамдық инфрақұрылымды зақымдаған.
Премьер-министр бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіруге шамамен 1 миллиард ринггит (224 миллион доллар) қажет екенін мәлімдеді.
Табиғи апаттарды басқару ұлттық орталығының мәліметінше, жеті штаттан 85 000-ға жуық адам эвакуациядан кейін мектептерде, қоғамдық орталықтар мен көмек көрсету орталықтарында қалған.
Су тасқыны салдарынан Малайзияда кем дегенде алты адам қаза тапты, ал Таиландтың оңтүстігінде қаза тапқандар саны одан да көп екені хабарланды.
Толастаған судан 300 мыңнан астам үй шаруашылығы мен мектептер, медициналық мекемелер зардап шеккен.