• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Желтоқсан, 2024

Екі ел шекарасындағы ерекше аймақ

34 рет
көрсетілді

Жетісу өңірі шекарасының ­бір бөлігі Қытаймен шекте­се­ді. Бүгінде екі ел арасын­да­ғы сауда-саттықтың алтын көпіріне айналған облыстың экономикалық қуа­ты артып келеді. Алдағы уақыт­та қос тарап туризм саласына ден қоюды ойластырып отыр. Осы мақсат­та Жетісу мен ҚХР Шың­жаң-Ұйғыр автономиялық ­ауданы арасында «Қорғас» трансшекаралық туристік аймағын бірлесіп құру жөнінде меморандум жасалды.

Жетісу жері Қытаймен шектесіп жатқандықтан, логистикалық һәм экономикалық қарым-қатынас шең­бері ұлғая беретіні түсінікті. Бұл –  елі­мізге ерекше тиімді қадам. Сол себепті Жетісу облысы мен Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы арасында бауырластық орнату туралы келісімнің аясында «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы ха­лықаралық орталығының (ШЫХО) Қытай жағындағы бөлігінде «Қорғас» ШЫХО қызметін үйлестіру тетігі­нің өңірлік деңгейдегі бірінші отырысы өтті. Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, жиын аясында екі тарап «Қорғас» трансшекаралық турис­тік аймағын бірлесіп құру жөнінде келісімге келді.

Айта кетейік, Жетісу облысы мен Қытай Халық Республикасы­ның Шыңжаң-Ұйғыр автономия­лық ауданы арасында осыдан бір жыл бұрын «Қорғас» шекара маңы ынты­мақтастығы халықаралық орта­­­лығының қызметін үйлестіру тетігін құру жөніндегі құжат қа­был­дан­ған болатын. Аталған тетігінің бірінші рет өткізіліп отырған өңірлік деңгейдегі алғашқы отыры­сына екі елдің аталған өңірлерінің ресми делегациялары қатысты. Басқосу­да екі жақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Бұл ретте облыстық өкіл­дер Қытайдан ТМД елдеріне, Еуропа мен Азияға шығатын ма­ңыз­ды бағыттардың қиылысында ор­на­ласқан экономикалық өсудің екі нүк­тесінің бірі Қорғас бағытын дамыту мәселесіне ерекше назар аудар­ды. Соның ішінде «Нұр жолы» өткізу бекетінің, «Қорғас-Шығыс қақ­пасы» арнайы экономикалық айма­ғының, «Қорғас» ШЫХО-ның ма­ңызы зор. «Қорғас-Шығыс қақ­­­пасы» арнайы экономикалық айма­­ғында «KTZE-Khorgos «KTZE-Khorgos Gateway» құрғақ порты жобасы жүзеге асырылып, қазіргі таң­да Қытай инвесторларының қатысуы­мен индустриялық парктің құ­рылысы жоспарланып жатыр. Соны­мен қатар арнайы экономикалық аймақ аумағында құны 250 млрд тең­гені құрайтын жүк және жолаушылар әуежайының құрылысы жөніндегі Қазақстан – Германия бірлескен ­жобасын іске асыру көзделген.

Сол сияқты «Нұр жолы» өткізу бекетінде инфрақұрылымдық және өткізу қабілетін арттыру жұмыс­тары белсенді жүргізіліп жатыр. Электронды кезек жүйесі енгізіліп, жұмыс тәулік бойғы режімге көшті, нәтижесінде өткізу қабілеті екі есеге артып, күніне 800-ден 1 600 көлікке дейін ұлғайды. «Қорғас» ШЫХО-да жүктерді қабылдау бекеттері мен рентгендік тексеру автоматтандырылды, қабылдау бекеттерінің саны 6-дан 9-ға ұлғайтылып, жүк легі 40%-ға артты. Соның нәтижесінде бұрын орталыққа күніне орта есеппен 2 500 адам келсе, бүгінде келушілер саны 6-8 мыңнан асады.

Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатовтың айтуынша, орталықтың инфрақұрылы­­мын жақсарту кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Мәселен, квартал­ішілік жолдарды, кәріздік сорғы стансасының бірінші кезеңін күр­делі жөндеуге жобалық-сметалық құ­жаттама әзірленіп жатыр. Сонымен қатар газ құбырын салу жұмыстары басталып кетті.

Сондай-ақ Қазақстан – Қытай ара­­сын­дағы экономикалық байла­ныс­тарды жетілдіру жайын айта келе, жетісулық тарап сауда рәсім­дерін жеңілдету мақсатында ынты­мақтастық орталығында бірлесіп зертхана салу, шекаралық аймақта заң­дылықтың сақталуына бірлесіп жұмылу, «Қорғас» ШЫХО жұмысына қатысты екі жақты ақпарат алмасу сияқты мәселелерді көтерді.

Осыған қатысты қытайлық тараптан Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданының Халық үкіметінің төрағасы Эркин Тунияз ұсыныстарды бірлесіп қарауға дайын екендіктерін айтты. Сол сияқты Қытай делегациясы өкілдері еліміздегі «Қорғас» ШЫХО-да инфрақұрылым құрылыстарына, трансшекаралық электрондық ком­­мерцияны, бизнестің басқа да фор­­маттарының аясын кеңейтуге қол­­дау көрсету, ынтымақтастық орта­­­лы­ғының аумағында екінші өткел ашуға ықпал ету, сол сияқты шекаралық аймақта туристік ынты­мақтастықты дамыту туралы ұсыныс білдірді.

Сондай-ақ жиын соңында екі мем­лекет басшыларының бірлескен бастамаларының лайықты іске асырылуына бар күш-жігерлерін салатынын айтқан қос тарап бұл кездесу екі жақты сауда-экономикалық, мәдени-туристік, ғылыми-техникалық, сол сияқты ауыл шаруашылығы бағы­тындағы байланыстарды тереңдете түсетініне сенім білдірді.

«Қорғас» шекара маңы ынты­мақтастығы халықаралық орта­лы­­ғы­ның қызметін үйлестіру тетігі­нің өңірлік деңгейдегі бірінші оты­ры­сының қорытындысында тарап­тар «Қор­ғас» трансшекаралық турис­тік айма­ғын бірлесіп құру жөнін­­де» мем­о­рандумға қол қой­ды. Соның негізінде тараптар ынты­мақтас­тық аймағы аумағында турис­тік жобаларды ілгерілетуде ынты­мақтасуға, әрбір тараптың туристік бағыттар­ды әзірлеудегі міндеттерін айқын­дауға, сондай-ақ туристерді тарту­ға бағытталған көрме, туристік фес­тиваль, форум сияқты іс-шаралар ұйымдастыруға ниетті.

Жиыннан соң жетісулық ресми делегация ынтымақтастық орта­­лығындағы Автокөлік көрме орта­лығына барды. Бұл орталықта Қытай­дан шығатын автокөліктер мен оған қажетті түрлі бөлшектер сауда­ла­нады. Қытайлық тарап мұн­дай көлік­терге қызмет көрсететін сер­вис­тік ор­талықты қажет жағдайда Жетісу облысынан ашуға болатынын жеткізді.

Бұдан әрі ауыл шаруашылығы өнімдерін инспекциялайтын каран­тиндік зертхананың салынып жат­қан құрылысы көрсетілді. Белгілі болғандай, бұл нысан екі ел арасында ортақ техникалық стандарттың жұмыс істеуіне, яғни отандық аграр­лық өнімдердің тексеруден өткізіліп, экспортталуына жол ашпақ. «Бір өнім – бір сертификат» қағидаты негізінде бұл зертхананың сертификаты екі елге де жарамды болады. Нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ ынтымақтастық орта­лығы аумағындағы екінші өткел салынатын орын белгіленген. Қытайлық тарап құрылысын жүргізетін бұл өткел екі елдің сауда айналымының ұлғаюына оң ықпалын тигізетін болады.

Жалпы, «Қорғас» ШЫХО-дағы инфрақұрылымды жақсартудың нәтижесінде орталыққа тартылған инвестициялардың жалпы көлемі еліміздің бөлігінде 2023 жылмен салыстырғанда 87%-ға ұлғайып, 256 млрд теңгені құрады. Инвесторлар саны 19-дан 31-ге өсіп, іске асырылатын жобалар саны 26-дан 41-ге дейін жетті. Қазіргі уақытта жалпы құны 13,3 млрд теңге болатын, 150 жұмыс орнын құрған 6 жоба толық пайдалануға берілді. Сонымен бірге жыл соңына дейін алаңы 8 мың шаршы метр, құны 3 млрд теңге болатын сауда орталығын ашу жоспарланып отыр. Оған қоса 2027 жылға дейін құны 240 млрд теңге болатын тағы 34 жобаны іске асыру межеленген, соның нәтижесінде 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.

Еске салсақ, өткен жылдың сәуі­рінен биылғы қарашаға дейін «Қорғас» ШЫХО-ға 2,4 млн адам кел­ді, 36,7 мың тонна жүк тасымалданды, 217,4 млн теңге сомаға кедендік төлемдер төленді.

 

Жетісу облысы